Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛДЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АРДАГЕР

АУЫЛДЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН АРДАГЕР

Алғашқылардың қатарында Ұлы Отан соғысына аттаған тереңөзектік азаматтардың бірі – Бермахан Болатбаев еді. Ол 1908 жылы бұрынғы Қараөзек болысының аумағында дүниеге келген. Ауылдық бастауыш мектептің 3 сыныбын 1926 жылы аяқтап, жалынды жас ауылдың отырықшылыққа бейімделуіне ықпал жасады. 1942 жылдың 21 сәуірінде әскерге шақырылып, майданға аттанды. “Қанды қасап” атанған атақты Сталинград майданында жаяу әскер құрамында соғысады. Сұрапыл соғыста қар жамылып, мұз жастанып, етігімен қан кеше жүріп, жасанған жауға тойтарыс береді. Жаяу әскер Б.Болатбаев 3 жыл оқ пен оттың ортасында болып, Жеңіс туын желбіретіп, 1945 жылдың жазында елге оралады.
Майдангер соғыста көрсеткен ерліктері үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен және көптеген медальмен марапатталды. Елге келгеннен кейін колхоз басқарып, елдің еңсесін көтеруіне ұйымдастырушылық жұмыстармен елеулі үлес қосты. Ауылға еңбегі сіңген ардагер Ұлы Отан соғысына қатысушы Бермахан Болатбаев 1976 жылы дүние салды. Бүгінде оның немерелері мен шөберелері ата ізін жалғап, қоғамға беріле қызмет етуде.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
09 мамыр 2019 ж. 1 093 0