Өнері өршілдікпен өрілген
Сыр мәдениеті дарабоздарының сарқыты, театр өнері және мәдениет майталманы Мінәш Ысқақ талантымен талайды мойындатқан. Сахнаның киесін сезініп, өнерге өзіндік өң берген майталман маман ана образын жан-жақты аша білген. Оның үні сахнадан естілгенде залда сілтідей тыныштық орнайды. Өмірінде комедия жанрын жаны сүйгенімен, драма мен трагедияға негізделген туындыны көбіне сахнада орындап шыққан. Нағыз өнер үшін жаратылған болмысы арқылы қаншама адамның жүрегінен орын алғаны даусыз.
Облыс орталығына жақын орналасқан Тасбөгет кентінде қызметтік жолы басталған Мінәш Ысқақ Аманкелді ауылынан түлеп ұшқан. Мәдениет майталманы Қызылорда қаласындағы «Сейхун» академиясының музыка мамандығы бөлімінде білім алған. Дәстүрлі терме орындаушы ретінде елге танылған Мінәш Бәкірқызы жастайынан бірнеше жерде қызмет еткен. Облыстық «Сыр сұлуы» ансамблінің әншісі, «Мереке» ойын-сауық отауының сахнагері, аудандық оқушылар үйінің «Терме» үйірмесінің жетекшісі қызметін үйлестіреді. Мәдениет саласының қазанында қайнаған өнер иесі ең алғаш шетелге іс-сапармен шыққан сәтін еске алды.
– Осыдан 38 жыл бұрын Сыр өңірінің өнерпаздары сол кездегі Йемен Араб республикасы мен Йемен халық Демократиялық республикасына іс-сапармен барған болатынбыз. Өнерпаздардың құрамында бұрынғы Сырдария ауданының мәдениет майталмандары бар. Әбдіжәлел Бәкір бастаған атпал азаматтар 16 күн бойы қос мемлекетте өнер көрсетті. Сонда сахнада мені көрген болу керек, араб азаматы көңілінің бар екендігін айтып, ағаларымызға қомақты қаржы ұсыныпты. Сонда: «Қазақ қызын ешкімге бере алмаймыз» деп жанашыр ағаларым қолпаштап жүретін. Пайым-парасаты жоғары ел ағалары өнерімді шыңдады. Сахнадағы ана образын ашудағы шеберлігіме серпін берді, – дейді аяулы жан.
Шын мәнінде, ел ағаларына арқа сүйеген Мінәш Бәкірқызы республика көлемінде Сыр өңірінің атын шығара алды. Мәселен, Алматы қаласында Қызылорда мен Орал облыстарының айтыс ақындары мен термешілерінің байқауында қарсыласынан оқ бойы озық шықты. Сол сәтте көрермен көзайымына айналып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Жер кіндігі саналатын Байқоңыр қаласынан 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшады. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келген алыс-жақын шетел қонақтарын қарсы алған әнші өршілдік, батыл мінезін көпшілікке таныта біледі.
– Тұңғыш қазақ ғарыш төріне көтеріліп бара жатқан сәтте кеудемізді ерекше патриоттық сезім биледі. Қаумалаған ағайын қуанышты сәттерін жасыра алмады. Ерекше тебіреніске толы кезде мәртебелі қонақтардың алдына барып, Тұңғыш Президенттің рұқсатымен «Аман барып, аман келші» әнін шырқай жөнелдім. Ерекше толқыныстың үстінде тұрып, күні бұрын дайындалған бағдарламаға бағынбағаным әлі есімде, – дейді өнер майталманы.
1992 жылы тереңөзектік Марат Наурызбаевпен отау құрған Мінәш Ысқақ аудан мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Халық баласына музыкалық өнерді меңгертіп, сахнаның киесін, құдіретін сезіндіре білді. Аудан мәдениет үйіндегі халық театрының әртісі, «Оңаша» ойын-сауық отауының сахнагері әрі жетекшісі, «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің әншісі, 43 жыл бойы Қазіргі Тасбөгет кенті мен Сырдария аудандық өнер мектебінде ұстаздық қызметті абыроймен атқарады. Сахнада рөлдері арқылы қаншама ананың тағдырын кәсіби түрде ойнай білді.
– Негізінен, театр әртістері жүрек ауруына көп ұшырайды. Себебі, олар образға кіру арқылы көп эмоцияға беріледі. Өзім, жаным қаламаса да, қайғылы оқиғаларды көп сахналадым. Сахнадағы әріптесім Олжа екеуміз талай мәрте қиын сәтте сытылып шығуға тырысатын едік. Сонымен бірге Гаухар әріптесім әйел образын ашуда зор қолдау көрсете білді. 30 жыл бойы «Әз-Наурыз» мерекесінде «Жер-ана» образын сомдап шықтым. Ел аузында жүрген пьесаларда менің негізгі бейнем қалыптасты деп ойлаймын, – деді Мінәш Бәкірқызы.
Мінәш апай 2022 жылы зейнет демалысына шықты. Бүгінде «Мансұр» спорт-шығармашылық орталығында шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда. Оның қол жеткізген жоғарғы марапаттары ұшан-теңіз. Ол – «ҚР Мәдениет саласының үздігі». Ең бастысы, біздің кейіпкеріміз – үш перзенттің ардақты анасы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ