Білім мен тәрбие – егіз ұғым
– Жанар Шәріпқызы, тарихы тереңнен сыр шертетін №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің жетістіктерінен хабардар болып, қуанып отырамыз. Осы ретте алғашқы сұрақты мектеп тарихына бағыттасақ?
– Алғашқыда А.Жданов атындағы орыс орта мектебі болып ашылған мектептің тарихы 1948 жылдан бастау алады. Ол кезде мектеп бір қабатты, 260 орындық, жеті жылдық болған. Ең алғаш 1951 жылы мектепті 11 түлек бітірген. Оның бесеуі «алтын» және «күміс» медаль алып шыққан. 2008 жылы мектеп көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың есімін иеленді. Ең бірінші директор – Хан Федор Яковлевич болған. Одан кейінгі жылдары Рыбалкина Александра Ивановна, Асқаров Келес Асқарұлы, Садуақасова Дина Садуқызы, Жүсіпбекова Зәуре Жүсіпбекқызы, Дмитренко Галина Ивановна, Те Александра Венециевна, Отызбаев Сәбит Отызбайұлы, Байдушева Гүлмира Серікбайқызы, Төлегенов Мұрат Төлегенұлы, Сағындық Бағдаш Ғаппарқызы, Жұмабаева Үміт Қонысбайқызы директорлық еткен. Білім беру саласында, оның ішінде мектеп-лицейдің бүгінгі деңгейге жетуіне үлес қосқан жандардың есімі мектеп тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
75 жылдық тарихы бар мектептің шәкірттері де осал емес. Небір ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері білім алған. Республика, облыс, аудан экономикасы мен мәдениетін көтеруде елеулі үлес қосып жүрген түлектерімізді әркез мақтанышпен айтамыз. Олардың қатарында техника ғылымдарының докторы, профессор Совет Біттібаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбибулла Төреходжаев, ақын ҚР Әнұранының авторы Жадыра Дәрібаева, генерал-майор, құқық саласының ардагері Айтбай Әлібаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, медицина ғылымдарының кандидаты Алик Искаков, футбол федерациясының бірінші вице-президенті Болат Көшербаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Гүлбар Әбілова сияқты азамат, азаматшаларды ерекше атап өтуге болады. Жалпы айта берсек бүгінгі таңда еліміздің дамуына үлес қосып, аға буын өкілі ретінде халыққа адал қызмет етіп жүрген түлектеріміз жетерлік.
– Білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеуде нені басшылыққа аласыздар?
– Қазақта «білім мен тәрбие – егіз» деген сөз бар. Дана халқымыз жастарға жақсы білім беру үшін тәрбие мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін ертеден білген. Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі – болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Ұрпақ тәрбиесіне жұмсалған күш-жігер, уақыт, еңбек – болашаққа ең маңызды инвестиция, ең ұтымды үлес. Сан ғасыр сынынан өткен ұлттық тәрбие қағидаларын әлемдік озық тәрбие тәжірибелерімен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы да білімді ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жетілдіру мақсатында ең бірінші алдын ала бес жылға дайындалған мектептің даму жоспарын басшылыққа аламыз. Аталған жоспарда оқу, тәрбие және білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі негізге бағыттар қамтылған.
– Мектептің жаны – мұғалім, мектеп-лицейдегі мұғалімдер құрамы туралы айтсаңыз?
– Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ. Мұғалім – мектептің айнасы. Ендеше ең әуелі мектепке керегі – білімді, ұстаздық ұлы қызметтен, әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. Осы орайда ұжымдағы мұғалімдердің бәрімен мақтана алар едім. Мектеп-лицейімізде барлығы 150 мұғалім қызмет атқарады. Арамызда «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Ү.Батишева, бірнеше дүркін олимпиада жеңімпаздарының жетекшілері Ж.Садықова, Р.Есбаева, Г.Ешмұратова, Г.Сулейменова, Л.Әлайдарова, Ж.Серікбаева, А.Бижанова, Л.Ауминова, Ш.Палмахова, А.Ералиева, Е.Мясцова секілді білікті ұстаздарымызды ерекше атап өтуге болады. Және бала жанының бағбанына айнала білген Ф.Садырбаева, А.Кушерова, А.Қосмамбетова, Б.Спан, Г.Әмзеева, О.Ким, Ш.Маханова, М.Сағындықова, Г.Садуова, А.Мыңжасарова, А.Қожантай, Ғ.Әлекеев, Г.Байдушева есімдерін атап өту орынды.
– Оқушылар жетістігі туралы айтып өтсеңіз?
– Мектеп оқушылары түрлі пән олимпиадалары мен байқауларда топ жарып, биіктерден көрінуде. Биыл алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиада өтті. Мектепішілік кезеңге 52 оқушы қатысып, 25 оқушы аудандық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңге 11 оқушы өтіп, оның 7-еуі жүлделі орын иеленіп, екі оқушы Алғыс хатпен марапатталды. Екі оқушы орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша республикалық кезеңге жолдама алды. Республикалық кезеңнен де жүлдемен оралдық. Одан бөлек оқушылар ғылыми жоба мен түрлі деңгейдегі, түрлі бағыттағы байқауларда топ жарып, мектеп абыройын асқақтатып жүр. Мектебіміз 2023 жылы «Ең үздік олимпиадалық команда» атауын жеңіп алуы да сөзімізді дәлелдей түседі.
– Ал сіз өзіңізді қандай басшымын деп есептейсіз?
– «Айналаң – сенің айнаң» деп жатады. Өзім туралы айту қиын. Қандай басшы екенімді сырт көз топшылар. Десек те қаталмын деп айта алмаймын, бірақ талапшылмын. Әрбір істің, жұмысымның нәтижелі болуы үшін аянбаймын. Жұмсақпын деп те айта алмаймын, себебі алдымда жауапкершілігі жоғары міндет тұр. Сол міндетімді атқаруда ұжымыммен бірге бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте жұмыс жасауға тырысамын.
– Мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі: мектеп әкімшілігі ата-аналармен жиі байланыс орната ма?
– Ұрпаққа тәлім беруде, білім сапасын жақсарту жолында мектеп, ата-ана және оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды. Осы орайда мектебіміздегі «Мұғалім – оқушы – ата-ана үштік одақ ынтымақтастығы» жүйелі жолға қойылған. Биылғы оқу жылынан бастап мектепте өтетін ата-аналар жиналысының форматы өзгертілді. Мектеп-лицейімізде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып, ата-аналарға арналған арнайы педагогикалық қолдау сабақтары жүргізілуде. «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы мұғалім балаға адамдық бағытты беруі мүмкін» деп педагог әрі балалар жазушысы В.А.Сухомлинский айтпақшы, мектепте үштік одақ жұмысы жақсы жолға қойылған.
– Мектеп-лицей жанындағы балабақша жұмысы туралы айтып өтсеңіз?
– «Балапан» шағын орталығы «Балапан» бағдарламасы аясында 2011 жылы өз жұмысын бастаған. Шағын орталық жұмысы тікелей бақылауымызда. Балабақша әдіскері Әлия Берденова балабақша жұмысын жандандыру мақсатында қарқынды еңбек етіп келеді. Орталық жұмысы жыл өткен сайын жанданып, жолға қойылып отыр. Орталықты бүгінде 50 бүлдіршіннің шат-шадыман күлкісі нұрға бөлеп келеді. Олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа жіктелген. Бұнда ел ертеңіне айналар кішкентай балғындар үшін барлық жағдай қолжетімді. Шағын орталықта бүгінде барлығы 16 қызметкер жұмыс істейді.
– Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Білім беру ұйымдарының тәрбие бағытындағы жұмысының мазмұнын толықтыру мақсатында «Мектеп театры» жобасы қолға алынған болатын. Бұл жоба біздің мектебімізде де бар. «Мектеп театры» жобасының балаларға берері көп. Оқушылар бос уақытында театр жұмысына икемделіп, сахнада өздерін еркін ұстауға, кейіпкер бейнесін ашуға, шығарманың мазмұнын толық түсініп, сахналап шығуға машықтанып келеді. Сонымен қатар мектеп жанынан жасақталған жылыжай жұмысына атсалысып, түрлі тәжірибе жасайды. Бүгінгі таңда «Жасыл мектеп» жобасы аясында оқушылар жылыжайда көкөніс егіп, оны ыстық тамақпен қамтылған оқушылар мен балабақша бүлдіршіндері тұтынуда. Мектеп кітапханасы да оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін тиімді жобалар негізінде жұмыс жасайды. Қазіргі таңда мектеп мұражайы жасақталуда. Оқушылар мектеп тарихымен танысып, түрлі мәдени іс-шараларын, ардагерлермен кездесуді осы орталықта ұйымдастыра алады. Сондай-ақ кәсіпкерлік жобасы жұмыс істейді. Онда оқушылар шығармашылықпен айналысып әрі қазіргі заман талабына сай кәсіп түрін меңгеріп, тәжірибе жинақтайды.
– Сұхбатыңызға рахмет! Аудандағы іргелі оқу ордасына айналған мектеп-лицейдің ел келешегін дайындаудағы жұмысына сәттілік тілейміз!
– Аудандық газеттің 85 жылдық мерейтойымен мектеп әкімшілігі атынан құттықтаймын! Білім саласына ғана емес, аудан, облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға ақпараттық қолдау көрсететін басылым жұмысы алға баса берсін! Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ