ТӘНЕШ ОРАЗОВ
Сыр елінің қадірменді қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тәнеш Оразов 95 жастан асқан шағында өмірден озды.
Тәнеш Оразов 1923 жылы ақпан айында Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Қиын-қыстау заманның ауыртпалығын жастай сезініп өскен бозбала
1941 жылдың желтоқсан айында Ашхабад қаласындағы жаяу әскери училищені бітіріп, 1942 жылдың шілде айында «лейтенант» шенімен майданға аттанады.
Красноводск, Макашкала, Астрахань қалалары арқылы Сталинград майданына қатысып, ұрыс даласында жараланған. Сталингард қаласындағы алты айға созылған соғыста көрсеткен ерлігі үшін «За отвагу», «За оборону Сталинграда» медальдарымен марапатталады. Соғыстан кейін 1946-1962 жылдар аралығында аудандық және облыстық тұтынушылар одағы мекемесінің бөлім бастығы, 1962-1965 жылдары облыстық сауда базасының директоры, 1965-1976 жылдары «Главриссовхозстрой» мекемесінің бастығы болды.
1976-1986 жылдары Қызылорда қаласындағы «ОРСНОД» сауда мекемесінің бастығы қызметін абыроймен атқарып, сауда саласының үздігі атанды.
Т.Оразов 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері. 1986 жылдан бастап облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, 3 ұл, 2 қыз, 10 немере тәрбиелеп өсіріп, ардақты ата, қадірлі әке атанды.
Аймақтың дамуына, елдің ынтымақ-бірлігінің нығаюына елеулі үлес қосқан Ұлы Отан соғысының ардагері, дербес зейнеткер, ғибратты ғұмыр иесі Тәнеш Оразовтың жарқын бейнесі ел жадында ұзақ уақыт сақталатын болады.
Қызылорда облысының әкімдігі мен мәслихаты,
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық Қоғамдық кеңес