Қара шаңырақ
Тарих дегеніміз адам өмірінің сол кезеңдегі жиынтығы десек, адамсыз тарих та болмайтыны заңдылық. Ал тарихи тұлға деп, сол адамдар арасынан заман ағымына сай бойындағы асыл қасиеті, адамгершілік пен ақыл-ойы, ары мен мінезі тоғысқан жанды айтса керек-ті. Осы айтылған барлық қасиетті өз бойына жинай білген, елдегі көп жанның бірі де, берегейі – Жүніс Ахметұлы.Бұл кісі осы өңірге белгілі Ахмет атты білімдардың баласы. Арда азаматтың ұрпақтарының айтуынша, Ахмет елдегі аса құрметті жан болған екен. Ол кісінің денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында жерленуі оның тегін адам емес екенін аңғартады. «Тектіден текті туады» дегендей, Жүністің де бойында білімге деген қызығушылық болуы қуантады. Жүніс білімді әкесі Ахметтен алған. Заман ағымына сай, көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Ел болған соң көпшілік арасында түсінбеушіліктен туындайтын дау шығып тұрады. Жүніс осындай дауда төрелік айта білген. Әділеттілікке аса мән беріп, екпіндете сөйлегенде отырған орнынан жамбаспен жылжи, сырғи төрден есік алдына шығып кеткенін өзі де сезбейтін арқалы, қызба жан екен.
Бұл кісі 1895 жылы қазіргі Тереңөзек кенті, осы кезеңге дейін Оспан Мәлібаев ауылдық округі аталған елді-мекенде дүниеге келген. Қолдан жасалған кешегі Кеңестік жүйенің озбыр саясатының сан қырлы түрімен бетпе-бет кездескен. Тәркілеу мен «молданың баласы» деген қудалаудың түрлі айла-шырғысымен бірге 1932 жылғы ашаршылық нәубетінен, зобалаң зұлматтан да бүкіл әулетін аман алып шыға білген. Алайда ашаршылықтан енді құтылдық па дегенде, адам адамға сенбейтін қуғын мен сүргінді зұлматқа толы елге 1937 жыл келді.
Ел ішін үрей билеп, адам адамнан қорқатын заман болды. Қостанайдың Қарабалық ауданында тұрып жатқан қызы Әлимадан суыт хабар жетіп, елден жарамды төрт ат жинап, ешкімге сездірмей, суыт жүріп кетеді. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Қонысбай Қалабаевқа халық жауы деген жаламен іс қозғалуда екен. Алдағыны болжай алатын қасиетінің арқасында жылдамдата қызы мен екі жиенін өзі әкелген төрт атқа мінгізіп сезік тудырмай елге жеткізеді. Заман қалай болатынын болжау қиын. Күйеу баласын халық жауы деп, қызын түрмеге тоғытып, немерелерін балалар үйіне жібере ме деген оймен, келген бойда екі жиенін өз тегіне аударып алады.
Осы 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия СССР-дегі жеке тұлғалар ұйымдастырған қуғын-сүргін іс-шараларының кезеңі болды. Ел ішіндегі небір ұлт зиялылары ұсталып атылды. Соның ішінде, Жүністің күйеу баласы Қонысбай да болды. Ол – Жалағаш ауданының тумасы. 1925-1928 жылдары ішкі істер бөлімінде (ол кезде Нарком деп аталған) Сүлеймен Есқараевпен бірге қызмет атқарған. 1928-1930 жылдары Орынборда ішкі істер мектебін басқарып тұрған Сүлеймен Есқараев Қонысбайды сол мектепте оқытқан. Кейіннен Қонысбай Қалабаев Қостанай облысындағы Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің (РОМУ НКВД) бастығы етіп тағайындаған. 1937 жылы С.Есқараев халық жауы деп танылып, тұтқындалып атылады. Артынан Қонысбайды да өзінің қарамағында орынбасары болып қызмет атқаратын Жирнов деген үстінен арыз түсіреді. Қонысбай 1937 жылдың қараша айында халық жауы деп ұсталады. 1938 жылы Алматы облысы, Талғар ауданының Жаңалық елді мекенінде атылады.
Заман осылай елге өз дегенін орындатып жатқанда кезінде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы, яғни екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел іші күңіреніп, енді не болары белгісіз күйге түсті. Елдегі әскерге жарамдыларды бірінен-кейін бірін топырлатып соғысқа алып кетіп жатты. Бұл соғыс Жүніс шаңырағын да шайқалтып өтті. Алдымен Шымкентте әскери комисариатта қызмет ететін үлкен ұлы Атымтайды, одан кейін туған бауыры Әнуарды алып кетеді. Артынша Жомарт ұлы мен осы аумақ көлемінде тұрмысқа шыққан қарындастары мен қыздарының күйеулерін алып кетіп отырды.
Осылайша Жүніс әулетінен сандаған жан соғыс отына айдалады. Адамның жаны мен тағдыры Алланың құзырындағы іс дегенімен, тірі жан тірлігін жасау керек. Соғысқа кеткен азаматтардың артында қалған қаншама әйел, бала-шағасының тағдыры не болмақ?!
Амал жоқ қартайған шағындағы Алла Тағаланың сынағына көнбесіне лажы жоқ. Күйеулері соғысқа кеткен қыздарының, қарындастарының барлығын өз үйінің маңына топтастыра жинап, қоныстандырады. Бәрінің бала-шағасымен бір қазаннан ас ішетіндей деңгейге келтіріп, колхоз жұмысына жарайтындарын жұмысқа жібереді. Өкімет ол кезде ешкімді үйде бос отырғызбайтын. Керек десе, белі қатпаған баламен, еңкейген кәріге дейін колхоз жұмысына жегілетін.
Аналары жұмысқа кеткенде үйдегі жас балаларға өзінің екі кемпірі Ұлжан мен Жолтай қарап, солардың тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасындағы бірлікті сақтаушы еді. Өзі болса үйдегі іске жарамды балалардан бір-екеуін алып алажаздай егін салып, үйдегі бар жанның ас-ауқаты үшін дәнді дақылымен қауын-қарбызы бар, әйтеуір тамақ болатын дақылдардың бар түрін егіп, жинап алатын. Осы заман қиыншылығы – сандаған жанның басын бір жерге амалсыз біріктірген еді.
1937 жылы көшіп келген Әлима қызының балалары – Жанай мен Райса. Соғысқа кетерінде жиені Жаһанша да шешесі Қыздықойды осында қалдырып кеткен. Қызы – Базаркүлдің Әкімсалы мен Райханы, жиендері Беркімбай мен Орынбасар, соғыс біткен бойда балалар үйінен қашып келіп қосылған Ұлтанбек. Ұлтанбектің әке-шешесі кешегі ашаршылықта қайтыс болып, Ұлтанбекті балалар үйіне Өкімет өткізіп жіберген. Өзінің кенже ұлы Нартай, өз бауыры Әнуардың әйелі Балдай, ұлы Марат, қыздары Төлен мен Манат, өзі және екі кемпірі бар. Барлығы он сегіз жан сол кезеңде бір қазаннан ас ішіп, бір шаңырақ астында осылай ғұмыр кешкен еді. Елге соғыстан қайғылы хабар жеткізетін «қара қағаз» Жүніс отбасына да бірінен кейін бірі келе бастады. Тағдырдың талқысына көнбеске амал жоқ.
Күндіз колхоздың ауыр жұмысынан өз қайғысын ұмытып келген жесір әйелдер өз үйіне келіп, бірі – бауырын, бірі – баласын, бірі – ерін жоқтаған зарлы, аһ ұрған, іштей өксігі үйдегі балалардың мезгілсіз күлкісінен, алаңсыз ұйқысынан айырған. Көңілі жүдеу, киімі жартылай жалаңаш жас балаларды тағдыр осылай тез есейткен.
«Үш күннен кейін тозаққа да көнесің» дегендей, ел ішінде бірді-екілі жаралылар келе бастаған шақ. Екі мәрте келген «қара қағазға» қарамай, әкесін тірі деп жүрген он бір жастағы Төлен әкем келіп қалама деген үмітпен жүреді. Батыс жақтан келетін пойыздың келу күнін есептеп, Жүніс атасына білдіртпей, Марат інісін жетектей вокзалға жетуші еді. Эшолон тоқтай қызыл вагон есігі ашыла, сандаған өлі денелерді санитар қыз-келіншектер шамалары келмей, сыртқа сүйрей, төмен қарай домалата жіберіп жатады. Осы көрініс сәби жүрегінде мәңгі сақталып қалған.
Әкеге деген сағыныш бұл пойыздан түспесе, келесіден түсе ме деген үмітпен екі көзі жасқа толып, келесісін тағы күтетін. Тағдырдың жазуы осылай шығар, қанша күтсе де әкесі келмеді.
Батыстан келген осы пойызды халық «Қарғыс атқыр» деп қарғайтын. Эшолон кеткен соң, билік жергілікті халықты жинап, вагоннан түскен мәйіттерді, жол бойына жақын маңға көметін еді. Ал Шығыстан келетін эшолонмен нан келетін. Оған халық ұзын-сонар кезекке тұрып, нан алушы еді. Жергілікті халық оны асыға күтуші еді.
Уақыт деген емші ғой. Соғыс бітіп, майданнан аман-есен оралғандар ел экономикасын көтеруге аянбай еңбек ете бастаған шақ. Елге осы әулеттен Жомарт та аман келіп, Жүніс әулетін қуанышқа кенелтіп жатқан кез. 1947 жылы облысқа іссапармен келген Нұртас Оңдасынов осы Тереңөзекке арнайы ат басын бұрып, ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Сәдір Әбішовтен осында тұрмысқа шыққан жақын қарындасы Балдаймен кездескісі келетінін айтса керек. Сонда Қызылорақ колхозынан қарындасы Балдай мен қызы Төленді әкеліп жолықтырған екен. Балдайдан барлық жағдайды білген соң бірінші хатшының көлігімен Жүніс ақсақалдың үйіне барып, оған сәлем беріп, алғысын білдіріп, Балдайға хабарласып тұруын айтқан екен. Көп ұзамай Балдай Тереңөзектегі базар басшысы болып, қызы Төлен Тереңөзек партия комитетінің хатшысының секретаршасы қызметіне тағайындалады. Кейіннен бұл кісінің шапағатын Марат пен Манат та көріп, Алматыдағы КазҰУ университетіне бірі – журналист, бірі – заңгер мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды, Осы салада абыроймен қызмет атқарады. Бұларды да Жүніс аталары оқу кезінде елден тамақ жіберіп, қиналмай оқуларын аяқтауға қамқорлық көрсеткен.
Балдайдың қызы Төленнің өзі де қаладағы педучелищені бітіріп, өзі тұрған ауылдың кітапханашысы, клуб меңгерушісі, балабақша меңгерушісі қызметінде болып, абыроймен зейнетке шығады.
Иә, кезінде Жүніс аталарының шаңырағында бір кісінің баласындай өскен сол соғыстан бұрын туып, тағдыр сынағынан сынбай өтіп, барлығы да Жүніс атасымен Ұлжан, Жолдай әжелерінің аялы алақанының арқасында үйлі-жайлы болып ұрпақ жаюда. Алды Батыр ана атанып, еңбек майданында мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болады.
Жүніс атаның өз бауырынан өрбіген Жомарт пен Нартайдан тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел. Кешегі қиын-қыстау кезеңде сонша жетім-жесірге пана болған киелі қара шаңырақ бүгінде ұлы Жомарт ұрпағында екен. Жалпы қара шаңырақ қадірін түсіне білетін саналы ұрпақ қара шаңырақтың киесі мен иесін ешқашан ұмытпаса дейміз.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы









