Отбасы – қасиетті ұғым
Ұлтымызда отбасы – қасиетті ұғым. Отбасы – адамның дүниеге келіп, саналы өмірі қалыптасатын, ең қауіпсіз, әрі жақын әлеуметтік орта. Өмірге деген алғашқы қадамды отбасында жасап, салт-дәстүрдің, ұлттық құндылықтың негізі қаланады. Отбасында тәлім-тәрбие алған бала айналасымен, қоғаммен қарым-қатынас жасап, оның мінезі нығаяды. Жалпы, бір сөзбен айтқанда отбасы адамның азамат болып қалыптасуына ықпал ететін ең алғашқы ортасы.Отбасы және мызғымас тәрбие бір-бірінен ажырамас ұғым. Отбасындағы тәрбие негізгі тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана атанған отбасы мүшелері сәби дүниеге келген күннен бастап, оған барынша жайлы орта, қамқорлық жасайды. Баласының болашағын ойлап, жоспар құрып, елге пайдасы тиетін азамат болып өсуіне аянбайды. Ол үшін ең алдымен денсаулығына аса мән беріп, ой-санасының дамуына, еңбекке баулып, саламатты өмір салтына тәрбиелейді. Жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрету секілді бойына адамгершілік асыл қасиетті дарытуға барын салады.
Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – қоғамның бір бөлігі. Отбасы – халықтың өсіп-өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне жауапты маңызға ие болатын үлкен институт. Соңғы жылдары жастар арасында отбасы бірлігіне жеңіл желпі қарайтын жандар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бір-бірін жеткілікті дәрежеде білмей, бас қосып, аз уақытта «мінезіміз жараспады» деген желеумен ажырасып жатады. Мұндай келеңсіздіктің орын алуын жауапкершіліктің жоқтығынан және некеге немқұрайлы қарағандықтан деп айтамыз.
Иә, бұрынғының адамдары бір-бірін көрмесе де, білмесе де отау құрып, жақсы отбасы болып, ұрпақ өсірген. Ол кезде ерлі-зайыптылар салт-дәстүрге құрметпен қарап, отбасы алдындағы жауапкершіліктің жүгін жете сезінген. Алайда қазіргі жағдайды мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Жастардың арасында да бұрынғының ізімен, алдымен отбасы бірлігін бәрінен де биік қоятындар да бар. Олар шаңырақтарын шайқалтпай, тату-тәтті ұзақ жыл бірге болатындар деп сеніммен айтуға болады.
Отбасы – ынтымақ пен бірліктің темірқазығы. Отбасының беріктігі, саулығы сол елдің дамуының өлшемі. Отбасында адамның әдебі мен ұяты, ақыл-ойы, мәдениеті мен адамгершілік қасиеті қалыптасады. Отбасы – өзге ештеңемен айырбастауға болмайтын, адам өміріне ең қажетті алтын қазық. Отбасында Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік, жақындарға деген қамқорлық көрініс тапса, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болары анық.
«Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, отбасы – Отанның кішкентай бір бөлшегі. Біздің Тәуелсіз елімізде адам өмірі ең қымбат қазына болса, әрбір отбасы да мемлекеттің қамқорлығына алынған. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік әлсіз топтар санатындағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Б.ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөз










