Көрші ақысы – Тәңір ақысы
«Көшпес бұрын көршіңді сайла» деген қазақта тәмсіл бар. Ата қоныстың мәңгі тұрағы қара шаңырақпен іргелес ағайыннан жақын құдайы көршің тұрады.
Жылдар бойы қазаны оттан түспеген көршілер бірге қауымдасып, қауқаласып ғұмыр кешеді. Бір-бірінің ала жібін аттамаған олардың тектілігінде қазақылықтың исі аңқиды. Бүгінде әрбір көшенің бойында қоныс тепкен көршілердің қарым-қатынасы сан алуан бағытта өрбіп жатыр. Шын мәнінде көпшілік көршісімен тығыз қарым-қатынас орнатып, алтыннан қымбат қадір-қасиетті арттырғаны абзал.
Ежелден қазақ халқында жаңа үйге көшіп, іргелес қонған отбасына бұрыннан келе жатқан көршілерге ерулік беретін болған. Халықтық жоралғаның жарқын үлгісін қалыптастырған бұл үрдістің мақсаты шын ниет танытып, өздеріне көршісін жақындастыруды көздейді. Ерулік беру жоралғысында қысқы соғымның сүбелі мүшелері табаққа салынады. Немесе қой сойылып, сыбағасы беріледі. Осы сәтте татулықтың байыбына бара білген көршілер қиын-қыстау күндері береке көзі бірлікте екенін көрсетеді. Қым-қуыт шақта тіршілігін қатар атқарған олардың ас-ауқаты бір үйден дайындалып, дастарханы ешқашан жиылмайды. Бабадан қалған ізгі амалдың жаңғыруы көршілердің ырысын кеңейтіп, тонның ішкі бауындай жақындастырады.
Әйткенмен қолында барын бөлісіп, жоқшылықта болысқан көршілер кейбір жағдайда келеңсіздік кесірінен келіспей жатады. Сай-саланы сел бұзғандай арадағы байланыс күрт үзіліп, бір-бірін көрместей болатыны тағы бар. Ақиқатына үңілместендауға ұласқан арадағы түсініспеушілік жылдар бойы жалғасады. Елдің тұтастығы – іргесі сөгілмеген көрші-қолаңның қауымдасуынан құралады. «Ескі көшеде ежелгі көршілер тұрады»дегендей, қай кезде де болмасын көршіннің жақындығын сын-қатерде жаныңнан табылғанда сезінетіндігін рас.
«Заманы бірдің амалы бір» демекші, қазіргі таңда көршілердің бір-бірін танымай араласпауын көпшілік күйбең тірліктің көптігімен байланыстырады. Үйіңмен іргелес немесе пәтерде көрші тұра өзара байланыс орнатпау қазақ халқы үшін жат әдет. Бұл ретте шариғатта туысқан әрі мұсылман көрші, туысқан, бірақ мұсылман емес көрші, туысқан емес, бөгде мұсылман көрші, мұсылман емес көрші деп бөленетіндігін айта кеткен жөн. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қазақ халқы қоңсылықты ерекше қадір тұтқан. Яғни, туыс болып келетін көршінің үш ақысы болады. Олар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы, көрші ақысы. Ал туысқан бірақ мұсылман емес көршіден туыстық және көрші ақысы сұралады. Туысқан емес, бөгде мұсылман көрші ақысына мұсылмандық бауыр, көрші ақысы кіреді. Мейлі тілі, діні, ділі басқа болса да көршілердің көрер қызығы мен қиындығы қатар болуында үлкен мән-мағына жатыр. Мұндайда етене жақын араласып, ырысын ортайтпаған олардың қайсы бірін алсақ та,көршілерді Құдай ғана қосатындығын дәлелдейді.
Тай-құлындай тебіскен балалары бірге ер жеткенде тағылымды жолды жалғастырады. Жылдар бойы қалыптасқан сабақтастық орнап, көршілер пейілінің ақтығынан бір сәтте араздаспайды. Қайта абысын-ажынның арасында татулық сақталып, көршінің қосыны кеңейеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ