Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих таңбалаған тарихи орын

Тарих таңбалаған тарихи орын

Қожжан қожа – Қожа Ахмет Иасауидің ізін басқан, бірқатар түркі тектес халықтар таныған, Түркістан төңірегіне белгілі дін ілімінің ірі білгірі болған қажы Мәді (Дуана) қожаның ең үлкен баласы. Ол әулие кісі болған. Өзінен кейінгі тетелес бауырлары Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед қожалар да ел-жұртқа танымал дін өкілдері, ел мен жерге қорған бола білген білекті де жүректі батыл тұлғалар болыпты.

Сырдария өзенінің бір сағасы Баршындарияның бойындағы ежелгі қалалардың бірі Асанас қаласы маңындағы Мақпалкөлді Асанас әулие мен жары Наушан мекен еткен екен. Жаугершілік заман­да жеті баласы бірдей соғысқа аттанып, жалғыз қызы Мәликесі көз қуаныш болған. Бір күні әулиенің үйіне жалаңаяқ, жалаң бас, қолында құсы, соңында тазысы бар бір дәуріш келіп қонады. Түн ортасында қос қария қонағының үстіне түскен жарық нұрдан оянып, оның тегін адам емес екенін сезеді. Содан әулие жалғыз қызы Мәликені жалаң аяқ, жалаң бас келген Мәді-Дуана қожаға қосып, көңілдерін бір демдейді. Осы Мәді мен Мәликеден Қожжан мен Қылыш дүниеге келген. Ел кезіп, ілім тарата кеткен Мәдінің Пірзада мен Бахмұхаммед деген ұлдары кейінірек іздеп келіп, ағаларымен табысқан көрінеді.

Қожжан қожа Орталық Азияға әйгілі ілім орталықтары Самарқан мен Бұқара шаһарларындағы дін медреселерiнде оқып, діни білім алған. Ол медресе қабырғасында Ислам дінінің тінінің беріктігін, қары­мының қуаттылығын, негізінің нәрлілігін жете түсініп, одан әрі дін ғылымының терең де тұнық тұмасынан сусындауды мақсат тұта­ды. Осы ізгі де айқын мақсат жетегімен Сирияда, Дамаск шаһарында білімін жетiлдiрген. кейін елге оралады.

Ерте кезде Иранның шығыс бетін билеуші халифтер Әзіреті Әлінің ұрпақтарын мойындағысы келмей, оларды қуғындау жолында болады. Әлидің ұрпақтарына «керемет көрсетпесеңдер, сендерді мойындамаймыз» деген сыңай танытады. Ол кезде кереметі бар кісілерді мұсылмандар уәли (әулие) деп таныған екен. Ал кереметті болу – Алла Тағаланың әулиелерге берген сауғасы, шексіз махаббаты деп танылған. Міне, қажетті жерінде осындай керемет көрсету қажы Мәді (Дуана) қожаға дарыпты. Ол кісі дұғаның күшімен керекті жағдайда кереметін киік, бүркіт және жолбарыс бейнесінде көрсетеді екен. Қажы Мәдi (Дуана) қожаның осы үш кереметі Қож­жан қожаға дарыған деген сөз бар ел арасында. Оның басқа дін иелерінен ерекшеліктері – оның дін ғұламасы болумен қатар, оның көріпкел, әулиелік және емшілік атақпен көпке танымал болуында. Осы қасиеттерімен қалың елге танылған ғұлама туралы:
Айбарлы ақсүйекте Қожжан әулие,
Төресі тектiлердiң болған әулие,
Пір тұтқан қарақалпақ, қазақ пен сарт,
Ілімі басқалардан озған әулие, – деген өлең шумағы бізге өткен ғасырлар қойнауынан жетіп отыр.

Қожжан қожа – Мұхаммед Ханафияның отыз бірінші ұрпағы. Оның мәңгілік мекені Айдарлы мен Жетікөл ауылы арасындағы қо­рымда. Қожжан қожа кесенесі ХҮІІ ғасырдың аяғында салынған. Мем­лекет қамқорлығына алынған тарихи ескерткіш болып саналады. Кесенеде Қожжан қожаның бауырлары Қылыш, Пірзада және Қожжанқожаұлы Полат жатыр. Айта кететін бір ерекшелік, Полаттың мүрдесінің жартысы кесененің ішінде болса, жартысы кесененің сыртына жерленген. Діни ілім таратып, Арқада өмірін өткізген Полатқа топырақ осы жерден, яғни ата қорымынан бұйырыпты.

Қожжан қожа қорымында талай тарихта аты қалған тұлғалардың жаны жай тауыпты. Олардың қатарында Ахмет Тайшықұлы мен Ма­саты Жақыпбекқызы бар. Ахмет – қазақ тарихындағы белгілі сұл­танның бірі Тайшық Кенесарыұлы баласы. Ол да ел басына күн туған­да қорған бола білген батыр. Сондай-ақ қорымда мемлекет қара­уындағы Сүнбибі кесенесі де орналасқан.

Аудан төңірегінде орналасқан тарихи орындар тұлғалар ұрпақ­тарының ата-баба аруағына деген құрметінің арқасында сақталып, зиярат жасаушыларға қолынан келгенше қызмет көрсетуде. Басына мешіт, қонақжай, ескерткіш белгі орнатылып, келген кісілердің көңі­лінен шығуға әрекет жасалуда. Қожжан қожа кесенесі, осы маң­дағы «Асанас» қалашығы тарихи танымдық ішкі туризмді дамы­туға сұранып тұрған тарихи орындар. Бұл мақаланы жазудағы мақса­тымыз, өткенін қастерлей білген елде осындай тарихи орындар­ға көңіл бөлсе деген ниетіміз еді.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Бесарық ауылы

16 сәуір 2022 ж. 711 0