Өткеннің тарихы сыр шертеді
Қоғалыкөл ауылдық клубында «Қышқала – тарихтан сыр шертетін мұра» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Туған өлкенің бай тарихын, рухани мұрасын және тарихи тұлғаларын насихаттауға арналған тағылымды жобаның маңыздылығы зор. Іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері, өлкетанушы Жәнібек Маханбет, мүсінші Жәркен Исмағұлов, ҚР Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы және «Ел тарихы – ерлерімен еңселі» кітабының авторы Рахима Алдашқызы қатысты.Тағылымы мол іс-шарада сөз алған қонақтар Қышқала қалашығының тарихы, Құлболды ишанның өнегелі өмір жолы және Бәлтік мешітінің рухани құндылығы жөнінде сөз қозғады.
– Сырдария ауданы аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғау және оларды келер ұрпаққа аманат ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Атап айтқанда, аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді құжаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, қазіргі таңда аяқталу кезеңіне жақын. Бұл жұмыс тарихи нысандардың ғылыми және құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды мемлекет қорғауына алу ісін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын сақтау, қалпына келтіру және ғылыми реставрациялау бойынша 2026-2029 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы бекітілді. Және осы маңызды құжат аясында Сырдария ауданында да нақты жұмыстар қолға алынуда. Жол картасының негізгі мақсаты – өңірдегі тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, олардың тарихи келбетін қалпына келтіру, ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарын күшейту және мәдени мұра нысандарын кеңінен насихаттау болып табылады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі №79 бұйрығымен бекітілген «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидаларына» сәйкес аудан аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау тақталарына зерделеу жасалуда. Нәтижесінде, қорғау тақтайшалары орнатылмаған немесе уақыт өте келе бүлініп, жарамсыз күйге түскен бірнеше ескерткіш анықталып, оларды жаңарту бойынша тиісті іс-шара қолға алынбақ. Ағымдағы жылы аудан көлеміндегі бірқатар тарихи нысанға жаңа қорғау тақтайшасын дайындау және орнату жоспарланып отыр. Тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстарымен қатар, оны халық арасында кеңінен насихаттау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта ауданда «Ауыл жады – ұлт қазынасы» атты тарихи-танымдық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында Сырдария ауданы аумағында орналасқан тарихи және мәдени мұра нысандарын дәріптеуге арналған арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, бірнеше елді мекенде түрлі кездесу, танымдық кеш, дөңгелек үстел, көрме мен тағылымды іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл бастама туған өлкенің тарихын тереңірек танып-білуге, жастардың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға және ұлттық құндылыққа деген құрметін арттыруға бағытталған. Іс-шара барысында тарихи мұраны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы маңызды жауапкершілік екені ерекше атап өтілді. Өңірдің бай тарихы мен мәдени құндылықтарын дәріптеу бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, Сырдария жерінің тарихи келбетін танытуға және ұлттық мұраны ұлықтауға қызмет ете бермек, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев.
Бұл ретте еңбек ардагері Исламбек Аширов өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында мектепте қызмет атқарып жүрген кезінде сол кездегі мектеп директоры мен Алматы қаласынан келген ғалым-зерттеушілермен бірге Қышқала қалашығына барған сәтін еске алып, құнды деректермен бөлісті. Ал ауыл ақсақалы Жаммалладин Жанахметов Құлболды ишан туралы өзі көріп-білген және ел аузынан естіген қызықты оқиғаларды баяндап, жиналған көпшілікке тағылымды әңгіме айтты. Өз кезегінде №44 орта мектептің 9-сынып оқушысы Аяулым Балғабай «Қышқала қалашығы» тақырыбында баяндама жасап, тарихи ескерткіштің маңызын жас ұрпақтың көзқарасымен таныстырды. Құлболды ишан туралы бейнеролик көрсетіліп, «Ескерткіштер – ел мұрасы» атты аудандық байқаудың бас жүлде иегері Айзат Сламбекова Құлболды ишан туралы бейнекөріністі көпшілік назарына ұсынды.
Қышқала қалашығы – Қызылорда облысы аумағындағы ортағасырлық тарихи-археологиялық ескерткіштердің бірі. Ол Қоғалыкөл ауылынан шамамен 2-3 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Ғалымдардың зерттеуінше, қала XIII–XV ғасырларда өмір сүрген ірі сауда және қолөнер орталығы болған. Қалашықтың «Қышқала» деп аталуына оның күйдірілген қыш кірпіштен салынуы себеп болған. Тарихи деректерде бұл қала Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент және Қызқала атауларымен де белгілі. Кейбір зерттеушілер Қышқаланы ортағасырлық Баршынкент қаласының орны деп есептейді. Қалашықты алғаш рет 1946 жылы С.Толстов жетекшілік еткен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. Алтын Орда дәуірінде Қышқала Сыр өңіріндегі маңызды сауда-саттық және мәдени орталықтардың бірі болған. Мұнда қолөнершілер мен саудагерлер мекендеп, қала арқылы халықаралық керуен жолдары өткен. Монғол шапқыншылығы кезеңінде де Қышқала аймақтағы ең ірі сауда орталықтарының бірі ретінде қарастырылған.
Қышқала туралы халық арасында сақталған аңыздардың бірі оны қазақтың әйгілі эпостық кейіпкерлері Алпамыс батыр мен оның сүйген жары Гүлбаршынмен байланыстырады. Аңыз бойынша, бұл мекен ежелде Баршынның ордасы болғандықтан, қала Баршынкент деп аталған. Халық жадында бұл жер Алпамыс пен Гүлбаршынның адал махаббатының куәсі болған қасиетті мекен ретінде сақталған. Кейбір әңгімелерде қаланың «Қызқала» аталуын да осы аңызбен байланыстырады.
Кеш барысында кеңінен сөз болған тарихи тұлғалардың бірі – Құлболды ишан. Ол Қожа Ахмет Яссауи негізін қалаған сопылық ілімнің Тұран өңіріндегі көрнекті өкілдерінің бірі саналады. Қажы Мәді Қожаның үлкен ұлы Қожаның бесінші ұрпағы болған Құлболды жас кезінде Ысмайыл Әздүр молдадан арабша сауат ашып, кейін Бұхарадағы әйгілі «Мір Араб» және «Көкілташ» медреселерінде білім алған. Одан кейін Сыр бойындағы Айтқожа, Марал ишандармен бірге Ауғанстандағы ислам шейхтарынан дәріс алып, діни білімін жетілдірген. Медреседегі оқуын тәмамдағаннан кейін Құлболды ишан қазіргі Сырдария ауданы аумағында халыққа ислам дінін насихаттап, елдің сауаттылығын арттыруға, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан. Емшілікпен айналысып, түрлі дертке шипа тауып бергені туралы деректер де сақталған. Ел арасында оның дұғасының қабыл болатыны жөнінде көптеген аңыздар тараған. Соның бірі – қуаңшылық жылдары орын алған оқиға. Жаңбыр жаумай, жер құрғап, халық қиындыққа тап болған кезде жұрт Құлболды ишанға келіп көмек сұрайды. Ишан ауыл-ауылдан арқан жинатып, дұға оқығаннан кейін оны аспанға қарай лақтырады. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, арқан аспанға көтеріліп, көп ұзамай көкті қара бұлт торлап, нөсер жаңбыр жауған. Нәтижесінде жер бусанып, халықтың еңсесі көтерілген. Бұл оқиға Құлболды ишанның ел арасындағы беделін бұрынғыдан да арттыра түскен.
Айта кетейік, жоғарыда келтірілген мәліметтердің басым бөлігін кеш қонақтары егжей-тегжейлі баяндап берді. Өткен мен бүгінді саралаған жиында ауыл тарихының құндылығы мен рухани мұрасының маңызы кеңінен насихатталды. Ауыл өнерпаздары ән шырқап, жиналған көпшілікке шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










