Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 85 газет

08 қараша 2025 ж.

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Туыс – атадан, көрші – Алладан

Туыс – атадан, көрші – Алладан

«Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп қазақ атамыз бекерден бекер айт­пағанын өзімнің өткен өмір жолымнан біліп, көрдім десем, артық айтпаған болармын. Көршілер туралы жазу көптен бері ойымды мазалап жүрген. Әңгімемді оқыған бауырларым пайдасы болса керегін тоқып алар, болмаса көршісі туралы біраз оқиғаларды есіне түсірері анық, өйткені көршісіз үй болмайтыны белгілі. Қазақта «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» дейді. Бала кезі­мізден ата-әжеміздің тәрбиесінде болып, көрші­лермен қалай қатысудың жөн-жобасын көрген­діктен, қоныс жаңартқан сайын көршілермен тату-тәтті өмір сүруге тырысып келеміз. Сол көршілер туралы ойға түскен бір-екі әңгіме.

1981 жылдың жазында үйлен­генімізге он күн болмай жатып келіншегім Гүлбахарам екеумізді жолдамамен Нағи ауылына жас маман есебінде қызметке жіберді. Мен – гидротехник, ол – фармацевт. Әскерден келгеніме де екі-үш ай ғана болған. Ол кезде жас мамандарға үкімет бірден үй беретін. Алғашқы көршім қырықтарға таяп қалған керейт руынан Дәурен деген шопыр кісі болып шықты. Біз көшіп барғанда ол кісі «Целинаға» яғни, солтүстік өңірлердегі егін жинау науқанына іссапарлап кетіпті. Отанасы Бақыт апа үй тіршілігіндегі көпбалалы ана екен. Бір күні жұмыстан келсем, кірпіштен соққан біздің үйдің сарайының бір бұрышы құлап жатыр. Бұған не болған деп ашу шақырып ойланғанша, жап-жаңа ЗИЛмен келген көршім «Інім, ренжіме, жаңа машинаның буы­мен байқамай тиіп кетті» деп, мені қапсыра құшақтап тұрды. Осылай танысқан Дәукеңмен он бір жылдай бір-бірімізбен көңіл суыспай, қатар қонған екі көрші туыстай болдық. Ағаның абыр-сабыр, көп нәрсені елей бермейтін аңғал қазақи мінезіне тез бойымыз үйренді.

«Ауылда тұрып, мал асыра­масаң болмайды» деп, саудаласып жүріп «Шіркейлі» каналының басын­дағы малшы ауылдан арзан­ға бір бұзаулы сиыр алып берді. Сол сиырдың тұқымы жақсы болып, беріге дейін ұрпағын пайда­лан­дық. Бірде сол сиыр туайын деп тұр­ғанда жоғалып кетті. Содан сиырдан үмітімді үзіп жүргенде, көршіміз Советтің малға зерек Мушка деген баласы «аға, сіздің сиыр­ды ойнап жүргенде пәленшенің қорасында бұзаулап тұрғанын көрдім» деп келді. Ана ауылға белгілі, бай кісінің қорасындағы тұр­ған сиырымды сыртынан танып қуанып кеттім. Сиырымды сұрап барсам, «өзімдікі» деп, қайта мені кінәлап, айқайлап үйінен қуып шықты. Осы оқиғаны естіген Дәукең дереу мені машинасына мінгізіп алып, ауылдың арғы шетіндегі сиыр тұрған үйге тура тартты. Сиырды таныған көкем үйдің егелерінің қызметіне де, байлығына да қара­­май айқайға басты. «Ауылға қаршадай бала көшіп келе қойып еді, үкіметтің дүниесін жегендерің аздай, енді бұның жалғыз сиырына көздерің түсті ме?» дегенде, ана кісілердің ауыздарына құм құйылды. Бұйырған малды екеулеп үйге айдап қайттық. Құранда «Көршің үшін намазыңды бұз» деген сөз осы Дәурен ағаның тір­лігіне арналғандай. Ол заманда көршілердің үйінің арасы қазіргідей қамал таспен қор­шалмайтын. Болса екі үйдің арасында қисайып шекараны білдіретін үкіметтің дайындаған шар­бағы жататын. Бірде Дәукең түнде сиырдың сасыған тезе­гінің иісінен оянады. Әрі-бері дөң­бекшіп, жаман иістен шыдай алмай светті жақса, жеңгемізбен екеуі­нің ортасында көпәйкісімен бір сары адам көсіліп жатқан көрінеді. «Ой.. әкеңнің..» деп, әлгіні теуіп-теуіп оятса, ауылдың іргесіндегі коровникте малдың боқтығын тазалайтын жұмысшы орыс екен. Есік ашық болған соң жылы жер іздеп шатасып кіріп кеткен ғой. Ол кезде көпбалалы үйдің есіктерінде ілмешек, құлып дегендер атымен болмайтын. Қара домалақ балалар қатар-қатар жатып, ортақ көрпелерге таласа тартысып ұйықтап, таңды аттыратын. Түнімен далаға бірі кіріп, бірі шыққан балалардың ата-анасы қайсыбірін бақыласын. Үйде адам болмаса есікке легенді тіреп, қыдырып жүре беретін кез еді.

Бірде «Көрші қолайлы болса, қора кең» дегендей, ауламыз солдатқа толып кетті. Сөйтсем трас­сада ауылдың тұсында әскер тиеген бір машина бұзылып жатыр екен. Зерновой ЗИЛмен келе жатқан Дәурен аға «Менің де балам осылардай әскерде жүр ғой» деп, бір рота солдатты командирлерімен қоса машина­­сына тиеп үйіне әкеліп, мал сойып қонақ қылғанын көргенбіз. Кішкене балаларымызды тастайтын жер болмай, күнде бесігімен арқалап үй жағалап осы көршілердің арқасында өсірдік. Қазір ойланып таңғалам, не деген азаматтық?! Көрші көршіден тәлім алады дейді. Сол кездегі 22 жастағы жас отбасына көрсеткен ағалық қамқорлығын, көршіні қорғап, үлкен кішіге қарамай әрқашан әрқайсысының орнын бағалап жүру керектігін сол кездегі көрші­лерім Зейнел аға, Айша апа, Ұмытшақ әже, Шеңгелбай әке, Қибаш, Совет ағалар, Салиха апаларды есіме сақтап, әлі де солардың тіршіліктерінен үйреніп жүрмін. Жақында Нағи ауылында қоғамдық жұмыстармен жиналыс­та болғанмын. Мына суретте мені танып халықтың арасынан суырылып шығып сәлем берген Дәурен Әбдіраманов ағамның сол кездегі кішкентай қыздары Айнұр мен Дидар екен. Дәурен аға мен Бақыт апа ертеректеу қайтыс болып кетті. Балалары ер жетіп, үйлі-баранды болып, еліміздің түкпір-түкпіріне қоныс теуіп еңбек етуде. Қара шаңырақта үйдің кенжесі Қылышбек тұрып жатыр. «Туыс – атадан, көрші – Алладан» деп бекер айтпаған екен.

1992 жылы қызмет бабымен басқа ауылға көшкенде Гүлекең дәрі­хана меңгерушісі, мен бас инженер-гидротехник болып қызмет атқардық. Қоныс тепкен жерлерде көршілерім өте жақсы адамдар болды. Қазір аудан орталығында тұрамыз. Біз де үлкейдік. Сол кісілерден алған өнеге, көрген-берген тәрбиелерін үнемі сағы­ныш­пен еске алып отырамыз. Қазақ «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп бекер айтпаған ғой, жарықтық.

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден
08 қараша 2025 ж. 27 0