ЖЕҢІС КҮНІН ЖАҚЫНДАТҚАН
Ортақ Отанға Батыстан жау анталағанда тереңөзектік жауынгер Сансызбай Нұржакиев Украинада әскери міндетін өтеп жатқан болатын. Ол 1913 жылы Тереңөзек ауданы қазіргі А.Тоқмағанбетов ауылы аумағында дүниеге келген. Соғыстың алдында 25 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Киев ерекше әскери округіне түседі. Полк мектебінде радиобайланысшылардың 6 айлық курсында оқиды. Әскер қатарында 1 жыл қызмет еткеннен кейін 1939 жылдың тамыз айында Батыс Украина, Батыс Белоруссияны ақ поляктардан, бендеровшілерден азат ету ұрыстарына қатысады. Бұдан соң Фин соғысына атқыштар полкінің радиобайланысшылар бөлімшесінің командирі болып бастан-аяқ қатысып, соғыс тәжірибесіне қанығады.
Аға сержант С.Нұржакиев “елге қайтамын” деп дайындалып жүргенде 1941 жылдың 22 маусымында екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ол Украинаның Буколена қаласында алғашқы ұрыстарға қатысады. Соғыста байланысшы қызметі үлкен роль атқарды. С.Нұржакиев басқарған бөлімше соғыста алғы шепте жүріп, фашистерге қарсы шабуылдардың сәтті ұйымдастырылуына дәнекер болды. Аға сержант №352 дивизия құрамында Ленинградты, Украинаны, Белоруссияны жау тырнағынан азат ету ұрыстарына қатысты. Сондай кескілескен шайқастың бірінде сол қолынан ауыр жараланып, әскери госпитальде ұзақ уақыт емделді.
Құтылып фашизмнің бұғауынан,
Көп елдің бостандыққа қолы жеткен.
Күйретіп жаудың бетін Қызыл солдат,
Әлемге жеңімпаздық даңқы кеткен.
Бұл даңқта елімнің де үлесі бар,
Ұлы Жеңіс ісіне қызмет еткен.
Жаралы болып келдім жауға барып,
Жоқтығы бір қолымның сол себептен, – деп жырға қосады ақынжанды азамат бұл естен кетпес оқиғаны. С.Нұржакиев екінші топ мүгедегі болып елге оралғаннан кейін соғыстан күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіруге белсенді араласады. Белді бір мекеменің есепшісі болып, аудан экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосты. Ұл-қыз өсірді, 1994 жылы 81 жасында дүниеден өтті. Ерлік ешқашен ұмытылмайды. Сансызбай Нұржакиев Жеңіс күнін жақындатқан нағыз жауынгер еді.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ