Ахаж-дың алғашқы қызметкері
Өткен ғасырдың 60-70-жылдары дүниеге келген ұрпақтың төлқұжаты – «метірке» өмірге келген адамның басты құжаты саналатын. Бұл құжатты сол жылдары АХАЖ бөлімінің басшысы Әсия Масилова беретін. Сондықтан ол кісіні танымайтын адам кемде-кем еді. Қазір де жауапты саланы ұзақ басқарған еңбек ардагерінің атқарған қызметін ел-жұрт жоғары бағалайды.Біздің де «метіркемізді» Әсия апай өз қолымен жазған. Сиясы сол күйі сақталған құжат әдемі етіп ерекше жазылған екен. Анық әрі көркем жазылған жазу – Әсия Масилованың қолтаңбасы. Осы қолтаңба иесі бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, бақуатты қалпымен әлі күні ауданның қоғамдық өміріне атсалысып келетіні қуантады.
Байырғы маманның айтуынша адамның дүниеге келген күннен бастап, дүниеден өткенге дейінгі өмірімен байланысты жағдайды тіркеп отыратын АХАЖ-дың 100 жылдан астам тарихы бар. АХАЖ органы алғаш 1921 жылы Қаз КСР кеңес халықтары комитетінің декреті негізінде азаматтардың хал актілерін жазу органы ретінде құрылған. Ауданда осы қызметті іске асырған алғашқы қызметкердің бірі – Әсия Масилова.
Дүниеге 1946 жылы Тереңөзекте келген Әсия Нұрылдәқызы – отбасының тұңғышы. Ата-анасының мәпелеп өсірген қызы өзінен кейінгі інісі Серікбай мен сіңлісі Әсимаға қамқор болып бой жетеді. Оқуда озат, мектепті Күміс медальмен бітірген қазақтың алғыр қызы бір сыныпта елімізге танымал ақын-жазушылар Қайырбек Асанов, Келдібай Уайсов, Асқар Кіребаев, Серік Әлімбетовпен бірге оқығанын мақтанышпен айтады.
– Аудандағы №35 мектепте бізге көбіне ер мұғалімдер сабақ берді. Арасында бір-екі әйел мұғалімдер болды. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Зерхан Сақтағанова, тарихшы Қасымхан Смайлов, орыс тілінің мұғалімі Осахан Мақтымқұлов, химия пәнінен Мырқайдар Мәмбетов, физикадан Нұрділдә Әбдірасилов, математикадан Берікбол Ермаханов, географиядан Кәдір Бердәлиев, директорымыз Әділбек Маханбетов мықты педагогтер еді. Арасында география сабағынан Дәнеш Мамытбаева сабақ беретін. Әлі есімде Дәнеш апайымыз бізге «Әлем картасын біліңдер, қай мемлекет қай жерде орналасқанын, олардың астанасын біліңдер, сонда сендер мықты боласыңдар» дейтін. Мұғалімдердің сабағына бар ынта-ықыласымызбен қатысатынбыз. Тіл маманының ұмытылмас сабақтарын әлі күнге еске аламын. Зерхан апайымыздың арқасында қазақ әдебиетін сүйіп оқыдық. Арамыздан ақын-жазушылардың көптеп шығуы осы ұстазымыздың арқасы деп ойлаймын. Мектепте жақсы оқуға тырыстық. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, комсомол комитетінің жетекшісі болдым. Қазір ойласам мектепте алған білімімнің арқасында маған жауапты қызмет сеніп тапсырылған екен, – дейді өткен күндерді еске алған Әсия Нұрылдәқызы.
Белсенді жас мектеп қабырғасынан үздік білім алған соң, жүрек қалауымен Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түседі. Институттың екінші курсында тұрмысқа шығып, әрі қарай оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Жиырма жасында ауданның бірінші басшысы Қ.Қазантаевтың қабылдауында болып, секретарь-машинисткаға үміткер 3 қыздың арасынан өзінің сауаттылығымен ерекшеленіп, қызметке қабылданады. Атқарған жұмысына тиянақты, құжат толтыруда қате жібермейтіндігімен ерекшеленіп, жазуы мақтаулы маман 3 жыл бойы аудандық партия комитетінде тәжірибе жинайды. 1968 жылы Қ.Қазантаевтың бұйрығымен аудандық АХАЖ бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Осы салада табан аудармастан 17 жыл қызмет атқарған жылдары туралы Әсия Масилова:
– Аудандық АХАЖ бөлімі құжаттарды тіркеумен айналысады. Ол кезде барлығы қолмен жазылатын. Құжатты сауатты, әрі әдемі етіп жазуға дағдыландым. Қате жазылса, ол құжатта өмір бойы өшпестей таңба болып қалады. Сондықтан жауапкершілікпен атқару, уақытпен санаспау міндетін мінсіз атқару керек. Адам тағдыры құжатқа байланысты, – деді.
Қызметте жүріп Талдықорғанда заңгерлік оқу оқып, өз қызметін жауапкершілікпен ұзақ жыл бойы атқарған Ә.Масилова 24 жасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ал 50 жасында «Еңбек ардагері» медалін алды. «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалі ауданның дамуына қосқан зор үлесі үшін берілген марапат деп біледі қарт маман.
Адал еңбегінің зейнетіне шыққан Әсия апай бір зейнетақыға қарап, қол қусырып отыруды жаны қаламады. Узтоп елді-мекенінен жеке қожалық ашып, мал ұстап, бала-шағасының қамын жасады. Өмірлік серігі Төлен Әлиевпен бірге 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір де еңбектен қол үзгенді жаны қаламайды. Рүстем, Жәнібек, Дәурен, Алмадан өрбіген ұрпаққа бас-көз болып, бақытқа кенелуде. Әсия апай күнделікті дағдысымен аудан өмірінен, жақсы жаңалығынан хабардар болып отыруды жөн көреді. Аудандық газеттің тұрақты оқырманы. Жазылу науқанынан қалыс қалған емес. Кент ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары, ардагерлер ұйымының алқа мүшесі.
– Бұрыннан қалыптасқан әдетіммен ең алдымен аудандық газетті оқимын. Газеттің келетін уақытын күтіп отырамын. Сәл кешіксе, дереу редакцияға хабарласып, мән-жайды білемін. Ауданның айнасы – қатталып жатқан тарих. Жақсы жаңалықтар мен елдегі жағдайдан хабардар етіп отырады. Қолым қалт етсе, аудандық кітапханаға барамын. Іс-шараларға шақырады. Немерелерімді де кітап оқуға үйретімін. Ақылдың кені – кітапта. 7 немерем мен 5 шөберемнің қызығына тоймай жүрген жайым бар, – дейді өмірде де, қоғамдық қызметте де белсенді Әсия апа.
Үнемі қозғалыста жүретін Әсия апаның қимылы шалт, өмір сүру дағдысын саламатты өмірге, дұрыс тамақтануға бағыттаған. Жасы үлкейген сайын адамға қажетті қозғалыс пен дұрыс тамақ екенін жақсы біледі және осындай салтқа дағдыланған. Жаяу жүруді әдетке айналдырып, ауырмаудың жолын іздейді.
Жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алып, ата-ана жолын жалғаған Әсия Масилова адал еңбек етіп, халықтан алғыс алды. Өзінен кейінгі жылдарда Зинахан Әбілдаева, Алтын Есболғанова, Жұлдызай Дүзімбетова, Салтанат Бекжүнісованың қызметіне қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңесін беруде аянып қалмады. Сала ардагері ретінде әріптестері де құрмет көрсетіп, төрден орын береді.
Өнегелі өмір сүріп, АХАЖ саласының ардагері атанып, үлкендіктің жолында келе жатқан Әсия апайға ұзақ өмір тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ










