Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көркем мінез – жанның айнасы

Көркем мінез – жанның айнасы

Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сол себепті де немістің әйгілі ойшылы И.Гете «Мінез-құлық – әркім өзінің кейпін көрсететін айна» десе керек-ті.
Әдетте, біз адамдарға қарап «мінезі жақсы екен» деп мақтап немесе «мінезі жаман екен» деп сынға алып жатамыз. Қарапайымдылық, адамгершілік, адалдық, өзгелерге жақсылық жасау, қиындыққа сабырлық таныту сияқты жақсы қасиеттердің бәрін көркем мінезге сыйдырамыз. Ал кісіні менсінбеу, сабырсыз болу – бұл адамзат баласына тән қылықтар емес.
Мінезі көркем жандарды кейде жүздерінен-ақ аңғаруға болады. Жан-жағына әрдайым нұрын шашып, бәрімен тез тіл табысып, тек ақ ниет пейілмен жүретін жандарды әрине тез аңғарасың. Ал қай кезде болмасын қабағы қатулы, өз ортасында менмендікке салынатын жандар да жоқ емес, бар. Олардың көпшілікпен тіл табыспай, ұнамсыз кейіпте болатыны мәлім. Бірақ мінезі ұнамады деп, көкірегінен итеруге де болмайды. Өзің қанша жақсы болсаң да мінезі жаманды ұнатпау – жақсы қасиет емес. Дана Абай атамыз: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, «адам мінезін түзеп болмайды» деген кісінің тілін кесер едім» деген екен. Бұл дегеніміз адам бойындағы ең жаман деген қасиеттердің өзін өзгертуге болады деген сөз. Тек ол адамда өзгеруге деген ниет пен ынта-жігер болса жеткілікті.
Рухани дүниесі бай, қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адам­дарды толық мінезді адам дей­ді. Мұндай адам құйындай ұйытқып тұр­майды, оның қастерлейтіні – әркез сөз бен істің бірлігі. Осы ретте, мінездің көркемдегі мен әсемдегі мәдениеттен бас­тау алатынын айта кеткен жөн. Бұған қатысты М.И.Калинин: «Мәдениеттілік – беті-қолды жуудан бастап, адамзат ақыл-ойының биік шыңына дейін қамтитын кең ұғым» деген. Сол айтқандай, мәде­ниеттіліктің ең биігінде тұру үшін әркім өзін рухани жағынан тәрбиелеу керек. Түптеп келгенде, мінезді бір қалып­ты ұстау үлкен мәдениеттілікті талап етеді.
Адамның қадір-қасиеті мінез-құлқына қарай бағаланатыны әуелден белгілі. Ол адам өміріне толық әсер етеді. Келісті мінез өмір кеңістігінің төріне шығарса, жағымсыз мінез биікке жетелемейді. Сондықтан көркем мінезді адам болу үшін адамның адамгершілік қасиеттерді бойына жақын ұстауы қажет. Ал көркем мінезге ұмтылу, көркем мінезділерді жақсы көру, сыйлау, оларға ұқсап бағуға тырысу – ол жақсы адамдар қатарынан.
Әйгілі Саққұлақ би «Адамның жеті жетекшісі бар: басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушы – халық» деген екен. Сол себепті әрдайым қорғаушымыз бола білген жақсы мінезімізбен ғана айналамызға шуақ шашайық.

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
штаттан тыс тілші

16 маусым 2020 ж. 11 825 0