Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «АЙТБАЙ АРЫҚ» ҚАЗЫЛЫП, АЯҚСУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«АЙТБАЙ АРЫҚ» ҚАЗЫЛЫП, АЯҚСУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ


Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері, өтініштері аудандық «Қоғамдық кеңес» арқылы жан-жақты талқыланып, уақытылы орындалып жатқаны белгілі. Апта ағымында аудандық «Қоғамдық кеңеске» кент тұрғындары тарапынан аяқсу мәселесіне қатысты түскен өтінішті кеңес мүшелері жан-жақты талқылап, тағы бір мәселенің шешілуіне ықпал етті.
Нақтырақ айтар болсақ, «Айтбай арық» каналының сағасы тазаланып, аяқсуға қатысты мәселе шешілді.
Аудандық «Қоғамдық кеңестің» кезекті отырысында Тереңөзек кентінің бұрынғы О.Мәлібаев аумағындағы «Айтбай арық» каналын қазып, сағасын тазалау жөнінде мәселе көтерілді. Тұрғындар үшін өзекті мәселені күн тәртібіне шығарған аудандық «Қоғамдық кеңес» мүшелері аталған каналды демеушілік есеппен тазалау қажеттігін айтты. Өз кезегінде аталған мәселеге қатысты кеңес мүшелерінің пікірі, ұсынысы хаттамаланып, облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыть» ЖШС директоры Расул Есенов пен қалалық мәслихат депутаты, «Бақ-береке 2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаровқа өтініш жолданды. Ал, халық қалаулылары аудандық «Қоғамдық кеңес» мүшелерінің өтінішін уақытылы орындап, каналды қазып, тазалап берді. Осылайша, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған аудандық «Қоғамдық кеңес» арқылы кент тұрғындарының мәселесі оңтайлы шешімін тапты.
– Соңғы жылдары ауданда демеушілікпен көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл халықтың бірлігін, берекелі іске бейім екенін білдіреді. Әрине, «Айтбай арық» каналын қазу есік алдына бақша дақылдары мен көкөніс өнімдерін егетін тұрғындарға аса қажет. Бүгін каналдың сағасы тазаланды. Тұрғындар өз ризашылықтарын білдіруде, - дейді аудандық «Қоғамдық кеңес» төрағасы Марат Омаров.
Ал, халық қалаулысы Расул Есенов бұл іске өз үлесін қосуды азаматтық парызы санайды.
– Осы ауданда туып, өстік. Сол себепті, тұрғындардың қолдан келетін өтініштерін орындауға әркез атсалысамыз. Тиісті техника мен мамандарды бөліп, «Айтбай арық» каналын тұрғындардың өтінішіне сәйкес тазалап бердік. Каналдың сағасын тазалау бір жағынан сауапты іс,- дейді облыстық мәслихат депутаты Расул Әбутәліпұлы.
Жалпы,  ауданымызда бұған дейін де демеушілік негізінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Халық қалаулылары тарапынан 1 млн.теңгеге жуық қаражатқа «Айтбай арық» каналының тазалауы соның дәлелі. Бұл аудан азаматтарының игі іске ұйыса білетін ынтымағының, ауызбіршілігінің көрінісі іспетті. Алдағы уақытта да осы тектес жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің
баспасөз хатшысы.
08 мамыр 2018 ж. 1 246 0