Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегесін көрдік, үлгі тұттық

Өнегесін көрдік, үлгі тұттық

Хайрулла аға Әбенов туралы, ол кісінің адамгершілігі, парасаттылығы жөнінде көп айтуға болады. Біз осы ауданның өсіп-өркендеуі жолындағы қызметімізде ағайдың қамқорлығын көп көрдік. Ол кісі әркез ақыл-кеңесін айтып, ағалық жанашырлығын көрсетіп жүретін. Оның бәрі бір емес, бірнеше кітапқа жүк болатын дүниелер.

Мен Хайрулла ағайдың көп қамқорлығын көрген азаматтардың бірімін. Оның бар­лы­ғына тоқталмай, ол кісімен танысқан кездегі естелігімді айтайын.

Қызмет барысында 1994-2008 жылдар ара­лығында ауданға қарасты Қалжан ахун ауы­лының әкімі лауазымында болып, елді мекенді өркендетуге атсалыстым. Әкім болып тағайындалған кезім заманның қиын шағы еді. Енді ғана егемендік алып, еңсе тіктеп келе жатқан тұс болатын. Елдегі жағдай, халықтың тұрмыс деңгейі қазіргідей емес.

Сол жылы ауылда ас болды. Асқа ауылдың қазыналы қариялары мен игі жақсылары, жастары жиналды. Төрде ардақты ардагерлер мағыналы әңгімелер айтып отыр. Мен төменгі жақтан орын алғанмын. Төрдегі игі жақсылардың қатарында бір кісінің айтқан әңгімесіне барлығы ұйыған. Ол кісінің сөзінен парасатты, білімді кісі екені көрініп тұрды. Сол арада құрметті қария «Ауылға жаңадан жас әкім келіпті. Қазір қайда отыр» деп сұрады. Жанындағы қариялар «Анау жерде отыр» деп мені көрсетті. «Есімің Марат па еді, төрге қарай кел» деп қасына отырғызды. Содан соң «Ағайындар, ауылға жас әкім келіп жатыр. Өзі еңбек майданында шыныққан. Шаруашылықта еңбек еткен. Жас азаматқа ауыл болып көмек көрсетейік. Ауылда қандай жағдай болса да оның жүгін көтеретін осы жігіт. Мейман келгенде «Елінде басшы кім?» деп сұрағанда осы азаматтың есімі аталады. Сондықтан ауызбіршілігі, ынтымаға жарасқан ел ретінде барлығымыз қолдау көрсетейік, төрден орын берейік, ортамызда болсын» деді. Мен Хайрулла ағаймен осылай таныстым. Сөйтсем, ол кісі осы Қалжан ахун ауылының тумасы екен. Қамқор ағалардың, берекесі тасыған елдің қолдауымен ауылға 14 жыл әкім болдым. Хайрулла ағай да 14 жылдан аса Ақжарма ауылында порторг болып жұмыс істеген екен.

Аудандық ардагерлер кеңесі төра­ғасының қасында жүріп тағылымын көрдік, игі жақсы­лармен таныс болдық. Ол кісінің бойынан адалдық, көрегенділік, сабырлық, пара­сат­тылық қасиеттерін көрдік. Қай жерде жүрсе де мағыналы, мәнді әңгімелер айтып, жан-жа­ғына қолынан келген жақсылықты аямайды. «Жақсымен өткен бір күнің – бақыттың мың күні» деп халқымыз бекер айтпаса керек-ті.

Жуырда Қалжан ахун ауылына асқа барып, ағайындармен бірге болдық. Сол кезде мен «Жақында осы ауылға жаңа әкім сайланып еді, қазір қайда екен» деп сұрадым. Жігіттердің бірі сол арада жүрген әкімін шақырып келді. Хайрекең сияқты мен де ауыл әкімін төрге, жаныма отырғызып, ағайдың маған айтқанын айтып бердім. Сол жерде Хайрулла ағайды еске алып, ол кісіден көрген өнегемізді жасадық.

Осындай өмірі өнегеге толы парасатты тұлғаның ізін басып, жанында жүргенімді өзім мақтан тұтамын. Хайрулла аға Әбенов мен үшін әркез дара, дана тұлға болып есімде мәңгі сақталады.



Марат ОМАРОВ,
еңбек ардагері
12 қыркүйек 2023 ж. 125 0