Өмірін өнермен ұштастырған
Парасаттылық пен ізгілікті мәдениеттің ішкі мәнінен тапқан Жұмағазы Оразов жастайынан өнерге құштар болды. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап әдебиет пен өнердің киелі қасиетін ұғынған ол ұстаздары бағыттаған ізгі жолды таңдады. Ауыл топырағынан түлеп ұшқан талантты перзент – мәдениет адамды тұлға ретінде қалыптастыратындығын білетін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өзегінен жарып шыққан тұлға прототипін көпшілікке таныту парыз. Бұл ретте Жұмағазы Оразовтың болмысын айшықтау біздің құзырымызда.
Мәдениеттің құрамдас бөлігін жастайынан меңгерген Жұмағазы Қайыпұлысан қырлы өнерімен көпшілікке танылды. Табиғатынан өнермен үндескен оның болмысында – нағыз дарынның дара мінезіқалыптасты. Сыныптағы балалар ішіненәдеби әлемге жаны құмар Жұмағазыны ұстаздары поэзияны тереңнен ұғынуға тәрбиелейді. Қағаз бетіне шимайлаған өлеңдерін музыка нотасына түсіріп, ыңылдап айта жүретін.
№11 теміржол бекетінде балалық дәурені өткен Жұмағазы Қайыпұлы армансыз, мақсатсыз адам – желді күнгі қаңбақ екендігін әсте аңғарады. Сондықтан өзі армандаған музыка саласының маманы болуға бекінді. 1978 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка-педагогика факультетінің студенті атанып, үлкен өмірге қадам басады. Қоғамдағы интеллигенцияның негізгі талаптарын қатаң қағидаға айналдырып, қазіргі өркениеттің бір бөлшегіне айналуға тырысады.Ақын, сазгер, музыкант ретінде заңғар биіктен көрінуге талпынған кейіпкерім еңбек жолын Бүкілодақтық комсомол жастарының бастамасымен құрылған Аманкелді кеңшарындағы «Гүлдер» комсомол-жастар тобында бастайды.
Аңғарымпаз қасиетін ақылымен ұштастырған мәдениет майталманы бүгінде өз саласының нағыз шеберіне айналды. Жұмағазы Оразов Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметіне дейін биік белестерді бағындырды.Кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Ағабуынның ізгілікті аманатын қастерлеудіпарыз санады. Қызметтік жолында бірнеше марапат төрінен көрініп, өнерде толағай табысқа қол жеткізді. Ақындық, сазгерлік, әншілік қасиетімен дүйім жұрттың жүрегінен жол тапты. Оның жиған мол мұрасы – бір басына жетерлік жетістігі. Сонда да ол адами қалыптан айныған емес. Тұлғалық болмысын өзі секілді ауыртпалығы мол салада бой түзеген аға буынға қарап түзеді.
Халық арасында кеңінен танылған «Бала күнгі досыма», «Куә болшы», «Тек қана», «Бақытыңа баладың ба?» әндердердің авторы Жұмағазы Қайыпұлы зайыбы Күлзакира Аманжоловамен 1988 жылы танысады. Облыстық филармонияда әртіс қызметіндегі өнерлі жігіт кезекті гастрольдік сапарда өмірлік жарын кезіктіреді. Жұптар арасындағы жарасымдылық бес жылға жуық уақытқа өрбиді. Кейіннен отау құрған екеуі мәдениет саласының өркендеуіне өзіңдік үлес қосты. Қырық жылдан астам уақытта мәдениет саласын барынша алға сүйреген кейіпкерім зайыбымен бірге отбасында 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. І және ІІдәрежелі «Жас гвардияшы», Кеңес Одағының «Кеңес армиясының үздігі» төсбелгісімен марапатталған айбынды әке ұлдарын табанды, ниеті түзу болуға баулиды. «Мерейлі отбасы-2019» тақырыбында өткізілген аудандық байқауға қатысып, аудан әкімінің арнайы дипломын иеленген отбасында береке-бірлік орнаған.
Жақсы адамның шарапаты– тірлікте қалыптасқан қарекеті арқылы танылады. Тамыр әр уақытта жапырақты ойлайтындай, ол қызметінің жемісті болуын естен шығармайды. Оның алдында жалғыз таңдау – ауыл мәдениетін көтеру тұр. Әлі талай туып өскен жерінен өзі секілді мәдениет майталмандары шықса, ұрпақтар сабақтастығы орын алғаны деп біледі. Сондықтан Жұмағазы Оразов төл мерекесінде де тынымсыз еңбек етіп, артынан ізбасарларын дайындауды мақсат еткен. Оның әр күні ауылдық мәдениет үйінің сахнасында өтеді. Өйткені, мәдениет ошағы – ұлағаттылық ұясы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ