Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектер тартуы

Түлектер тартуы

Биыл С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектептің құрылға­ны­на 90 жыл толады. Осыған орай мектеп ұжымы, әр жылғы түлектер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталған білім ұясының 90 жылдық тарихынан сыр шертетін жаңа мұражайдың ашылуына жұмыс жасады.

Мектеп тарихы 1930 жылдан бастау алады. Алғаш рет «1 Май» мектебі «Қараөзек» бойындағы «Қаратөбе» деген жерде «Жөлекен» мешітінде ашылып, бастауыш мектепте Ыбырай Әбдірахманов атты ұстаз шәкірттерге дәріс берген. Ал 1932 жылы «Байсарыдан» (жер атауы) «Ақ школ» яғни шағын мектеп үйі салынған. «Ақ школ» аталуы оның сырты әктелген екен. Бұдан құрылыс материалы – әктің біздің өңірге осы жылы келгенін аңғаруға болады. Кеңес үкіметінің сол кездегі басты саясаты сауатсыздықты жою болғандықтан білім ұясы – мектептің сыртқы келбетінің өзі жұртшылықты өзіне тартып тұратындай көркем етуді қалаған. Сол жылдың қысында балалар сабақ оқуды бастағанымен, елде жаппай ашаршылықтың орын алуына байланысты білім ордасы көп ұзамай жабылып қалған.

1933-1934 жылдары «Құндызды» серіктестігінің балалары Досым деген кісінің үйінде төрт сынып бірігіп дәріс алған. Ал 1937-1938 жылдары «1 Май» мектебі кесектен салынған 4 бөлмелі үйде орталау мектеп болып ашылып, онда толық жеті сыныпта балалар дәріс алған. Мектептің алғашқы директоры Төлеп Жәрекеев. 1942 жылғы тамыз-қазан айларында мектепке білікті педагог Әбдіхалық Бәйменов басшылық жасады. Ол Ұлы Отан соғысына аттанып, 1944 жылы ерлікпен қаза тапты. Білім ұясын әр жылдары Әуезхан Қодаров, Шәймен Сапарбаев, Оқас Дәрібаев, Смағұл Тұрғанбаев, Мансұр Есназаров, Тәждек Есенов, Балтабай Бержаппаров, Серік Есназар, Гүлбар Әбілова, Мұрат Төлегенов басқарды. Қазіргі таңда тарихы тағылымды білім ордасына аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар жетекшілік етеді.

Орта мектептің қазіргі ғимараты 1975 жылы салынған. Қазіргі заман талабына сай 2015 жылы жергілікті бюджеттен 90 миллион теңге қаржы бөлініп, мектеп жанынан қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде онда кітапхана, түрлі үйірмелер орналасқан.
– Мектеп әкімшілігі ұстаздар қауымы 90 жылдыққа орай бастама көтеріп, білім ұясын әр жылдары бітірген түлектер арасында әлеуметтік желі арқылы мұражай ашу мәселесін талқылады. Мектеп жанынан мұражай ашуға Шаденовтер, Өтегеновтер, Алмағанбетовтер, Мансұровтар, Сейделовтер, сондай-ақ 1984 жылғы түлек – Ержан Жүнісов, 1986 жылғы түлек 

– Ғалымжан Әбілдаев, 1997 жылғы түлек – Ләйла Қалыбай, 2013 жылғы түлек – Қуаныш Сайран және тағы басқалар белсенді атсалыс­ты. Соның нәтижесінде аумағы ат шаптырым бөлмеге мұражай жасақталып, онда 12 бөлімнен тұратын тарихи құжаттар, фотосуреттер орналастырылды, – дейді орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Есекеев.

Бүгінгі таңда түлектер тартуымен ашылған мұражай толыға түсуде. Жас ұрпақ тарихты білу үшін мұндай келелі істер керек-ақ.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

18 шілде 2020 ж. 887 0