Қостанайлық қарт бір қолынан айырылғанына қарамастан домбырада шебер ойнайды
Айтбай Мұздаханұлы музыкалық білімі жоқ болғанымен 70-ке тарта күй шығарған. 36 жасында малдың жем-шөбін дайындайтын цехтағы агрегатты дайындап жүріп бір қолынан айырылған, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Күйшілік өнер қанмен дарып, сүйегіме сіңді. Атам Молдаш өнерден құралақан емес еді. Ауылдағы той-томалақтарда күй тарту үшін арнайы шақыртып отырған. Таңнан кешке дейін домбырасын тастамайтын көрінеді. Соған қарағанда, ол кісі күйлер шығарған болуы тиіс. Нақты дерек сақталмаған. Әкем де одан ерте қалды. Өзі етікші болғанымен, белгілі бір уақытын домбыраға арнаған. Алғаш рет 7 жасымда домбыра ұстатты. Кейде, ұрып тұрып оқытатын. Әуелгі үйренгенім Ахмет Жұбановтың «Қарлығашы» болды. Сөйтіп, атамның бізге қалдырып кеткен байлығы – домбыраны үнемі жанымнан тастаған емеспін», – дейді Айтбай Мұздаханұлы.Айтбай Мұздаханов 36 жасында өзі шығарған күйлерін орындап облыстық байқаудың бас жүлдесін алған. Республикалық іріктеуден өтіп, кеңестік елдердің көркемөнерпаздар фетиваліне жолау алған уақытта абайсызда бір қолынан айырылған. Малдың жем-шөбін дайындайтын цехтағы агрегат шынтағына дейін қолын туап кеткен.
«Келесі күні одақ жарысына аттанатын болғанбыз. Үйдің жұмыстарын бітіріп кетейін деп жүргенмін. Малға азық дайындайтын цехтағы агрегатты тазалап жатқанда машина қолды орап әкетті. Көзім қарауытып, отыра кеттім, – деп еске алады күйші.
“Бұл менің бірінші қиналғаным емес еді. 13 жасымда сол қолымның үш саусағы бүгіліп, икемге келмей қалды. Қазақы үйде өстік. Қыстыгүні қырауда тоңбау үшін бәрімізді оттың айналасына жан-жағымызды қымтап, отырғызып қоятын. Сондай кезде сол қолымның екі саусағын байқамай отқа басып, күйдіріп алдым. Дәрігерге қаралатын шама қайда, солай кем болып бітті Артынша әкемнен айырылып, соққы үстіне соққы тиді. Содан аурухана төсегіне таңылдым», – дейді күйші.
«Совхоз директоры Әбдісалық Нұржанов шақырып жатыр дегесін, кеңсеге келдім. Біраз әңгімеден соң ол маған өнерге қайта келуімді сұрады. «Сенің күйлеріңде өзгелерге ұқсамайтын басқаша әуен, сарын бар. Қайтсең де қолыңа домбыра ал. Шолақ қолға сым байлайсың ба, ағаш байлайсың ба, өзің шеш» дегені әлі есімде. Басында әзілдеп айтқан шығар деп жүрдім. Не керек, директордың әлгі сөзі құлағымнан кетпеді. Күндер өте берді. Саусақ орнына сым байлаған мына Айтбай қайтадан домбырасын қолына алды. Бір жыл өтер-өтпес уақытта «Елім-ай» күйі өмірге келді. Бұл «сексен алтының» зары еді. Жыл бойы іште тынып жүріп барып, сыртқа шықты. Күніне екі күй шығаратын кездер болды. Түнде ұйқы жоқ. Ойға небір ғажап сарын келіп жатады. Тұра салып, магнитофонға жазып аламын. Қолдан айырылғаннан кейін күй тарту оңай болмайтын сияқты көрінген. Адам басына қиындық келсе, көп нәрсені өндіреді. Соны түсіндім», – дейді күйші.
Күйші «Айтбайдың сарыны», «Амангелді дүбірі», «Қараша қыз», «Бозтайлағы» т.б. көптеген күй шығарған.
«Домбыра сөйлеп тұруы тиіс. Ол қазақтың тарихын асыра жеткізді. Оны бұрындары ешкім бағаламады. Жас ұрпақ бұл олқылықтың орнын толтыруға міндетті. Қаншама күйшілердің зары қалды, сақтап қалатын мүмкіндіктер болмады. Ұлттық домбыра күні бекітілді. Мұны естігенде қатты қуандым. Қазақ өнерінің тамырын тоқтатпайтын домбыра ешқашан өлмейді. Жас өскінге осыны ұғындыру керек», – дейді ол.
Негізгі мамандығы – электр-механик. Бүгінде 80 жасқа толған қария домбырасын әлі де серік етеді.
Источник: Stan.kz