Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ЕЛ МҰРАСЫ

Өткенсіз бүгін жоқ десек, сол бұрынғы тарихтың айқын дәлелі болуы шарт. Ол әрине өткеннің белгісі саналатын ескерткіштер екені анық. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор құндылығы болып табылады.
Жалпы, ауданда 47 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде, 4-і республикалық маңызы бар (Мүлкалан кесенесі, ХҮІ ғ., Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғ. Асанас кесенесі, ХҮІІ ғ. Қожан қожа кесенесі, ХҮІІІ ғ.), 14 жергілікті маңызы бар және 29 ескерткіш алдын-ала тізімге алынған. 47 ескерткіштің 15-і археологиялық, 32-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді.
Аудан көлеміндегі тарихи орындар мен ескерткіштердің өзіндік тарихы бар. Олардың ішіне бүгіп жатқан сырлары да көп. Осыларды кейінгі ұрпаққа насихаттап жеткізу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жария етіп, тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде, түрлі жобаларды қолға алуды міндеттеді. Соған орай, бағдарламалық мақаладағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыстың өңірлік қасиетті нысандар тізіміне аудан бойынша Асанас қалашығы, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Асанас ата, Қожан қожа, Құлболды ишан және Мүлкәлән әулие кесенесі енгізілген. Оған қоса, тарихи-мәдени мұраны қорғау саласын сандық форматқа көшіру мақсатында «Облыс көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнату» жобасы бойынша ауданда орналасқан 11 ескерткішке тақтайша орнатылды.
Тарихи маңызы бар ескерткіштерге зерттеу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мәселен, 2015 жылы Шіркейлі ауылына жақын орналасқан Қос Асар ІІ қалашығына Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі қаланың орнын анықтады. Ал өткен жылы Қоғалыкөл ауылындағы Қышқала қалашығына «Археолог» халықаралық ғылыми- зерттеу орталығы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта Қышқала, Қос Асар, Асанас қалашықтарына археологиялық қазба және Мүлкәлән кесенесіне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, бағдарламалық мақала аясында аудан орталығында «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы ашылса, былтырғы жылы Тереңөзек кентіндегі «Парасат» алаңына ауданға белгілі Кеңес Одағының батырлары, Еңбек Ерлері құрметіне барлығы 10 тұлғаның мүсіні орнатылды.
Негізі, аудан көлеміндегі тарихи ескерткіштер жөнінде әр жылдары баспадан жарық көрген «Тереңөзек» (1996 жылы), «Сырдария» (2006 жылы), Сырдария ауданының 80 жылдығына орай «Сырдария (Тереңөзек) ауданы шежіре» (2009 жылы), «Сырдария - І» (2011 жылы) және ауданның 90 жылдығына орай 2018 жылы шыққан «Сырдария - ІІ» кітабында толық мағлұмат бар. Аталған кітаптарда «Көне тарих көмбесі», «Ескерткіштер – ел мұрасы», «Сырға толы Сырдария өңірі» айдарларымен ауданның өткен ғасырдағы шежіресі, кешегі және бүгінгі тарихы, жер-су атаулары, сондай-ақ тарихты жасаған батырлар, тұлғалар мен қайраткерлері туралы мәліметтер көпшілік қауымға, оқырмандарға ұсынылған. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі ежелгі қалалар, бекіністер, мазарлар, кесенелер, мешіттер, ескерткіштер, жәдігерлер, тарихи атаулар, халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, ауданның орналасу географиясы мен табиғаты туралы тың деректер қамтылған.

Е.БЕРКІНБАЕВ

20 сәуір 2019 ж. 1 756 0