Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алыптардың алтын бесігі – Сырдария

Алыптардың алтын бесігі – Сырдария

Осы күні жанданып, жарқырай түскен Сыр өңірі – жергілікті халықтың тарихы мен руханиятында айрықша орны бар қасиетті мекен санатында. Берекесі тасып, ынтымағы жарасқан Қызылорда облысы құрамына кіретін Сырдария ауданы екені белгілі. Сан ғасырлық шежірені бойына сақтаған Сырдария ауданы – еңбек пен өркениеттің айқын көрінісі. Жалпы алғанда, 100 жылға жуық тарихы бар аудан жөнінде бірнеше кітап жарық көргені рас. Бұл жолы «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабы оқырманға жол тартатын болады.

Жалпы алғанда, 260 беттен тұратын кітапта Сырдария ауданының қалыптасу кезеңі, ел дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалар, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі, мәдениеті мен білім саласындағы жетістіктері жан-жақты баяндалған. Әсіресе, ауданның өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, келешекке деген сенімді көзқарас қалыптастыруы еңбектің мазмұнын тереңдете түсетіні мәлім. Бұл ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан өмірінде тарихи маңызы зор кітаптың жарыққа шығуы жөнінде кеңінен пікір білдірді.

– Бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданы – қасиетті Сыр өңіріндегі іргелі аудандардың бірі. Ұлы дариямен аттас ауданның тарихы терең, келешегі кемел деуге толық негіз бар. Бұл ауданның қастерлі топырағынан нәр алып, есімі Алты Алашқа танылған азаматтар бүгінде аймақтың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Сондықтан тектіліктен тамыр тартқан ауданның тағылымы мол тарихы жарқын жетістіктермен, айтулы жаңалықтармен ұштасып жатыр. Ауданның тарихы, жетістіктері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы бұған дейін бірнеше кітап жарыққа шықты. Оқырман қауымға ұсынып, жаңадан жарыққа шыққалы отырған бұл кітаптың да өзіндік мәні мен маңызы зор. Кітап бірнеше бөлімді қамтиды. Әр бөлімде тақырыптық зерттеулер жүргізіліп, ғалымдар түрлі бағыт бойынша тақырыпты жан-жақты сараптады. Кітап жарыққа шығар алдында арнайы қоғамдық комиссия құрылып, ұсыныстар ортаға салынып, ардагерлер мен ел азаматтарының пікірлері ескерілді. Жалпы алғанда, бұл кітапты аудан туралы жарыққа шыққан кітаптардың жалғасы деп қабылдауға болады. Кітаптың кіріспесінде құрастырушылар да кітаптың мазмұны туралы орнықты ойларын жариялаған. Кітап негізінен үш бөлімнен тұрады. «Көне дәуір күмбірі» атты алғашқы бөлімде Сырдарияның ежелгі арналары мен тарихи мұралары зерттелген. Зерттеу жұмыстары ғылыми дәлелдермен ұштастырылған. Сондай-ақ ауданның тарихи-географиялық жағ­­дайы то­лыққанды қамтылған. Өл­кенің тарихи-мәдени мұраларына зерт­теу жасалған. Әсіресе, Асанас қалашығы мен оның маңында орналасқан қоныстар, қорғандар туралы жүйеленіп жазылып, суреттері де берілген. Кітаптағы ауданның географиялық жағдайы жөнінде жазылған деректерден ауданның орналасқан жерінен бастап, климаты, өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесі, су қорлары, көл жүйелері, жер асты байлығы мен егіншілікті кәсіп еткен халықтың тұрмыс-салты туралы тың ақпараттар алуға болады, – деді аудан басшысы кітаптың алғы сөзінде.

Кітапты құрастырушы ре­дакциялық алқаның құрамында өл­ке­танушы Жұмабай Байзақұлы, PhD док­торы Әзілхан Тәжекеев, филология магистрі Айжан Абдулаева, «AMANAT» партиясы ау­дандық фил­иалының ат­­­қарушы хат­­шысы Ақтөре Ибра­гимұлы бар. Ірге­тасы 1928 жы­лы қаланған ау­­дан­ның құ­­рылу тарихы то­­­лықтай қамтылған кі­тапта сар­ғайған па­рақ­­тардан алын­ған құн­ды де­ректер топ­­тас­тырылған. Мә­­селен, «Көне дәуір күм­бірі» атты бөлімде ау­данның ежелгі арналары мен тарихи мұраларының зерттелуі тереңнен зерделенген. Ерте ғасырлардан қалыптасқан ежелгі аудан төңірегінде орын алған елеулі оқиғалар назардан тыс қалмаған. Ұлы өзеннің бойындағы елді мекендердің тыныс-тіршілігі жан-жақты баян­далған. Бұдан бөлек, өлкенің тарихи-мәдени мұ­ра­ларының зерттелуі де құрастырушылар тарапынан айрықша зерделенген. Бұл ретте «Ежелгі және орта ғасырлық тарихи-мәдени мұралары» тақырыбындағы зерттеу мақалада аудан аумағындағы ежелгі қалалар мен ескерткіштер туралы мол мәліметке қаныға аласыз. Қазақтың маң­дайалды тарихшыларының зерттеуіне сүйенген құрастырушылар жүйелі ақпарат көзін оқырманға ұсынуды мақсат тұтқан. Анығын айтқанда, Асанас кесенесінен бастап, Үлкен Қосасар қалашығына дейінгі барлық тарихи орындар жөнінде барынша мағлұмат келтірілген.

Ал ауданның географиялық жағдайына шолу жасаған құ­растырушылар туған өлкенің жер бедері, өсімдіктер мен жануарлар әле­міне де тоқталған. Еуропа мен Азия елдерін жалғайтын керуен жол­дары мен елшілік көштері аудан аумағынан өтеді. Деректерге сү­йенсек, Сырдария өзенінің атауы ежелгі дәуірде Датья, сақ дәуірінде Та­наис, Силис, Сіле, Сілеті, Яксарт, Қаң­лы мемлекетінің тұсында Канга, орта ғасырдағы араб деректерінде Сейхун, Хашарат, тағы бірде Якшар, Гүлзариун, Оғыздария, Фараб деп аталғаны кітапта жазылған.
Шындығында, Сырдария ауданы жерінің бір ерекшелігі – Сырдың барлық ежелгі сағалары осы аймақтан бастау алатынында.

«Бетеге кетіп, бел қалар, бектер кетіп, ел қалар» деген тарихтың сарғайған парақтарына тіл бітіретін де – руханият әлемі. Қаламмен жазылып, қатталып қағазға түскен дүниенің қай кезде де жоқшысы табылады. Қандай жүйе, қандай тарихи кезең болса да, ондағы жақсылы-жаманды оқи­ға­лардың барысы мен та­бысын, ақ адал маң­дай тері­мен еңбек еткен адамдарының бет-бейнесін, ты­ныс-тір­шілігін біз кітаптар ар­қылы білеміз, ба­ғам­даймыз, ой тү­­­йеміз. Ен­­­деше ту­ған жердің тағ­­дыры мен та­рихын ба­­­ғамдап, кө­­неден жет­­кен күмбір ой­ларды көңілге қон­дырған аңыз­дары мен тағылымды әң­гі­­мелерін, өлкенің өмі­­рінде ізі қал­ған әр­­­уақтардың рухын кө­те­­ріп, тірілердің кө­ңіліне шат­тық орнатып, өмір мәнін тағы бір ой еле­­гінен ек­шейтін жылдар көшінде жан азығына ай­налатын кітап ешқашан ар­тық болмайды», – деп тұ­жырым жасаған құрас­тырушылар аудан хал­қы­ның тұрмыс-салтының бағзы заманнан келе жат­қан көрінісін айрықша жазып қалдыруға тырысқан.

Сырдария ауданының аумағы не­гізінен Тұран ойпатында жатыр. Жер бедері жазық келеді. Негізінен ау­данның солтүстігі мен оңтүстік бөліктерінде шағын қырат пен аласа таулар, құмды алқаптар кездеседі. Бұл өлкеде мал жайылымына қо­лайлы қоныстар бар. Бұдан бөлек, туған жер топырағында өзен мен өзектің арналары кең тараған. Мұнда бүркіт, үйрек, аққу, қырғауыл, кептер, торғай, қарға секілді көптеген құс кездеседі. Төрт түліктің күтіміне аса мән беретін жергілікті халық мал шаруашылығына ерекше көңіл бөледі.

«Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітапты жазу барысында біз үшін ең басты мақсат – Сырдария өңірінің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, туған жердің шынайы келбетін кейінгі ұрпаққа аманат ету болды. Себебі Сыр топырағы – талай тарихи кезеңдердің куәсі болған, небір дара тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осы өлкенің шежірелі тарихын бір арнаға тоғыстырып, ел жадында жаңғырту – үлкен жауапкершілік. Бұл кітап – жай ғана тарихи деректердің жиынтығы емес. Бұл – Сыр елінің тыныс-тіршілігі, елдік жолындағы еңбегі, уақытпен үндескен тағдыры. Әр тарауын жазған сайын туған жердің сайын даласы, дария жағасындағы еңбекке толы күндер, ауыл адамдарының аңқылдаған пейілі мен маңдай тері көз алдыма келді. Сырдарияның кешегі келбеті мен бүгінгі жаңарған бейнесін қатар суреттеу арқылы оқырманға туған өлкенің рухын сезіндіруді мақсат еттік. Кітапта ауданның қалыптасу кезеңдері, түрлі тарихи белестер, ел еңсесін тіктеген азаматтардың қажырлы еңбегі кеңінен қамтылды. Әсіресе, елдің дамуына үлес қосқан тұлғалардың тағдырын көрсету арқылы жас ұрпаққа өнеге болатын өмір жолдарын насихаттауға мән берілді. Өйткені тарих – тек өткен күннің естелігі емес, ол – келешекке бағыт беретін рухани темірқазық. Сырдария – дариядай дарқан мінезді, еңбекпен еңсесін көтерген ел. Осы қасиетті мекеннің табиғаты мен тағылымы, рухани болмысы кітаптың өн бойында көрініс табуға тиіс деп санадық. Сондықтан әрбір дерекке мұқият қарап, әрбір тарихи мәліметті ел жадындағы естеліктермен сабақтастыруға ты­рыстық. Архив материалдары мен ел аузындағы әңгімелерді ұштастыра отырып, Сыр елінің тұтас бір дәуірлік келбетін ашуға ұмтылдық. Бұл еңбек арқылы туған жерге деген перзенттік құрметімді білдіргім келді. Себебі туған жердің тарихын тану – өз тамырыңды тану деген сөз. Ал тамырын таныған ұрпақтың рухы биік, болашағы берік болады. Бұл кітап – өткеннің өнегесін бүгінмен жалғаған, келешекке аманат болған рухани дүние. Бұл кітап оқырманын Сыр елінің сырлы тарихымен қауыштырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түссе, еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз, – деді өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы.

Сыр салысымен даңқы көкке өрлеген жергілікті халық күріш дақылын егудің нағыз майталмандары. Сырдарияда өсімдіктің де бірнеше түрі кездеседі. Қияқ, ақселеу, дүзгін, жусан, жоңышқа, қоңырбас, қамыс, жыңғыл, жалбыз, есекмия, айбатмия, қызыл мия, қоға сияқты өсімдіктердің бірнеше түрі өседі. Жалпы алғанда, кітап мазмұнына көз жүгіртсек, Сырдарияның төменгі ағысында атыраулық өлкені алғаш мекендеп, балық пен аң аулауды кәсіп еткен «Келтемұнар» тайпалары болған. Міне, ерте ғасырдан егін егуге, бақша дақылын орналастыруға машықтанған Сырдың елі күні бүгінге дейін ризық-несібесін жерден теріп келе жатқаны айқын.

Ал жануарлар дүниесі өз алдына бір әңгіме. Қасқыр, түлкі, жабайы шошқа, шағала, қарсақ секілді жан­уарлар мен құстар тоғайды мекен етеді. Бұдан бөлек, сүтқоректілер мен бауырмен жорғалаушылардың мекені саналады. Әрине, егіншілікпен аты шыққан аудан азаматтары қырманды астыққа толтырып, талай мәрте чемпион атанғаны мәлім. Даңғайыр диқандардың елеулі еңбегі әр кезең сайын еленіп, аудан мерейі таси түсуде. Ауданның жер асты қойнауында құрылысқа қажетті материалдардың мол қоры бар. Құм, саз, қиыршықтаспен бірге Арысқұм алаңында кафель мен фаянс бұйымдарын, түрлі-түсті қыштар, черепица жасайтын балшықтың мол қоры бар. Қолымыздағы кітапта Сырдария ауданының жер-су атаулары жан-жақты кеңейтіліп жазылған. Кітапта әулие-әмбиелер, батырлар, би мен болыстар, өнер мен әдебиет қайраткерлерінің еңбегі егжей-тегжей қамтылып жазылғанын аңғарамыз.

Кітапта Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кенті мен барлық елді мекеннің суреттері көрініс тапқан. Әрбір суреттің өлке тарихынан сыр шертетінін аңғарамыз. Бұдан бөлек, дін ағартушыларының еңбектері, мазарлары мен кесенелері таспаланған.

Әрине, оқырман олжасына ай­налған кітаптың тарихи құндылығы мен мазмұны терең. Еңселі еңбегімен танылған тұлғалардың есімі жаңғыра түсуде. Өткен мен бүгіннің алтын көпіріне айналған кітаптың соңғы бөлімінде «Тіршілік тынысы» – жаңалық жаршысы тақырыбында көлемді мақала жарияланып, басылым тарихы зерделенген.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

16 мамыр 2026 ж. 33 0