Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ пейілді адал азамат еді

Ақ пейілді адал азамат еді

Отан үшін от кешіп, 1418 күн неміс басқыншыларына қарсы қанды шайқастарға қатысып, еліне жеңіспен оралған ерлеріміздің бірі Досмағанбетов Қуанышбай аға еді. Ол кісі 1920 жылы қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы С.Сейфуллин атындағы ауылда дүниеге келіпті. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, майдангер туралы жазуды жөн көрдім.

Қуанышбай ағамыз 1937 жылы Қызылорда қаласындағы №6 теміржол мектебін бітіріп, еңбек жолын 1938 жылы Қызылорда станциясы теміржол вагон депосында слесарь болып бастаған. 1940 жылы қазан айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын атқарып жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941-1945 жылдары №163 атқыштар полкі мен №59 артиллерия бригадасы құрамында неміс басқыншыларымен соғыста небір қиян-кесті шайқастарға қатысады. 1946 жылы туған жеріне жеңіспен оралған ол еліміздің соғыста күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласады. 1947-1951 жылдар аралығында Аламесек МТС-да газэлектрдәнекерлеуші болып, ал 1951 жылдан бастап 1983 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Тереңөзек кентіндегі №15 ПМК мекемесінде электромонтер, жөндеу механигі, механикалық шеберханасының меңгерушісі болып, аудан дамуына ерен еңбегімен өз үлесін қосты.

Майдангер Қ.Досмағанбетов өзіне тапсырылған істі шебер және сапалы етіп, артығымен орындап, еңбек озаты атанып, облыстық, аудандық құрмет тақталарына аты жазылып, суреті ілінетін. Әрбір тоқсан сайын, жыл қорытындыларында алғыс хаттармен, грамоталармен, түрлі сыйақылармен марапатталатын еді. Сонымен қатар 1980 жылы «ВДНХ» көрмесінің қола медалімен марапатталғаны есімізде. Ол кезде мұндай марапатқа ие болу зор абырой әрі ерекше құрмет еді. Сондықтан біз бұл кісінің жетістіктерін өзімізге үлгі тұтып, өнеге алып жүретінбіз.

Елге еткен еңбек ешқашан еш кетпейді. Ер елі үшін жұмыс істесе, елі ерін биікке шығарады. Мұның дәлелін Қуанышбай Досмағанбетовтің өмір жолынан, еңбек жолынан анық аңғаруға болады. Адал еңбеті ту ектен ардақты азамат 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен, ал майданнан еліне оралғаннан кейін В.И.Лениннің туғанына 100 жыл мерекесі құрметіне «Ерлік еңбегі үшін», Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30, 40 жылдығы медальдарымен және ұзақ жыл бойы атқарған қажырлы еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен, бірнеше төсбелгілерімен ма­дақталған.

Қоғамда сыйлы, қызметте өзіндік орны бар азамат жақсы отбасының тірегі болды. Ол жұбайы Ақкүміс Жақановамен бірге 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, үлгілі отбасы атанып, тамыры тереңге тартқан бәйтерекке айналды. Ұрпақтары да түрлі мамандық иелері атанған, ел халқына адал еңбек етіп, әке жолын жалғастырып, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруда.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, асыл ағамыздың адамгершілік қасиеттерін еске түсіріп, өскелең ұрпаққа өнеге етуді өзімнің борышым деп санаймын. Қуанышбай ағаны Жаратушы Иеміз тау мүсінді ірі етіп, екі иығына екі кісі орнығып кететіндей иықты етіп, аса ажарлы етіп дүниеге келтірген екен. Өзі ірі денелі болғанымен сөзі жұмсақ, кісіге мейірімді жүзбен қараушы еді. Кімге де болса жанашырлық танытып, ақ пейілін аңғартып отыратын. Кісіге қамқорлық жасап тұру бойына біткен тұрақты әдеті еді.

Өткен ғасырдың 60 жылдарында ауыл мектебінде мұғалімдік қызметтен аудандық партия комитетіне ауысқан кезімде аудан орталығында тұратын Қуанышбай аға маған қамқорлық жасап, өз үйінде тұруды ұсынды. Менің осы ағадан көрген жақсылығым арада ондаған жыл өткеннен кейін де жалғасқан еді. Мен бір жылы өз отбасымның жағдайын жақсартуды ойлап жеке қора-жай сатып алдым. Сонда жарықтық Қуанышбай аға үй ішіне жылу жүйесін жүргізуге қажетті заттар мен құрал-жабдықты өзі жеткізіп беріп, қысқа дейін тездетіп жылу жүйесін жүргізіп беруге өзі көмек беретінін айтты. Сөйтіп ағаның арқасында үйге бір жерден жылыту жүйесі орнатылған еді. Міне, біздің Қуанышбай аға өзінен гөрі өзгелердің қамын көп ойлайтын адал, ақкөңіл жан еді. Жұбайы Ақкүміс жеңгеміз де атына сай күмісше жарқырап тұратын ақжарқын жан еді. Отбасы берекелі болып, үйлерінен қонақ үзілмейтін. Ерлі-зайыпты екеуі бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Артында қалған ұрпақтары да ата-ана әдебін сақтап, ел жұртына қадірлі азаматтар болып жетіліп, ел дамуы жолында еңбек етуде.

Өнегелі өмір иесі атанған тұлғалар көңілімізде болғанымен, қазір ортамызда жоқ. Қуанышбай аға 50 жылдан астам халқына адал қызмет етіп, 1991 жылғы 5 қарашада көз жұмды. Қазір кент көшелері майдангерлердің есімімен аталуда. Бұл бағыттағы ауданның атқарушы билігінің атқарып жатқан жұмысы көңілге қонымды. Алдағы уақытта кенттің бір көшесі майдангер Қуанышбай Досмағанбетовке берілсе, мұны жұртшылық қолдайды деп сенемін.


Рақымжан қажы ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ,
Қызылорда облысының
құрметті ардагері,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»

14 қараша 2023 ж. 128 0