Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі ұстаз тұтқан бригадир

Облыс әкімі ұстаз тұтқан бригадир

1998 жылдың жаз айының демалыс күні болатын. «Облыс әкімінің бірінші орынбасары біздің ауылдың күріштігін аралайды» деген ауданнан хабар келді. Ол кезде Қалжан ахун ауылының шаруашылығы егіннен облыстың алдыңғы қатарын бермей тұрған кезі. Хабар таңертең телефоннан берілді. Шаруашылық директоры Алдаберген Құлбаев ауылда жоқ болатын. Аудандағы басшылар «Мамансыз ғой, өзіңіз күтіп алып, егісті аралатып шығарсыз» деп тапсырды. Шілденің ыстығында ауылдың паспортының көлеңкесінде қонағымды күтіп тұрғанымда бір джип көлігі келіп жол бойына тоқтады. Көліктен үстінде шолақ жеңді көйлек, джинсы шалбар киген болымды бір жігіт шығып, менімен танитын адамдай құшақтаса амандасты.

«Ауылдың әкімі боларсыз, мен Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаев боламын» деп өзін таныс­тырды. Шілденің ыстығында мемле­кет­­тік қызметтің тәртібін сақтап, қара кос­тюм-шалбар, ақ көйлек, қара галстук таққан мені пошымымнан танып күліпті. Қасында шопырынан басқа адам жоқ. Машина қырман­нан асып егістікке қарай зырғып келеді. Хал жағдай сұраса келе, өзінің жер жәннаты Жетісу өлкесінің тумасы екенін айтты. «Осы өңірге қызметке келген соң, Сыр бойының негізгі дақылы күрішті егу мен күтудің қыр-сырын өз ауыздарыңыздан естіп, көзбен көргім келді» деп қонағым әңгімесін айтып, ағынан жарылып келеді. Ішімнен бір күн бұрын алдын ала хабар айтылмағанына өкініп мен келемін. Алдын ала айтқанда күріш егудің «майын ішкен» күрішші, агроном мамандарды жинап қояр едім ғой. Болмағанда кітап қарап дайындалатын едім. Демалыс күні егістіктің басында кімді табасың. Ол кісінің меңзеген адамы Алдекеңнің де ауылда болмай қалғаны. Оның үстіне күннің ыстығында костюм-шалбар киіп қара терге түсіп қысылып келе жатқанымды байқады ма, «Мәке, қысылмаңыз. Мен дема­­лыс­ты пайдаланып бейресми түрде осы күріштің күтіп-баптауын көзбен көруге кел­дім. Білгеніңізді айтып отырыңыз» деп маған қарады. Мен де қара жаяу емеспін, екі шаруашылықта бас инженер, гидротехник қызметтерін атқарып, күріштіктің басында жүрдім. Осындайда адамның ойы жан-жаққа шашырап, жүйелі әңгіме де айта алмай келе жатқанымды өзім де сезіп келемін. Көлік «Әйтек» каналынан асып күріштікке жақындағанда алдымыздан бір салт атты адам көрінді. Жақындап келгенде «Құдай мені өлтірсін бе?» жаңағы атты адам осы жердің өндіріс бригадирі Жарылқасын ағамыз болып шықты. Дереу билікті қолға алып, қопаңдап машинаны қасына тоқтатып жатырмын.

Жерге түсіп, әкем тіріліп келгендей қуанып, Жәкеңді әкім мырзаға таныстырып жатырмын. Ерташов Жарылқасын ағамыз 1944 жылғы, Шолақ арық ауыл советіне қарасты Бостандық жолы колхозының тумасы. 1951 жылы Тереңөзектегі Жданов атындағы мектепті, одан қаладағы механизатор­лар дайындайтын техникалық училищені бітірген. Әскерден келгеннен бері осы күнге дейін осы шаруашылықта жаткист-механизатор, агроном, бригадир қызмет­­терін атқарып келеді. Сөйтіп бізге Жәкең ойламаған жерден қосылды. Ол кісінің білім­­ділігіне, сөз саптау мәнеріне Серікбай Өрікбайұлы бірден риза болды. Түсінгенім – алдына жақсы мақсат қойып келген адамға Алла Тағала жақсы адамды жолықтырады екен. Екеуінің әңгімесі жараса кетті. Егістікті, атызды аралап, жерге дән тастағаннан бастап, оның суға бастырылуы, жүз жиырма күндік күтімі, егіннің агро техникалық талаптарын сақтаудағы қағидалары, оның суын тартып, жиналуы әңгіме болды. Сәкең де қолындағы блакнотына маман ағаның айтқандарын түсіріп жазып алуда. Кейін ойлаймын сол кездері Жетісудың жігіті Сыр өңірінің әкімі болуға дайындалып оқып, тәжірибе жинап жүр екен ғой деп. Жарылқасын аға да еңбекпен шыңдалып көпті көрген азамат болатын.


1981 жылы Халық шаруашылығының жетістіктерінің көрмесінің бүкіл Одақтың жеңімпазы болып, ол кезде көрінгеннің тақымына бұйыра бермейтін «Москвич – 412» машинасын сыйлыққа алған. Қазақстан Компартиясының съезінің делегаты, брига­дирліктен аудан, облыс чемпионының лентасын бірнеше рет иығына ілген. «Еңбек Даңқы» орденінің иегері.

Түс ауа қонағымыз бригаданың дала қосы­на аялдап, механизатор-күрішші Рахымбай ағаның үйіндегі жеңгеміз Мақпузаның қолы­нан тапаға піскен ыстық нан салмадан ауыз тиіп, айран, сусын ішті.

Көлік ішінде де, ат арқандап кеткен жер­де де екі ағаның әңгімелері таусылмады. Есімде қалғаны, әңгіме арасында Серікбай Өрікбайұлы Жәкеңе «Қандай байлы­ғыңыз бар?» деп сұрақ қойды. Жәкең «Байлығым жеті ұлым, екі қызым өсіп-өніп, қонысым-өрісім кеңейіп келеді» деді. Құдайға шүкір, үйде бар жағдайды жасап отырған балалардың анасы керейттің қызы Сайлаукүл жеңгең бар. Қорада төрт-бес сиыр, өрісте бес-алты жылқысының да бар екенін айтты. Қоштасарда Сәкең: «Заман өзгеріп, нарыққа көшіп барамыз. Аға, байлықтың ең мықтысы қозғалмайтын мүлікке иелік ету. Келешекте мына жер, ана дала қосы да жекенің қолына өтеді. Сізге айтарым, өзіңіз еңбек етіп тер төгіп жүрген жеріңізден үлесіңізді алып, шаруашылық құрыңыз, кеш қалмаңыз» – деді.


Кейін Жәкең зейнетке шыққанда, ескі дала қосын шамалы жерімен жекешелендіріп алып, шаруашылық құрды. Келесі жылы Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаев облыс әкімі болып тағайындалды. Сәкең 5 жыл әкім болғанда ауылымызда мектеп салынды, көше асфальттанып, мәдениет үйі жөндеуден өтті. 2003-2005 жылдары еліміз­де «Ауыл жылдары» болып жарияланып, оның тұсауы Мемлекет басшысының, министрлердің қатысуымен Қалжан ахун ауылында кесілді. Әкім мен шаруашылық бригадирінің сыйластығының куәсі болға­ныма қуанамын. Оның шапағаты да ауылы­мыздың өркендеуіне өз үлесін қосты.


Жәкең 2008 жылы зейнетке шығып, 2012-2019 жылдары ауылда ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің тұрақты мүшесі болып, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Сұрапыл соғыс жылдардан басталған балалық шақ – қара жұмыспен шыңдалып, Жәкең өмірдегі бақытын осы жасаған еңбегінен тапты десем, артық айтпаған болармын. Елдің алдында қадірлі болды. 1991 жылы астанамыз Алматы қаласында Республика сарайында өткен алғашқы Президентті ұлықтау салтанатына Сыр бойы­ның делегациясы құрамында болып қатысты. Мемлекеттік марапат «Еңбектегі ерен ерлігі» үшін медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қазақта «Алла баламен сынамасын» деп айтады. Бірінен соң бірі оқыс жағдайдан марқұм болған қос ұлының қайғысы ауыл ағасын да құлазытып жіберді. Былтыр ағамыз қайтыс болмағанда, кім біледі, осы жылы сексенге келген жасын тойлап жатар ма едік. Ағайынға сабыр, арты қайырлы болсын демекпіз. Ауылдың ауызбіршілігін ойлайтын, елге ес болған азамат аға туралы ойымызда жылы естеліктер көп...


Марат ОМАРОВ,
Тереңөзек кенті
02 наурыз 2024 ж. 199 0