Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанға сапар

Түркістанға сапар

Киелі Арыстанбаб кесенесі – еліміздегі саяхаттауға арналған қасиетті мекен. Ғажайып кесене – көне Отырар жеріндегі мемлекет қорғауына алынған ескерткіш. Арыстанбаб кесенесі ХІІ ғасырда өмір сүрген діни қайраткер, уағызшы Арыстанбаб қабірінің үстінен тұрғызылған. Бабтардың бабы – Арыстанбаб Қожа Ахмет Яссауиге ұстаз болған. Аңыз бойынша Арыстанбаб шәкіртіне Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан қалған құрманы жеткізген. Қожа Ахмет Яссауи 23 жасқа келгенде ұстазы дүние салып, Отырарға жерленеді. Бұл күнде киелі мекенге айналған жерге еліміздің түкпір-түкпірінен бабаға зия­­рат етушілер легі көп.

Жақында аудандық білім бөлімі мен бі­лім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы игі­лікті істің басынан табылды. Бір топ арда­гер-ұстаздардың киелі жерге саяхатқа шы­ғуына жағдай жасады.

Таңертеңнен жайлы көлікке мінген ардагер-ұстаздар аудандық тарихи-өл­ке­тану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Қуандықованың жетекшілігімен көне Отырарға жол тартты.

Түс мезігілінде Арыстанбаб мәңгілік мекен тапқан киелі жерге келіп, баба рухына зиярат етушілер көне ескерткіштің сырына қанықты.

– Киелі Түркістанға, оның ішінде Арыс­танбаб кесенесіне зиярат етуге соңғы рет осыдан 3-4 жыл бұрын келгенмін. Адамның жанына рухани күш беріп, бабаның рухына зиярат етіп, Алладан тілеуімізді тілеп, қасиетті судан дәм таттық.

Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы санал­ған Арыстанбаб Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғам­бардың елшісі болған. Аңыз бойынша бір күні Мұ­хам­мед (с.ғ.с) Пайғамбар шә­кірттерімен киелі жеміс құрманы жеп отырғанда бір құрма ыдыстан құлай береді. Сонда Пайғамбар ішкі дауысты естиді. Дауыс «Бұл құрма сізден кейін 400 жылдан кейін туылатын мұсылман бала Ахметке арналған» дейді. Міне, Пайғамбардың өсиетімен Арыстанбаб 400 жыл бойы сол құрманы сақтап, иесіне берген екен.

Қасиетті жерге тәу етіп қайтуға де­меушілік жасаған азаматтарға айтар ал­ғысымыз мол. Рухани демалып қайттық. Жаңғырған жаңа Түркістанды көзімен көру бақыты бұйырды. Шын мәнінде, рухани астанаға айналған Түркістанға келушілер саны көп екен. Керемет, айналаға қарасаң көз сүйсінеді, – дейді ардагер-ұстаз Сұлу­пан Шамшадинова.

Қасиетті мекенге сапар шеккен ардагерлер Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, тәу етті. Бабалар рухына тағзым етіп, арнайы Құран бағыштады.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
21 желтоқсан 2021 ж. 581 0