Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқан мен журналист

Диқан мен журналист

Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен шыққан қасиетті Сыр өңірі – бекем бірлік пен көркем тірліктің қазыналы ордасы. Аймақтың символы мен көркі болған күріш дақылын білмейтін, тұтынбайтын адам жоқ шығар, сірә. Ал сол қастерлі дақылдың дәнін Жер-Анаға егіп, ала жаздай бел жазбай күтіп-баптап, халыққа ұсынатын еңбексүйгіш адамды ел-жұрт диқан деп құрмет тұтады.

Аграрлы өңірде диқандардың орны, еңбегі әркез жоғары бағалана­ды. Адал еңбекті ту еткен мамандық иелерінің қажырлы еңбегін ақындар жырына, сазгерлер әніне қосса, жаңа­лық­тың жаршысы, еселі еңбектің насихатшысы болған қалам­герлер қауымы егіншілердің қарапайым тұрмыс-тіршілігін, маңдай тері мен жетістігін түрлі бағыттағы шығармаларына арқау етіп келеді.

Біз бұрыннан білетін, етене танитын Шухрат Бизақов – үздік диқан ғана емес, мерзімді басылымдардың тұрақты оқырманы. Еңбекпен есейген саяси сауатты азамат жалынды жастық шағынан бастап «Мағжан және К» толық серіктестігінің өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді. Алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған ол күрішші болып нәтижелі еңбек етті. Қазір серіктестікке қарасты №7 бригаданың бригадирі.

Сәрсенбінің сәтінде егін даласына барған сәтімізді Шухрат Бизақов бригада мүшелерімен бірге жерді тегістеу жұмыстарын пысықтап жатыр екен. Бұйырса, сәуірдің үшінші онкүндігі бас­талысымен жерге дән сеуіп, күтімге алмақ ниетте. Биылғы меже – 610 гектар алқапқа күріш егу. Егілген күрішті күтіп-баптап, ел қамбасын алтын дәнге толтыруды мақсат еткен еңбексүйгіш азамат бізді қуана қарсы алды. Осындайда «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген тағылымды сөз еске түседі.

– Бүгінгі түскі үзілісте бригада­мыздың үлкен-кішісі өңір жаңалық­тары жөнінде пікірлескенбіз. Қолымыз қалт етсе кітап пен газет-журнал оқимыз. Бұрын дала қосында бірнеше күн егіншілермен бірге жүріп тамаша шығармалар жазған жазушыларымыз көп болды ғой. Сол қаламгерлердің бүгінгі ізбасарлары біз туралы, жалпы диқандар туралы тұшымды туындылар жазса деп ойлаймыз, – деп бастады бізбен әңгімесін Шухрат ағамыз.

Бізді бригада мүшелеріне, оларды бізге таныстырып жатқан серіктестік директорының орынбасары Медет Мауханов биылғы егін науқаны мен «Дала күні» іс-шарасына дайындық барысы туралы айтып өтті. Су тапшылығы мәселесінің жылдан-жылға күрделеніп жатқанына назар аударған шаруалар Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен былтырғы жылдың жемісті қорытын­дыланғанын тілге тиек етті. «Биылдан үмітіміз көп. Жігіттер де сақадай-сай. Техникамыз да жаңарып, қол еңбегі азайып келеді. Мұның бәрі елдегі бейбіт күннің берекесі, ырысты ынтымақтың нәтижесі» деп жалғады Шухрат аға әңгімесін.

Диқанның айтуынша, әкесі де шаруа адамы болыпты. Аманжол Бизақов Нағи Ілиясов ауылында ұзақ жыл механизатор болып еңбек еткен. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, елу жасты еңсерген Шухрат ағамыз бүгінде әкесінің жолын абыроймен жалғап келеді. Шаруашылықтың №7 бригадасына жас та, жасамыс та топтасқан. Үлкені биыл зейнет демалысына шығатын азаматтар болса, ең жасы жиырма жаста екен. Бригадир жастардың ынтасын, ұмтылысын жоғары бағалайтынын айтты.

– Еңбек етемін деген жасқа барлық мүмкіндік бар. Біздің серіктестік жастар үшін барынша жағдай жасауда. Абзал, Дархан, Мағжан бауырларымыздың басқаруымен серіктестіктің жұмысы жүйеленген. Ел Президенті мен облыс әкімінен бастап еңбегімізді ел-халық лайықты бағалауда. Айтпақшы, көлігімде «Ақмешіт апталығы», «Тіршілік тынысы» газетінің соңғы нөмірлері бар. Басылымда біздің серіктестік туралы жазылған. Арнайы сақтап қойдым, – деді Шухрат Бизақов.

Журналист үшін жазған дүниеңді өзгенің бағалап, қадір тұтқанынан асқан қуаныш бар ма. Әріптестеріміздің еңбегін ескерер оқырманның егін даласында да бар екеніне марқайып қалдық. Сол-ақ екен бригадир «Ақмешіт апталығы», «Тіршілік тынысы» газетінің он шақты данасын алдымызға жайып салды. Басылымға ден қойған сол сәтті жас маман Гүлсая Әмзеева суретке түсіріп үлгеріпті. Сондықтан бұл мақалаға «Диқан мен журналист» деп тақырып қойып, газетке жариялауды жөн көрдік. Лайым, диқанның қамбасы алтын дәнге толып, журналистің жазары көп болғай! Тұтынушыға сапалы өнім ұсынып, үздіктер көшін бастаған серіктестіктің де, жақсы жаңалықтың жаршысы болып, өзіндік оқырманы қалыптасқан басылымның да беделі биіктеп, абыройы арта берсін!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
23 сәуір 2024 ж. 86 0