Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік көңілінен шыққан музей түні

Көпшілік көңілінен шыққан музей түні

Аудандық тарихи-өлкетану музейі мен «Еңбек даңқы» залында «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция аясында «Музей – тарих пен тағылым мекені» атты іс-шара ұйымдастырылды.
«Музейлер шеруі» акциясы аясында тарихи құндылықтарды насихаттау, музей жұмысын жандандыру, жас ұрпақтың бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру мақсатында бірнеше іс-шара өтті.
Осы күні музейге келген мәдениет саласының ардагерлері А.Бақтиярова, Ж.Маханбет, Т.Айсин, С.Сәдуақасов, кітапханашылар, мектеп мен мұғалімдер, оқушылар музей қорын­дағы этнографиялық жәдігерлер мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін көрсеткен этноауыл көрмесін тамашалады. Аудан тарихына арналған залда ұлы ақын А.Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқушылар жатқа оқыды. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Ж.Маханбет «Ұлттық қолөнер – тәрбие негізі» тақырыбымен өз туындыларынан көрме және шеберлік сыныбын өткізді. «Өмірі – өнер, тігінші – шебер» тігінші және құммен сурет салу өнерінің маманы Н.Ажарова өзі және шәкірттері жасаған туындыларынан көрме көрсетті.
Музейдің археология залында “Ескерткіштер – ел тарихы” атты археологиялық және тарихи ескерткіштер суреттерінің бөліктерін құрастыру сайысы және «Өз қабілетіңді байқап көр!» қол үзбей сурет салудан сайыс ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері ұйымдас­тырған шара «Жеңімпаз бол да, жүлдеңді ал!» лотореялық ұтыс ойынына жалғасты.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихы туралы музей меңгерушісі М.Омаров:
– Аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылды. 1993 жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болды. 1996 жылдан Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. 2000 жылы музейге қосымша 2 көрме залы қосылғанын ел-жұрт жақсы біледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы аясында 2017 жылы «Еңбек даңқы» залы тұрғындарға рухани қызмет көрсете бастады.
Музей материалдарынан аудан­ның қалыптасуы және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәліметтер алуға болады. Бүгінде музей қорында 10 мыңға жуық жәдігер бар, оның 6 мыңға жуығы негізгі қорға, төрт мыңға жуығы көмекші қорға тіркелген. Музей экспозициясы жалпы 5 залға орна­ластырылған, – дейді.
Тағылымды шара «Еңбек даңқы» залында жалғасты. Мұнда «Туған жердің тұғырлы перзенттері» тақырыбында бейнеролик конкурсы өтті. Бұл конкурсқа аудан орталығындағы мектеп оқушылары ауданның дамуына елеулі еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, мәдениет, білім және спорт саласының үздіктері, суретшілер мен қолөнер шеберлері және т.б. жайлы бейнеролик ұсынылды. Үздік бейнеролик жеңімпаздары Алғыс хат пен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ

26 қараша 2019 ж. 1 150 0