Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше болып тойлады

Көше болып тойлады

Жаңадан қабылданған Нау­рызнама онкүндігі негізінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде, жаңа форматта тойлануда. Биыл қазақ халқы үшін Әз-Наурыз мерекесі айлардың Сұлтаны Рамазан айының тұспа-тұс келуімен де ерекшеленеді. Қабат келген қос қуанышты жылдағы дәстүрмен ынтымағы жарасқан Ж.Құттыбаев көшесі де атап өтті.

Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның. Көрші ақысы – Тәңір ақысы тағы бар. Бірлігі бекем, тірлігі көркем көршілер бір-бірінің қуаныш-тойына атсалысып, ұдайы байланыстарын үзген емес. Бүгінде аталған көше тұрғындарының бірлігі көпке үлгі болып келеді. 16 шаңырақ атсалысқан Әз-Наурыз мерекесінде Жанар Серікбаева жастарға жеті дәмнен тұратын наурыз көженің жасалу жолын үйретіп, бірге дайын­дады. Сонымен қатар жастар жағы үйлерінен тіл үйірер тәттілерін пісіріп, ақ дастарқан кеңінен жайы­лып, тоқшылық мерекесі тойланды.

Дәстүр сабақтастығын жаңғыртып жас­тар жағы үйге келген үлкен кісілермен қауышып, ізет көрсетіп, ілтипат білдірді. Келген қонақты Құдайындай сыйлайтын қазақ халқының қонақжайлылығын өсіп келе жатқан жас буынға осы мереке ұғындырғандай. Сонымен қатар Мария Кохова және де байырғы көршілер сыйлы қонақ ретінде шақырылды. Мерекелік дастарқанда көшенің үлкендері, орман шаруашылығы саласының ардагері Рыстай Андабаев, медицина саласының майталманы Шынтас Зетов, сауда-саттық саласында еңбегі сіңген ардагер, ардақты ана Әлия Төлеуова бата-тілегін аямаса, орта буын мен жастар жағы тойдың думанды өтуіне атсалысты. Бірлігі жарасқан көршілер «Мерейлі отбасы», «Қазақы отбасы», «Заманауи отбасы», «Жарасымды жұп», «Супер келін» номинациялары бойын­ша марапатталды. Ас ішіліп болған соң көнекөз қарияларымыз наурыз батасын беріп, ақтың көп болуын, елдің амандығы мен ағайын-туыстың тыныштығын тіледі. Ақ жаулықты аналардың иығына орамал жабылды. Тойдан тобықтай деп, Әз-Наурыз мерекесіне келе алмаған тұрғындарға сар­қыт үлестірілді. Бірлігі жарасқан көршілер жиын-тойдан көңілді тарқасты.

Ынтымағы жарасқан Құттыбаев көшесінің тұрғындары жылдағы жүйелі жалғасқан дәстүрді келесі жылы да ұйымдастыруға ниетті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін көше болып тойлау ауданымыз бойынша жылдан-жылға қарқын алып, қолдаушылар қатары да көбейіп келеді. Ұлттық дәстүрімізді насихаттап, жаңару мен жаңғыру мерекесін көппен бірге атап өтудің маңызы мен тәрбиелік мәні зор.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
30 наурыз 2024 ж. 221 0