Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман

Майталман

Жастайынан өнерге құштар болған бозбала түрлі музыкалық аспаптар­дың қыр-сырын үйренуге тырысты. Ең алдымен домбыра, баян, гитараны меңгеріп, кейіннен үрмелі аспаптарды, оның ішінде сыбызғы, сазсырнай, үскірікті құйқылжыта ойнайтын дәрежеге жетті. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, ақыры мәдениет саласына біржолата бет бұрып, оны өмірлік мақсат-мұратына айналдырды. Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесін ойдағыдай аяқтап, бір-екі жыл осы қалада «Құрылыс» мәде­ниет үйінде ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі болды. «Ер – туған жері­не...» демекші, көп ұзамай бүйрегі ауылға бұрып, туған жері Терең­өзек­ке ат басын тіреді.

Сол бір кездері қайсыбір іс-шара мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуынсыз өтпейтін. Сонау 1974 жылы аудандық мәдениет үйіне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан Шәкең еңбекке қызу араласып кетті. Аудан көлеміндегі елді мекендерді аралап, үгіт-насихат бригадасы құрамында концерттік бағ­дар­ламалар ұйымдастырды. Көктем мен күзде да­ла қос­тарында егінжай ерлеріне өнер көрсетсе, әр ай сайын малшылар қауымын аралап, оларды да ән-жырға бөлеп, алғыс алып жүрді. Шілденің шыжғырған ыстығында да, қытымыр қыстың аязы күндерінде де шопандар қа­уы­мын ән-жырмен сусындандырудан жалыққан жоқ. Талай мәр­те далада қалып қойған кездері де болды. Ау­дан орталығында ұйымдастырылған «Оңаша» ойын-са­уық отауының мүшесі ретінде де жаңа қырынан танылды. Әртүрлі рөлдерді сомдап, ел-жұртты күлкіге қа­рық қылды.

Бойындағы қабілет-қарымы мен табандылығын бай­қаған басшылар Шәкеңді 1986 жылы Шаған ауылдық мәде­ниет үйіне қызметке жіберді. Сол кезде Шырынхан Садықов «Жаңаша» ойын-сауық отауын құрып, түрлі кон­церттік бағдарламалармен ел-жұртқа танылды. Әрі му­зы­калық аспаптарда шебер ойнайтын, әрі актерлық өнері­мен көріне білген Шәкең аудан көлеміндегі мәде­ниет саласында жемісті еңбектерімен көпке мәлім болды. Ауданға қарасты Қалжан ахун ауылының мәдениет үйін асармен салуға да өз үлесін қосты. Осы ауылда клуб меңгерушісі болып жүрген кезінде 1997 жылы оны Асқар Тоқмағамбетов ауылының ескі клубына жібере­ді. Қиындықтан қаймықпай, қайсарлық пен төзімділік таныт­қан Шырынхан Садықов осындағы ескі үйді күр­делі жөндеуден өткізіп, жаңадан клуб ашып, түрлі мә­дени іс-шаралар ұйымдастырды. Сан алуан концерттік бағдар­ламалармен жергілікті тұрғындардың ыстық ықы­­ласына бөленді. Аталмыш елді мекенде 10 жылдай уа­қыт абыройлы еңбек етіп, 2007 жылдан бас­тап­ Тереңөзек кенті мәдениет үйінде әдіскер болып 2016 жылға дейін қызмет атқарды. Осы мерзім ішінде мәде­ниет саласында жиған тәжірибелерін жас буынға үйре­ту­ден жалыққан жоқ.

Сонау 1986 жылы «Құрақтың Досжаны» атындағы аудандық ұлт аспаптар оркестрінің халықтық атақ алуы­на Шәкеңнің үлесі зор болды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйі жанындағы театр ұжымының халықтық атаққа ие болуына да игі ықпалын тигізді. Қас-қағымда қажет болған шақта үрлемелі аспаптарда шебер ойнап, оркестрдің абырой-беделін арттыруға аянбай тер төкті.

Аудан мәдениетін дамытуға 46 жыл тоқтаусыз қыз­мет еткен Шәкең білімін жетілдіруге де көңіл бөліп отырды. Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтану» мамандығы бойынша оқу бітіріп, өз білімін жастарға үйретті. Өз саласындағы ерекше еңбегі үшін талай мәрте аудандық және облыстық мәдениет бөлімі тарапынан Құрмет грамоталармен марапатталды. Қазіргі таңда «Мәдениет майталманы» медалінің иегері. Әс­кери азаматтық борышын Семей полигоны зардаптарын жоюға арнаған Шәкең бүгінде осы өзімен бірге әскерде болған жауынгерлердің қоғамдық ұйымы төрағасы ретінде де белсенді жұмыстар жасап келеді.

Мәдениет майталманы Шәкең – бүгінгі таңда 5 бала мен 15 немере көріп отырған берекелі шаңырақтың отағасы. Әке жолын жалғастырған үлкен қызы Гүл­нұр Қызылорда музыка училищесін бітіріп, қазір Қы­зылорда қаласында бір мектепте музыка пәнінен са­бақ береді. Ұлы Әзиз – Сырдария аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сырдария» квартетінің әншісі. Мәдени-үгіт бригадасын басқарып, облыстық және аудандық байқауларда бірнеше мәрте жүлделер иеленген. Әзиздің жан жары, Шәкеңнің келіні Ақмарал Пернебаева аудандық мәдениет үйінде хореограф болып еңбек етеді. Осы мәдениет үйі жанынан ашылған «Балауса» би ансамблін ұйымдастырып, оған халықтық атақ алып берді. Бірнеше дүркін бай­қауларда жүлдегер атанған. Жуырда ғана осы «Балау­­са» би ансамблі «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы ұйымдастырған «Таңшолпан» байқауында бас жүлдені иеленді. Бір қызығы, осы би ансамблінде немересі Айшабибі мың бұрала билеп, көпшіліктің көзайымына айналып жүр. Тағы бір немересі Ерсұлтан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 9 сыныбын бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің ұлт аспаптар оркестрінің домбыра бөлімінде оқиды. Келешегінен зор үміт күттіретін күйші. Одан кейінгі немересі Әлхаким – 7 сынып оқу­шысы. Әншілікпен айналысып жүр.

Аудан мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосқан мәдениет майталманы Шырынхан Садықов бүгінде жас өнерпаздардың ақылшысы саналады. Сала арда­гері зейнетте болса да ауданның мәдени дамуы­на жанашырлық танытуда, үлес қосуда.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер журналист
13 мамыр 2023 ж. 267 0