Музей – халық мұрасының қарашаңырағы
Музей ісі – қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты ерекше сала. Ол ғылымның, мәдениеттің, білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми рухани мекеме.
Сырдария аудандық тарихиөлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылды. 1993 жылдың наурыз айынан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болса, 1996 жылдың сәуір айынан Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі ретінде қайта құрылды. 2000 жылы музейге қосымша 2 көрме залы қосылды. 2008 жылы «Аудан тарихы» залына реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Тәуелсіз Қазақстан» залы ашылды. 2014 жылы музейдің «Археология және этнография» залына реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. 2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында музейге қосымша ғимарат беріліп, «Еңбек даңқы» залы ашылды. Жалпы музей материалдары ауданның қалыптасу және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәлімет береді.
Бүгінде музей қорында 10066 экспонат бар, оның 6017-ы негізгі қорға, 4049-ы көмекші қорға тіркелген. Музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, съезд делегаты, атақты шопандар мен сауыншылар, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер, Қазақстанның көрнекті жазушылары, ауданымыздың мақтанышына айналған ғалымдар, аты аңызға айналған дәрігерлер, білікті аудан басшылары туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар музей жәдігерлерінің ішінде Аралбай батырдың қылышы, Абай Құнанбайұлы тұтынған асадал (шкаф), қолөнер шебері Марқа Қобландиннің сандығы, Сауранбай болыстың кебежесі мен ағаш табағы, кесе қап, мыс көзелер, қобыз коллекциялары, құнды қолжазбалар мен түрлі деректі құжаттар музейдің тарих шырақшысы, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор тарихи орын екенін дәлелдеді.
Музей қорына 125 дана құнды жәдігер сатып алынды. Жәдігерлердің арасында ХІХ-ХХ ғасырға тән сандық, жез көзелер мен самаурын, ат әбзелдері мен бес қару, түкті және тақыр кілемдер, тұскиіз, ағаштан жасалған кәде-сыйлық бұйымдар, тарихи мәні бар картиналар мен нумизматика коллекцияларын ерекше атауға болады.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында музей қызметкерлерінің жетекшілігімен «Ұлттық мұра ұрпаққа» атты музейлік жоба қорғалып, жұмыс жүргізілді. Бұл жоба бойынша қолөнер шебері көптеген шәкірт тәрбиелеп, музей қорын қолөнер және зергерлік бұйымдармен толықтырылды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласының дәстүрлі «Қала күні» мерекесіне орай өткен «Ұлттық өнер, құт қайнар» атты облыстық өнер фестивалінде музей қорындағы құнды экспонаттардан және қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Көрмеде аудан жүлделі І орынды иеленді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жердің қадірін біліп, ондағы алып та заңғар тұлғаларды жастарға үлгі етуді, олардың ерен еңбектерін насихаттауды жүктеді. Осы мақсатта және «Туған жер» атты бағдарламасы аясында аудандық музей қызметкерлері экспонат жинақтау үшін «Жаңа музейге – жаңа жәдігер!» атты жоба ұйымдастырды. Жаңадан «Еңбек даңқы» залы салтанатты түрде ашылды.
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі 2019 жылдан бастап мәдениет ұйымдарын оңтайландыру негізінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне қосылып, филиал ретінде қызмет атқаруда.
Қазіргі заман талабына сай музейдің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келеді. Музей интернет жүйесіне қосылып, музей қорындағы құнды экспонаттар жүйеленіп, жаңа «Музеолог» электронды бағдарламасына енгізілуде. Жылдан-жылға музей ісіне халықтың қызығушылығы артып, келушілер саны ұлғаюда.
Биылғы «Еріктілер жылы» аясында, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Ұлы ойшыл-ғалым, энциклопедист, гуманист Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ақын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 75 жыл толу мерейтойларына орай аудандық тарихи-өлкетану музейі де өз үлестерін қосуда. Атаулы датаға орай көрме жабдықтап, дәрістер өткізілді.
Қазіргі кезеңде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты аудандық музей туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатында өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқарып келеді.
Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері