Ат қойғыш ауыл
Ілгеріде Қалжан ахун ауылына Қайрақбай Нұрбаевтың үйіне институтта бірге оқыған журналист досы келеді. Көпті көрген жақсы адам екен. Ағаның аты-жөні Ізбасар Мұстафаев. Әңгіме арасында Жалағашта ат қойғыш «Мәдениет» деген ауыл барын айтады. Ауылға келген адамдарға басшы немесе қосшы болсын міндетті түрде сыртынан ат қойып жібереді екен. Ол ат ауданға жайылып сосын құтыла алмай сыртыңнан жабысып қалатын көрінеді.
Бірде әлгі журналист ағамыз сол ауылда егін науқанында уәкіл болыпты. Қайтарында дала қосындағы аспаз жеңгейден сыр тартып, «ақыры ауданға барғанда естимін ғой, маған қандай ат қойдыңдар?» – деп қоймапты. Журналист аға «Кепкен қабық» деген өзінің атын есітіп, «Ат қойғыш ауылға» атты дәл тауып қойғанына риза болып, жүрген жерінде айтып жүреді екен. Өкіл ағамыз өкілдіктің бір ай уақытын дала қосының төрінде аяғын айқастырып асып қойып, кітап оқумен өткізген.
Оқиға былай болған. Күзгі күріш науқаны жүріп жатқан уақыт. Кешке бригадир атпен жұмысшылар жатағына келеді де ас дайындап жатқан әйелден сұраса керек, «ауданнан уәкіл келеді деп еді, келген жоқ па?» – деп. Сонда әлгі әйел кісі: «Уәкіл, пәкіліңді білмеймін, іште кроватта «кепкен қабыққа» ұқсап біреу жатыр» деген ғой. Жол жүріп шаршап келген соң кішкене жата тұрайын деп ортасы түсіп кеткен ескі кроватқа аяғын айқастырып шалқасынан жатқан екен ағамыз. Содан ағамыздың лақап аты «Кепкен қабық» аталып, ауданға тарап кеткен көрінеді. Ол кісінің пошымы да ап-арық, реңі әбден күнге күйген, сол атаған «затқа» жобасы дәл келеді екен. Менде байқап ішімнен күлгенмін.
Қазақи ел ат қойғыш келеді, жарықтық! Қайран ақ көңіл ағаларым-ай, елдің қойған атын ренжімей мойындап алып жүрген. Осы кезде, көзіңді бақырайтып қойып солай атаса, арты қалай болар екен – деп те кейде ойланам.
Қой кезегі
Көрші ауылда малды кезекпен бағуға ел дағдыланған. Бір күні Тәкең деген әзілқой ағамыз айына бір келетін қойдың кезегін күре жолдың жағасында жайып жүреді. Қаладан тойдан қайтып келе жатқан бір құрдасы оны көріп қалып «кезекшіліктің жауапкершілігін» айтса да қоймай, тойдың сарқытымен бөліседі. Сонымен Тәкең құрдасымен ықтап отырған жыңғылдың түбінде ішкені буынға түсіп ұйықтап қалыпты. Тойшыл досы өз шаруасымен машинасына мініп кетіп қалады. Төкең кешқұрым оянса жайылып жүрген мал жоқ. Жан жағына қарап ауылға қарай тартады. Жолда ауылда паданы күтіп жүретін кісілер бар емес пе. Соның біреуі:
– Ой, Төке, бүгін сіздің кезегіңіз екен ғой... Малдың алды түсте келді, арты бағана келіп болды, өзіңіз енді келе жатсыз, – деп кекеткен болады. Сонда Төкең:
– Малды тойған тойғанынша қайтара бердім ғой. Тойған малды ұстап нем бар, – деген екен, жарықтық.
Құрдас әзілі
Ертеректе күріш егетін диқан қауымы егістікті жағалай қоныстанып, әр жерде кішігірім ауыл болып отыратын. Сәкендік әзілқой Жанбай жездемнің қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізде ерекше орын алатын «құрдастар» туралы айтқан әңгімесі есімде қалыпты: Ол кезде «21 Партсъезд совхозына» Сәкен Сейфулин, Қалжан ахун, осы кездегі О.Мәлібаев ауылдары кіріп, еншісі бөлінбеген кез. Қалжанахундық күрішші Көшербай құрдасының туған күні жақындап «тоқал лағыңды сой, егінші қосында тойлайық» – деп бірде қаужаған көрінеді. Оған Көшекең ананы-мынаны сылтауратып көнбейді. Болмаған соң Жәкең бригадтың газигімен шофері екеуі сәскеде Көшекеңнің ауылына барады. Үйінде адам жоқ. Киіз үйдің есігіне мал кірмесін деп леген тіреп кеткен екен. Екеуі дастарханнан ауыз тиіп ашытпа ішіп шығарда көздері – көк қамыспен жауып қойған босағадағы «ұраға» түседі. Ашып қалса, бір қап сүрленген жылқының семіз еті мен қазы қартасы екен. Жездем құрдасымды қатырайын деп еттің үштен екісін аударып алып дала қосының үлкен қазанына апарып асады. Түске жақын Жәкең жақын отырған диқаншыларға: «Полевойда» Көшербай мен Ақшабақ Құран оқытып жатыр – деп хабар бергізеді. Ас егелеріне шақырудың себебін айтпай, тек «бригад» тамақ ішіп кетсін деп жатыр – дейді. Дала қосы толған адам. Асылған жылқының семіз сүр етінің хош иісі мұрынды жарып барады. Қатарласып буы бұрқыраған самаурындар. Келген кісілер ас егелеріне ризашылығын білдіріп, қабыл болсын айтып жатқан көрінеді. Олар аң-таң. Табақ тартылып сөз алған Жәкең «Бүгін Көшекеңнің туған күні, алдымен Құран оқытып жатыр» – деп бір қағытып өтеді. Көшекеңде үн жоқ. Ақшабақ жеңгеміз тұра сала үйіне қарай тартыпты. Құран оқытылып болар болмастан – «ренжіп кетті ме» деген жеңгеміздің қарасы алыстан көрінеді. Сандыққа тыққан тәттісі мен ащысын арқаланып келіп дастарханды жайнатып жіберген екен. Көпті көрген, он баланың анасы Ақшабақ жеңгеміздің бұл іс-қимылына қалай риза болмайсың, құрдастарының әзілдеріне еті үйренген жан. Кейін бұл оқиға ауылға тарап кеткен. Қазақтың салт-дәстүрінде құрдастық әзілдері, елдің ауызбіршілігін сақтауда ерекше орны болған. Құрдастар, ағайын-туыстай бірін бірі іздеп, жақын тұтып қатынасқан. Олардың ойындарының арасына адам түспеген. Кейбір әзілдің арты салмақты жанжалға барып тұрса да түсінікпен қарап, кешірімшіл болған. Адам есейген сайын қалжыңмен бірге құрдас та азая береді. Барған жерде сол қатарыңды іздейсің. Өміріміздің қызығы мен қиындығын қатар бөлісіп келе жатқан тілекші, серік, құрдас достарымыз аман болсын!
Қосан ағаның әзілдері
Қосекең үлкейген шағында күнде Қалғандария бағытына сиыр айдайтын. Бір күні жұмысқа бара жатқан көршісі Байырбек: «Аға, жағдайыңыз жақсы, путевка алып демалмайсыз ба?» – деген де, «Ай, інім-ай, путевка алғаным қашшан, демалуға өшірітім келмей жатыр. Әлде, Құдекең ұмытып кетті ме екен» – деп Бәкеңді ұялтып тастапты...
Қосекең бір күні есекпен Сәкен ауылынан құдайыдан қайтып келе жатса, жолда жақын бір балдызы бұлармен жарысып жаяулатып ұрып келе жатыр дейді. Балдызына ойнап «кел, артыма мінгес, Тереңөзекке апарып тастайын» – десе, «Сен кәрі шал ренжіме, мені темір тұлпар алған соң апарарсың» деп қағытқан екен.
Сонда Қосекең «Ай, балдыз мен емес, мына есегім ренжіп келе жатыр, ана жамбасы жұмсақ сұлу келіншекті жауыр болған арқама бір отырғызбадың» – деп серіктерін күлкіге қарық қылған екен.
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі