Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМІРЖОЛ ГЕНЕРАЛЫ

ТЕМІРЖОЛ ГЕНЕРАЛЫ

Әби ағаның өзін көрмесек те есімі бала кезден құлағымызға сіңісті болған. Мамандық туралы сөз болғанда әкем мар­құм айтып отырушы еді: Мектепте бірге оқыған, бала күннен досым Әбидей теміржолшы болар ма едім бәлкім... Жал­ғыз ұл болған соң ата-анам Ташкенге жібермей, Қызылорданың жоғарғы оқу орнында оқығанмын дейтін. Сондықтан балалары біздердің көпшілігіміздің ауыл­дан ұзап шығып, сол кездегі астана – Алматыда, еліміздің басқа қалаларында оқуымызға ықпал жасады. «Жақсыдан шарапат» деген осы болса керек.
Бүгінде еліміздің тұғырлы биігінде жүр­ген азамат Әби аға Сарқыншақовпен ата қоныс – Асқар ауылында кездесіп, ғибратқа толы әңгімесін тыңдадық.
– Ауылымның, ауданның жаңалық­та­рынан хабардар болып отырамын. Өзім еңбек етіп, өмір сүріп жатқан Павлодарға аудандық газетті алдырамын. Аудан ай­на­сының 70 жылға жуық уақыттан бері тұрақты оқырманымын. Ауданның аймақта басты дақыл күріш өндіруден 5 рет қатарынан жеңімпаз болғанын есітіп, қуандым. Ауылға келген күні аудан басшысымен бірге өзім оқыған №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепте және ау­дандық музейде болдым. Туған жерден алған әсерім ұшан-теңіз. Тереңөзек адам танымастай өзгеріпті, – дейді Әби аға.
Елімізге белгілі теміржолшы Ә.Сар­қын­шақов өткен ғасырдың 50-жыл­да­рының бас кезінде Ташкент теміржол инженерлерін дайындайтын институттың қабырғасында жүргенде үздік оқумен қа­тар Өзбекстан теміржолшыларының “Локомотив” баскетбол командасының, сондай-ақ Ташкент қаласы волейболшы­ларының құрамасы сапында ойнаған. Еңселі, сымбатты, бойы сырықтай ұзын ағамыз баскетбол спортын бір адамдай меңгерген. Осы саланың соңына түскенде одаққа белгілі баскетболшы болады екен. Алайда, теміржолшы болуды мақсат тұтқандықтан институт бітіргеннен кейін 1956 жылы Павлодар қаласына жолдамамен жұмысқа барады.
– Әсіресе қыс кезінде қиын болды. Жылы жақтан барған адамға қаланың суық ауа райына бейімделе кету де ауыр тиді, – дейді ағамыз алғашқы еңбек жолын еске алып. Дегенмен жасқа тән жігермен барлық қиындықты жеңіп шықты. Жалынды, іскер жас қатардағы инже­нерден Павлодар теміржол бөлім­шесінің басшысы дәрежесіне дейін көте­рілді. Теміржол саласындағы көп жылғы қажырлы еңбегі ескеріліп, ол 1986 жылы Одақтың жоғары наградасы – Ленин ор­де­німен марапатталды. КПСС ХХҮІІ съезінің делегаты болды. Абзал ағамыз осы жылы теміржол генералы деген атақ­қа да ие болды.
Құрметті теміржолшы Әби Сарқын­шақовтың еліміз егемендігін алған уа­қыт­тағы еңбегі де ересен. Өтпелі кезең­нен бүгінгідей экономикасы дамыған ел­ге айналуымызға ол теміржол сала­сында темірдей тәртіп орнатуымен, жұ­мыс ыр­ғағын сақтай отырып, халық шаруа­шылығы жүктерінің еліміздің түкпір-түк­піріне дер кезінде жетуіне жетекшілік жасап, іскерлік танытты. Сөйтіп, қажырлы азамат Елбасының сеніміне ие болды.
“Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақ­та” дейді халық даналығы. Ол 90-жыл­дарының өтпелі кезеңінде туған ауылына да қамқор қолын созды. Вагон-вагон құры­лыс материалдарын жіберіп, елде жұмыс ырғағының өрістеуіне жағдай жа­сады.
Бүгінде 85 жасты бағындырған сүйе­гі асыл ағамыз әлі де еңбектен қол үз­бей Павлодар теміржол бөлімшесінде бел­сенді еңбек етіп келеді. Әрдайым жүрегі туған елім деп соққан тұғырлы азаматқа зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
25 маусым 2019 ж. 1 306 0