Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№45 газет

16 маусым 2026 ж.

№44 газет

13 маусым 2026 ж.

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Қалжан ахун мешітінің сырлары

Қалжан ахун мешітінің сырлары

Қалжан ахун мешітінің құрылысы 1902 жылы өзінің басшылығымен бастап, 1921 жылы толық аяқталыпты. Елде Кеңес өкметі орнауына байланысты мешіт «Ақжол» мектеп-интернаты (детдом) үйі болып, кейіннен жеті жылдық мектеп болады. Осылайша, мешіт халыққа 26 жылдай қызмет етеді.

Кейіннен белсенділер мешітті кол­хоз­дың астық қоймасы, қой қорасы секілді шаруашылық нысанына айналдырады. Соңынан ол қараусыз қалып, есік-терезе, тіпті, төбесіне сал­ған өрлік ағаштарына дейін қолды болды. Сонымен әбден азып-тозған, қараусыз қалған мешіт әлі осылай тұра берсе, құлап, жойылар ма еді, кім білсін?..

Еліміз тәуелсіздік алып, оңымыз бен солымызға қарап, жоғымызды іздей бастаған жылдары Қалжан ахунның тарихи-мәдени мұрасын қал­пына келтіруге ауыл ақсақалдары Тыным, Орынтай Маханбетов атсалысып, осы үлкен істі атқаруға басшылық еткен Ишанхан Нұртазаевтың еңбегі ерекше болыпты. Әсіресе, Ишанхан ақсақал алдымен мешіт шырақшысын тауып, одан әрі мешітті қорғауға алу үшін жоғары тұрған мекемелердің есігін қағып, аудан, облыс әкімдеріне дейін жеткізуші болыпты. Осындай тынымсыз еңбегінің нәтижесі болар, ұзақ жыл Іңкәрдария ауылында жемісті жұмыс жасап, туған ауылына көшіп келіп жатқан Төлеубай Тілеубергенов ақсақалды шырақшылыққа көндіріп, оның өзгелерден діни сауатының жоғары екенін байқап, ауыл имамы жұмысын қоса атқаруына сенім білдіріпті.

Төлеубай Тілеубергенов 1941 жылы осы ауылда дүниеге келген. 1957 жылы «Чапаев» атындағы жеті­жылдық мектепті бітіріп, 1961-1964 жылдары әскери борышын өтеп келіп, 1966 жылдан ата кәсіп қой шаруашылығымен айналысып, еңбекте өзін көрсете біледі. Сол жылы атақты Кіребай қажының немересі Несібелі Мұхамедиярқызы екеуі шаңырақ көтеріп, бүгінгі күні 10 бала өсірген берекелі шаңырақ иесі. Шаруашылықтағы еңбегі жоғары баға­ланып, ол «Еңбек даңқы» ордені­мен, ҚазССР-дің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Осындай еліне адал азаматқа ауылдастары сенім білдіреді.

Халық даналығы «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Төлеубай ата мешітіне адал қызмет атқара білген жан. Ол «Алғашқы келгенімде мешітті толық аралап, оның мүшкіл халін көріп, түңіліп кеттім. Ахун жатқан сағанаға кіріп, дұға оқып, алдыңғы беттегі бастырма астына барып, тізе бүгіп, ой үстінде отырғанымда, көзім ілініп кетіпті» деп кесенеге бірінші келген кезін есіне алады.

– Түсімде дін абызы астында ақбоз ат, басында шошақ бөріктің жиегін ақ орамалмен көмкере ораған. Әппақ шоқша сақалы, оң қолында қамшы, сол қолында ат тізгіні, атын сыдырта шауып, шығысқа қарай бет алып барады екен. Содан оянып кеттім. Әулиенің түсімдегі аянын жақсыға жорып, Несібелі екеуміз қызметімізді атқарып жүре бердік. – 1999 жылы Жалағаштан ата ұрпағымыз деп екі жігіт келді, – деп өткен күнді еске алады Төкең.

– Әңгімелесе келе, маған берілген аян бұл жігіттерге де беріліпті. Сонымен осында келіп, ата мешітін жағалап, қолдан келгенінше жөндеу жұмыстарын қолға алатын болып кетті. Көп кешікпей жандарында біршама жастарды ертіп, жөндеу жұмыс­тарын бастады. Олар Манас, Марал Нұрмағанбетов, Қайрат, Марат, Шамсия, Ғабит, Серік Қойшығараев, Рита есімді жастар еді. Олар терезе жақтауларына дейін жеткен қой қиын ойып, төбедегі өрлік ағаш үстіндегі қамыс, топан, топырақты бөлме ортасына түсіріп, үйінді болып қалғандарын сыртқа тасып, ортадағы алаңқайды тазартып, ішкі, сыртқы қабырғалардың түскен сылақтарын сылап, ретке келтірді. Әрі қарай артқы бөліктің сыртқы қабырғасын бірнеше метрі құлап қалған жерге кесекті шырақшы үйінен әкеліп, оны да толық өріп, сылап, бітіріп береді. Ауылдағы ағайындары да қолдан келген көмектерін беріп, олардың ас-ауқатынан жәрдемдеседі. Осылайша мешіттің алғашқы жөндеу жұмысы басталған болатын. Осы жұмыстар жүріп жатқанда Ишанхан Нұртазаев ақсақал Жалағаш, Тереңөзек ауданының әкімдеріне барып, мешіт құрылысына көпшіліктің атсалысуына мүмкіндік жасауын сұрауы­ның нәтижесінде 2000 жылы бұрынғы Жалағаш ауданының әкімі Қ.Баймаханов өзі тікелей басшылық етіп, мешіт алдын жолға дейін аршып, тазартқызады. Жалағаш ауданының әкімі Қ.Баймахановтың, Тереңөзек ауда­нының әкімі А.Божанованың ықпа­лымен 2000-2001 жылдары об­лыстық мәдениет басқармасы тарапынан 400 мың теңге бөлініп, мешітке қақпа, үш терезе, есік орнатылады және мешітке кіреберіс жолға Қалжан ахун тақтасы орналастырылып, айналасы толық қоршалып, мешітке барар жол салынады.

Жалағаш ауданы Ақсу ауылының сол кездегі басшысы Б.Маншарипов, Қалжан ахун шаруашылығының бас­шысы А.Құлбаев, ауыл әкімі М.Омаров, Сәкен Сейфуллин, Оспан Мәлібаев, Шаған, Ақжарма ауылдарынан арнайы бригадалар жасақталып, техникаларымен келіп, үлкен көмек көрсетеді.

ҚР бұрынғы Президенті Н.Ә.Назар­баевтың 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қалжан ахун мешітін жөндеп, қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 2007 жылы 19 миллион теңге, 2008 жылы 20 миллион теңге қаржы бөлі­ніп бұл жұмыстарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қаз­рес­таврация» құрылыс мекемесі жүр­гізіп, барлық 32 бөлмені алғашқы қалпына келтіреді.

Қызылорда қаласындағы ас-құ­дайы­да дастархан басында бір кейуана әңгіме арасында әкесі Наурызбай Қалжан ахун мешітін салған шебер екенін айтады. Кезінде Қалжан ахунға бала да болыпты. Осы теміржол вокзалы құрылысында тас қалаушы шебер болып жүргенде, Қалжан ахунмен жақсы сыйластықта болып, ахун ұсынысымен көмекке келген екен. Мешіттің жол жақ бетінде кезінде осы құрылыс үшін қыш зауыты жұмыс істепті. Әкесімен бірге рулас Таңатар (руы «Телеу») екеуі мешіттің алдыңғы бөлігін 6 ай ішінде өріп шығыпты.

Кейуана өзі Қызылорда қаласы Бірқұлақов (Степная) көшесі №32 үйде тұратын Күлпан Наурызбайқызы екен. Бұл әңгімені менімен бірге марқұм Алмат Пірімбетов те естіген еді дейді Төлеубай ақсақал.

Қалжан ахун сағасының батыс бетіндегі арқашқа орналасқан ұзындығы 13 метр, ені 10 метр, төрт бөлмелі. Жоғарғы жағы құлаған үй қаңқасын көріп жүрген боларсыздар. Бұл үй шырақшының айтуы бойын­ша Қалжан ахунның тұрған үйі екен. Осы үйдің алдынан оңтүстікке қарай ұзындығы 70 метр, ені 50 метр қам кесектен өріліп, орындалған дуал қабырға орны байқалады. Өзі қаздырған арықтан бастау алатын шағын арықпен осы дуалмен қоршалған қораға бау-бақша үшін аяқсу келген. Қораның сыртқы батыс жағымен жүрген арық бойына кіші хауыз, яғни өзінің отбасы үшін, төменірек үлкен хауыз арқылы көп­шілік үшін су келіп тұрған дейді.

1936 жылдары ахун мешітінің артқы жағы, бүгінгі қорым тұрған жерге жер аударылып келген корей ұлтының өкілдері түзу көше бойы­на үй салып, бірнеше жыл бойы қоныстаныпты. Ал 1940 жылдары мешіт маңындағы «Аманкелді» колхозына Қармақшыдан «Алтын» руы­нан бірнеше отбасы көшіп келіп, қоныс­танады. Осы көшіп келгендердің ішінде Қыстаубай ақсақал шашылып жат­қан бірнеше кітап парақшаларын жинап алыпты. Сірә, өзі оқи білгенге ұқсайды. Сандық түбіне жақсылап сақтап, ұрпақтарына жақсы күйде жеткізіпті. Бұл парақшаларды Қыс­таубай келіні Сәнімкүл музей қорына өткізген еді. Мазмұнын оқи алмай, Қызылордада тұратын немересі Хасонатулла мырзаға оқытқанымызда, мазмұны поэзиялық көркем әдебиет екен.

Киелі Қалжан ахунның 2012 жылы 150 жылдық мерейтойы облыс­тық дәрежеде аталып өтіп, оның кесенесі жаңғыртылып, айналасы абат­тандырылып, дін абызына құр­мет көрсетілді. Қазіргі кезеңде де бұл жұмыстар лайықты жалғасып келеді. Бүгінде Қалжан ахун мешіт медресесі республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатары­на жатады. Қалжан ахун бабамыз осы жерде қоныстанған уақытында дарияның сағасынан арық қаздырып, үйінің айналасын бау-бақшаға айнал­дырған. Есігінің алдына шығыс үлгісімен хауыз салдырып, айналасы гүл жайқалып, құстар сайрап жататын керемет орын болған екен. Қ.Бөлекбайұлы «Көкілташ» мед­ресесінде он жыл білім алған. Ол негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шыққан. «Көкілташта» оқып жүргенінде Сыр өңірінен келіп дәріс алып жүрген Ораз ахун Бекетайұлымен жақын дос болады. Қалжан ахунның білімдарлығын танып білген Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы Сыр еліне алып келеді. Діни қайраткердің дүниетанымы мен өскен ортасы өз дәуірінің тарихи, рухани және саяси қырлары арқылы танылды. Ол өзін ислам философиясы мен мұсылман әлемін тұтас сезініп, келешегін осы негізде қайта құруды мақсат етті. Және де соған сай нақыл мен ақылды қатар ұстаған ойшыл бола білді.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
16 маусым 2026 ж. 46 0