Ерлік даңқы ешқашан өшпейді
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 76 жыл толады. Қан майданға қазақ топырағынан бір миллионнан астам ержүрек жауынгерлер аттанған. Сол кезде алапат соғыс алаңында қаншама қазақ жастары қыршыннан қиылып, елін сақтап қалу үшін соңғы демі қалғанша күресті.
1941 жылы басталып 1945 жылы аяқталған сұм соғыста Отан үшін ерлік көрсетіп, ел үшін жауға қарсы тұрған біздің ауданымызда да майдангерлер қатары жетерлік. Солардың бірі – соғыс және еңбек ардагері Махамбет Бержанов. Ол 1925 жылы 21 қыркүйекте Жалағаш ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. Адамзат баласына қайғы әкелген сұрапыл соғыс басталғанда Махамбет Бержанов Қармақшы аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге алынады. Жапондықтарға қарсы Кеңес әскері қатарында болған майдангер Чита қаласының Мациевская стансасында орналасқан 94-ші атқыштар дивизиясының 9 полкінде қатардағы атқыш болып қызмет атқарады. 1945 жылы Забайкал майданының 36 армиясының 1036 атқыштар полкінің қатарында автоматшы болып Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. 1948 жылдың 24 ақпанда КСРО Министрлер Кеңесінің әскерден босату жайлы арнайы Қаулысымен әскер қатарынан босап, елге оралады.
Сұрапыл соғыстан елге аман келіп, отбасын құрып, балалы-шағалы болып, немере-шөбере сүйіп, ішкі істер саласында 40 жыл қызмет етті. 1948 жылы майданнан оралғаннан кейін, осы жылдың маусым айынан бастап өзінің еңбек жолын Жалағаш және Қармақшы аудандық милиция бөлімінің кіші жедел уәкілі қызметінен бастаған. 1954 жылы КСРО ІІМ-нің Алматы қаласындағы мектебінің тыңдаушысы болады. 1954 жылдың тамыз айынан бастап Арал аудандық милиция бөлімінің №585 арнайы комендатурасының коменданты, 1963 жылдың ақпан айына дейін Арал және Жалағаш аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі, сонан соң Сырдария аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі және Сырдария аудандық милиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 1983 жылы милиция полковнигі шенімен зейнетке шыққан.
Қан майданның куәгері Махамбет Бержанов 1945 жылы 20 қыркүйекте Жоғарғы Бас Қолбасшының 1945 жылғы 23 тамыздағы №372 бұйрығымен Қиыр Шығыстағы жапондықтармен соғыстағы көрсеткен әскери қызметі үшін алғыс жарияланады. 1946 жылы 9 мамырда «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, 1955 жылы СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1985 жылы 11 наурызда «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен және бейбіт күндері халықтың тыныштығын қорғап, ел дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Кеңес милициясына – 50 жыл» медалімен наградталады. Сонымен бірге «Үздік қызметі үшін» төсбелгімен марапатталады.
Майдангер атамыз өткен жылы 95 жасында дүниеден озды. Жүрегі «Отан» деп соққан соғыс майдангерінің өнегелі өмірі кейінгі бақытты ғұмыр кешіп жатқан жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталады. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Г.МЕЙРАМБЕКОВА,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ
Сырдария аудандықфилиалының архивисі