Көпке үлгілі көршілер
Дана халқымызда «Көршіні Құдай қосады» деген нақыл бар. Иә, көршің жақсы болса тынысың тарылмайтыны анық. Барыңды асырады, жоқ-жітігіңді жамайды. Ағайынмен қатар жүріп, мерейді өсіретін де көршілер екені белгілі. Содан да болар, «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның» деп бекер айтылмаса керек-ті.
Бір көше бойында тұратын көршілердің тату болуы ырыс, құт-берекенің артуына себепші. Кез келген істе, қуаныш-қайғыда бір-бірінің жүгін көтерісіп, қуанышымен бөлісу көше тұрғындарының мерейін асырмақ. Міне, сондай ауызбірлігі жарасқан көше тұрғындарының қатарында кенттегі Т.Қозыбаев тұйығы көшесінің тұрғындары бар.
Көше бойында 30 үй бар. Осы үйлерде тұратын отбасылар бір-бірімен жақын араласып, ағайын-туыстай жақын болып кеткен. Жиын-той, атаулы мерекеде жиі бас қосып тұрады. Қиындық болса да бір-біріне бірлесе қолғабыс етуді, қолдауды, демеу білдіруді үрдіске айналдырған. Өмірінің 50 жылдан көбі осы көшеде өтіп келе жатқан 70-тен асқан Кенішкүл Әбілсейітова үлкендер көшін бастаса, аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Гүлжан Ысмайлова – жастардың жетекшісі.
– «Адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды» деген мәнді де мағыналы нақыл бар емес пе?! Тіл-көзіміз тасқа! Біздің көше тұрғындарының ауызбірлігі мықты. Көше тұрғындары бірлесе жиын өткізуге үйреніп алған. Үлкендердің бастамасын кішілер қолдауға әркез әзір. Заманға сай ұялы телефонда арнайы топ та ашылған. Ақылдасар шаруа болса ортаға салып, бірлесе шешеміз. Сырқаттанып қалғанда көңіл сұрау, ем-домына қаржылай көмек беру, той-томалақ, құдайыны атқарысуға барлық көрші бір кісідей жұмылады. Қайырымдылық жасауды да үрдіс еткен. Тіпті, жолаушылап кеткен көршінің үйіне бас-көз болып, мал-жанын түгендеу, оларға қолғабыс етудің басы-қасында Құдайберген Үсенбаев, Асылбек Беркінбаев жүреді. Олардың жанында қос Бауыржан, ағайынды Бегім, Бекжандар көмек қолдарын созуға қашанда дайын, – дейді Кенішкүл әжей.
Ұзақ жылдар сауда саласында еңбек еткен Айсұлу Байтілеу аға буынның ауызбірлігі мықты болса, кейінгі толқын да татулықты ту ететінін айтады.
– Біздің өзімізден кішіге мұра етіп қалдырар құндылығымыз – сыйластық. Біз кезінде осы көшедегі Жәмилә, Нәзипа, Асыл, Дәмелі, Үмбігүл апалардан үлгі алдық. Әжелер ансамблінің белді мүшелері болдық, жиын-тойларда ән шырқадық, қуанышымыз бен қайғымызды бөлістік. Енді өзімізден кейінгі жастарға бірлік пен татулық, ізет пен ілтипат, қамқорлық пен достық туралы айтудан жалықпаймыз. Сол арқылы ырыс-берекелері мол болады, – дейді сауда саласының ардагері.
Бір көше бойындағы тұрғындар еңбеккеш, өнерлі. Айсұлу Байтілеу, Алтыншаш Алтай, Бейбіткүл Шахманова гүл өсіру, бақша дақылдарын күтіп-баптау, қысқа қарай тосап дайындау жұмыстарының шебері болса, Роза Шахметова – Тереңөзек кенті клубы жанындағы әжелер ансамблінің белді мүшесі. Ардагер-ұстаздар Айман Әбілдаева, Ләззат Палымбетова әдеби кітаптарды сүйіп оқып, жастарға насихаттаудан жалықпайды. Сондай-ақ Алтынкүл Күнтуарова мен Гүлнұр Махатова жасаған құрт, ірімшіктерінің дәмі тіл үйіреді. Осындай өнерлі жандар көшеде өткізілген әрбір той жиынды мереке, думанға айналдырады. Соның нәтижесінде көше тұрғындарының ынтымағы жарасып, татулығы арта түскен.
Күндіз отбасындағы тіршілікті ұршықтай үйіретін әйел-аналар кешқұрым №131 Т.Қозыбаев атындағы мектеп жанындағы жаттығу алаңына қарай асығады. Ондағысы – денсаулықты жіті қадағалап, саламатты өмір салтын ұстану. Келін, немерелерімен бірге күнделікті жаттығу жасап, спортпен шұғылдануда. Жаттығу алаңына келіп жүргендеріне 3 ай болыпты. «Табиғаттың ең қымбат жемісі – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлгені, өзін-өзі сыйлағаны. Дені сау болса, адамның өзі де, жан-жағындағы адамдар да бақытты болады, – дейді Мирамкүл Әбдіуайытова.
– «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл, үшеуімен бақытты болады өмір» дегендей, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау – міндетіміз. Бұл өмірді дұрыс өткіземін деген жан саламатты өмір салтын ұстануы қажет. Біздің көшеде қатты сырқаттанып қалған кісілер бар. Тиісті ем-домын алғаннан кейін бізбен бірге жаттығу алаңына келеді. Қазір жағдайы жақсы. Жас үлкейген сайын да аурушаң боласың. Ал күнделікті кешке осында денемізді сергіткеннен кейін өзімізді жеңіл, жақсы сезінеміз, – дейді Айман Әбілдаева.
Мектеп жанындағы жаттығу алаңы демеушілік есебінен салынған. Күнделікті жаттығу жасайтын әйел-аналар жарықтың болмауы кедергі болатынын айтады. Осы алаң жарықпен қамтамасыз етілсе, ауыл халқына жақсы болар еді дейді.
«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген қазақ халқы айналасындағылармен әрдайым тату тұрған. Міне осы қасиетті сіңірген Т.Қозыбаев тұйығы көшесі тұрғындары әрдайым іргелес тұратын көршілеріне көмекті аяған емес. Сол арқылы татулығы жарасып, көптің бағына айналған. Мұндай көршілерді әркез үлгі тұтуға болады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ