Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есепті кездесу жиыны басталды

Есепті кездесу жиыны басталды

Осы аптада Сырдария ауданына қарасты барлық елді мекенде есепті кездесу жиыны бастау алды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылында өткізілді. Ауылдағы ағайынмен кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, жергілікті халық қалаулылары, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан инфра­құрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қол­дауының арқасында соңғы жылдары аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Инфрақұрылым саласында атқа­рыл­ған жұмыстардың нәтижесінде 5 елді мекен газдандырылып, 6 елді мекеннің электр желісі толықтай қайта жаңғыртылды. Жол саласына бөлінген қаржы есебінен аудандық маңызы бар және елді мекен ішіндегі жолдардың сапасы айтарлықтай жақ­сарды. Бұл бастаманың бар­лығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Айта кетейік, Айдарлы ауылындағы «Ақтам» каналының 1.3 шақырым, «Жетікөл жарма» каналының 16.5 шақырым жері қазылып, тазарту жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Бүгінде аудан көлемінде елді мекен­дердің инженерлік-инфра­құры­лымдық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, Қоғалыкөл ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 320 млн теңге, ал Шіркейлі ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 400 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз етуге, ауыл­дардың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жақсартуға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуына оң әсерін тигізетін болады.
Аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы аталған елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Көтерілген мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

«Тт» ақпарат
16 мамыр 2026 ж. 33 0