Аудан әкімі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев есепті кездесулер аясында Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының арқасында соңғы жылдары аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Инфрақұрылым саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 5 елді мекен газдандырылып, 6 елді мекеннің электр желілері толықтай қайта жаңғыртылды. Жол саласына бөлінген қаржы есебінен аудандық маңызы бар және елді мекен ішіндегі жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Айта кетейік, Айдарлы ауылындағы Ақтам каналының 1.3 км, Жетікөл жарма каналының 16.5 км жері қазылып, тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Есепті кездесулерде тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда болатынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










