Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер иесіне құрмет көрсетілді

Өнер иесіне құрмет көрсетілді

Қазан – қуанышқа толы мерекелі ай. Осы айда қазыналы қарттарға, ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетіледі. Бұл атаулы күндердің бәрі өнер адамда­рының қатысуынсыз өтпейді. Сондықтан аудандық өнер мектебінің ұжымы аудандағы барлық іс-шараларды өткізіп, содан кейін өздері мерекелік кеш ұйымдастырды. Сала ардагерлері мен өнерлі ұстаздар­дың басын қосып, сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ осы іс-шара барысында өнер саласының майталманы Ысқақ Мінаш Бәкірқызын құрметті зейнет демалысына шығарып салды.

Мерекелік кешке арнайы қатысқан аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Қазыналы қарияларымызды, ардақ­ты ұстаздарды мерейлі мерекемен құттық­­таймын! Аға буын өкілдері сара жолды қалыптастырып, кейінгі толқынға өнегесін көрсетіп келеді. Ал ұлағатты ұстаздар шәкірттерін өнер әлемінде еркін самғауға тәрбиелеп, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосуда. Айтулы мерекелер біздің мерейімізді өсіреді. Сондықтан бәріңізге құрмет ерекше, – деген аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы бірқатар өнер мектебінің мұғалімдерін облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Сонымен қатар осы кештің өтуіне себепші болған М.Ысқақтың аудан өнерінің дамуына қосып келе жатқан еңбегі өлшеусіз екеніне тоқталып, арнайы құттықтау табыс етіп, сый-құрмет жасады.

Расында, ауданның мәдениетін, өнерін айтқанда Мінаш Ысқақ секілді майталман маманның есімі бірден ауызға түседі. Олай дейтініміз, саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген өнер адамы өзінің талантымен талай жандарды тәнті ете білген. Сахна төрінде кәсіби маманның сомдаған рөлдері адамды еріксіз баурап алады. Сондықтан М.Ысқақ секілді майталман маманның ауданның өнер саласында алар орны ерекше екені анық.

Мінәш Бәкірқызы Аманкелді ауылында дүниеге келіп, сегіз сыныптық орта білім алған. Одан соң Шымкент қаласындағы музыкалық училищеге оқуға түсіп, кейіннен Қызылорда қаласындағы «Сейхун» академиясында «Музыка маманы» мамандығын меңгеріп алған. Еңбек жолын Тасбөгет кентіндегі музыка мектебінен бастаған. Осы жылдан бастап аудандық радиода диктор, аудандық мәдениет бөлімінде әнші, аудандық балалар мектебінде үйірме жетекшісі болып қоса қызмет атқарды. Ал егемендік жылдары Тереңөзек кентіндегі өнер мектебінде домбыра пәні бойынша сабақ берген. Сонымен қатар, өз бойындағы актерлық шеберлігін түрлі театрлық қойылымдарда, спектакльдерде көрсетіп, өзіне жүктелген бейнесін жоғары дережесінде сомдап келеді. Жұртшылық бүгінде М.Ысқақты ана образының жоғары дәрежеде сомдаушы өнер адамы ретінде жақсы таниды. Өнер майталманы – аудандық «Құрақтың Дос­жаны» оркестрінің әншісі, аудандық «Сыр сазы» фольклорлық ансамбілінің мүшесі әрі әншісі және аудандық «Оңаша» ойын-сауық отауының сахнагері. Өнер саласында жемісті еңбек ете жүріп көптеген мақтау-марапаттарға лайық болды. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері өмірін өнермен өрнектеген.
Мерекелік кеште аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас сөз алып, сала ардагерлеріне, мектептің ардагер-ұстаздарына, өнер мұғалімдеріне мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ ұжымның есепшілерін де кәсіби мерекемен құттықтады. Жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Құрметті зейнет жасына жеткен М.Ысқаққа да ұжым атынан сый-сыяпат жасады.

Бірнеше қуаныш қатар аталып өтілген кеште өнер мектебінің мамандары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, сала ардагерлері де сөз сөйлеп, құрмет көрсетіп жатқан ұжымға шынайы ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде сала майталманы Мінаш Ысқақ домбырамен ән шырқап, баршаға алғысын жеткізді.
Е.БЕРКІНБАЕВ
15 қазан 2022 ж. 408 0