Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тектілік ананың ақ сүтімен дариды

Тектілік ананың ақ сүтімен дариды

Қазақ халқы «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, Қарғадан қарға туар қарқылдаған» дейді. Иә, ата-бабаларымыз дана халық болған ғой. Бастарынан өткен жайттарды мақалдап айтып кете берген. Бұл мақалдың астарында қандай мән жатыр десеңізші?!
Тектілік. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Иә, тектілік деген атының өзі қандай жағымды. Осы сияқты біздің бойымызға небір қасиеттердің барлығы қанымыз ар­қылы, яғни тегіміз ақылы беріліп отырады.
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды, – деп дана халқымыз айтпақшы тектіден текті туады. Ол ананың ақ сүтімен, аялы алақанымен келетін құбылыс болса керек. «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деп мақалдап жатады. Яғни әйел затының тегіне, шыққан жеріне байланысты осылай дейді. Зер салып қарасақ мұнда үлкен мән-мағына, сыр жатыр.
Белгілі ғалым Советхан Ғаббасовтың айтуынша, адам жанының 12 каналы болады екен. Бала жарық дүниеге келгенде осы он екі канал я ашық, я жабық болып туады. Сонда бұл жанның он екі каналы ананың құрсағында жатып-ақ ашылады екен. Ал осы жанының он екі каналы ашылмаған бала ғылым-білімге енжар, қауқарсыз, қа­бі­лет­сіз, махаббатсыз болады екен. Бұн­дай сәбилер түптің-түбінде өзін де, Құдайын да, қоршаған ортаны да тани алмайды деседі. Осыдан-ақ әйел­дің бала тәрбиесіндегі рөлінің қаншалықты маңызды екенін өзің­із аңғара беріңіз. Мұхамеджан Таза­бе­ковтің айтыста айтатынындай «Тек­­тілік үлгісіндей Зере әжеміз, Құ­нан­байды дәретсіз емізбеген». Ұлы Абайды Абай еткен, әлемге танытқан осы Зере анамыз емес пе? Ұлжан соның жалғасы. Мұндай әңгімелерден мысал келтірсек тауыса алмасымыз анық.
Тексіздік дегеніміз не? Бұл сөзді есту кім-кімге болсын ауыр. Дегенмен тексіздікке анықтама беру оңай да емес. Себебі әркімнің тектілік туралы түсінігі әртүрлі. Біреу үшін ешқан­дай әсер етпейтін жағдай, тағы біреу үшін нағыз тексіздіктің көрінісі болуы мүмкін. Алайда, менің ойыма кейде тексіздікті өзіміз қолдан жасап жүргендей көрінеміз. Оны әркімнің өз еншісіне қалдырсақ.
Әкемнің көйлектерін, шалбарын анам бөлек-бөлек, жалықпай же­ке-жеке жуатын. Неге сонша жұмысты көбейтіп, әрбір киімді не­сіне жеке-жеке жуады екен деп балалық жалқаулық меңдеп тұратын. Сөйтсем оның астарында да үлкен тәрбиелік мән бар екен ғой! Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебесіндегі Тұрардың «көйлегіңнің жағасы кірлеп кетіпті ғой» деген бір ауыз сөзге бо­ла жарылып кете жаздап ашуланатын сәті ойыма келді. Қандай тектілік десеңізші?
Мәшһүр Жүсіп: әкесі қанша жерден ғалым болсын, шешесі надан болса, бала соны жақсы көргендіктен надан болып өседі, – дейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөздің мәнісі – қазақ, ел боламын десең әйелдің жағдайын жаса, оқыт, тәрбиеле – сонда ғана ел боласың дегенге саяды.
Қорыта келе әке де, ана да текті болу керек. Бала ер адамның белінде, ананың құрсағына түседі. Құрсақ – мейірім деген сөз. Дана халқымыз «Құрсағы алтын ғой», «Жатыры жаманнан қандай бір жөнді бала тусын» – деп жатады. Ананың жатыры жақсы болу керек. Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық деген нақыл да бар. Дінімізде «Әйел заты сендердің егістіктерің» дейді. Яғни дәнді өсіп жетілдіретін құнарлы топырақ әйел заты деген. Әйел адамның маңызы өте зор. Тектінің тұяғы – қазақтың тұяғы. Тектілік қасиет – қазақтың қасиеті. Осы бір даналық сөздерге лайықты болайық, ағайын!

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
02 маусым 2020 ж. 3 260 0