Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тағылымнан таймаған ұстаз

Тағылымнан таймаған ұстаз

«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп дана Абай айтқандай, әрбір адамның өмір, қызмет жолында аталған құндылықтардың ықпалы зор болары анық. Абылай хан Төле биді, Шәкәрім Абайды ұстаз тұтқан және бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Ұстаздықпен де алдыңғы толқынның кейінгі толқынға үлгісі, арадағы рухани сабақтастықтың үзілмей келе жатқанын да айта кетуіміз керек.

Адам тәрбиесі балалық шақтан бастап отбасына, ата-анасына, мектеп жасына жеткеннен кейін ұстаздардың білім, тәрбие беруіне, еңбек жолын бастағанда ұжым басшыларына, әріптестеріне, жора-жолдастарына, достарына, қоршаған ортасына байланысты.

«Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» дейді халық даналығы. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің өзі «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Сондай №132 мектептің мұғалімдігі мен директорлығын қосқанда 50 жылға жуық жүрегі болған, біздің өмірімізде өшпес із қалдырған тұғыры биік тұлға, ұлағатты ұстаздардың бірі, бірегейі Түймебай Айтбаев ұстазымыз еді. 1960 жылы сол кездегі №132 Тельман атындағы жетіжылдық мектепті бітіріп шыққан бір топ жасөспірім үшін Түймебай ағайымыз бастаған Алмат, Төлепберген, Тортай, Сәду, Кәрібоз, Меңлібай, Күлжаһан, Уәйіс, Торғынай тағы басқа ағай, апайларымыз дүниедегі ең мықты, сауатты, парасатты ерекше адамдар еді. Менің өз басымның толып жатқан мамандықтың ішінен мұғалімдікті таңдап алуым ұстазым Түймебай Айтбаевтың ықпалы десем, көп пәндердің ішінен орыс тілі мен әдебиетін таңдап алуым Алмат Наурызбаев ағайымның жолы еді.

№132 Тельман атындағы мектепті 1961-1962 оқу жылынан бастап мектеп директоры болып Айтбаев Түймебай ағай басқарды. Мектеп оқушыларына сапалы білім берумен қатар ұлттық дәстүрімізге сай саналы тәрбие беру, оларға жан-жақты білімді, еңбеккеш, із­денімпаз болуға бағыттау Түймебай ағайдың басты қасиеті еді. Ұзақ жыл мектеп директоры бола жүріп, өзі басқарған мектепті облыс, аудан көлемінде алдыңғы қатарлы үздік мектепке айналдырды.

Алғашқы жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы төмендеу болып бұрынғы Карл Маркс атындағы ауылдағы бір қабатты ескі ғимаратта оқу-тәрбие жұмысын жүргізді. Одан кейін шаруашылық жаңа орталыққа көшкен кезде жатақхана типтес бір қабатты ғи­ма­ратта жалғасты, ол әрине оқушылар контин­гентіне тарлық жасады. Соған қарамастан Түймебай ағай өз кезеңінің жаңалықтарын мек­теп өміріне батыл ендіріп, каби­неттік оқу жүйе­сін қалыптастырды, жаңа методикалық құрал­дармен жабдықтады. Ер бала­ларға ұсталық ше­бер­лік, механизмді мең­геру, құрылыс са­ла­сының негіздерін қалау, қыздарға ті­гін­шілік, ас мәзірін әзірлеу, өнерге баулуға мүм­кіндік жасады, химия, биология, физика сабақтарын лабо­раториялық жүйеде жүр­гізудің негізін салды.

Түймебай Айтбаев ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі еленіп, абырой биігінен көрінді. 1974 жылы облыстың Құрмет тақтасына ілінді, республикалық семинар-кеңесте аты айрықша аталды. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» құрметті атақтармен, орден, медальдармен марапатталған.

Ұстаз Түймебай Айтбаев республикалық мұғалімдер съезіне делегат, ауылдық кеңеске депутат болып сайланды, 2001 жылы «Өмірі – үлгі-өнеге» номинациясымен «Ғасыр адамы» атағына ие болды. 26 жыл бойы мектеп директоры болып қызмет атқарғанда мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне тиісті жағдай жасап, ұжымда үлкен абыройға ие болды. Диханшы өз еңбегінің жемісін күзде көрсе, малшы төл алу науқанында көреді. Құрылысшы салған нысанын адамдар пайдаланғанда көреді, ал ұстаздың еңбегінің жемісі бірден көріне қоймайды, оны ұзақ күтуге тура келеді. Сондықтан Түймебай ағайдың да ұзақ жыл оқытып, тәрбиелеген шәкірттерінің ішінде еңбегін қайтарғандар бар. Олардың ішінде депутаттар да, батыр да, ғылым докторлары да, білікті ұйымдастырушылар, басшылар да, өзі сияқты ұстаздықты таңдағандар да бар.

Түймебай ағайдың өзі дүниеден өтсе де, ұс­таздық, басшылық еңбектері еленіп, әрдайым еске алынып, ұлықталып отырды. Соның ай­ғағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 3 қа­зан 2003 жылғы №1021 қаулысына сәйкес №132 орта мектепке ҚР еңбек сіңірген мұғалім Түймебай Айтбаевтың есімі берілді. Бұл инемен құдық қазғандай ұстаздық еңбектің еленгені, лайықты бағаланғаны болды. Ауданда, облыс­та Түймебай ағай сияқты ұзақ жыл мектеп директоры, ұстаз болған ұла­ғатты тұлғалар бар, бірақ Түймебай Айтбаев ағайдың басқаларға ұқсамайтын ерекшеліктері бар.

Біріншіден, Түймебай ағай Ұлы Отан соғысы ардагері, соғыс көр­­ген адам­ның өмірді бағалауы, мейірімі бөлекше болады, барлық жақсылықтың қадірін біледі.

Екіншіден, жанының жаңалыққа құмарлығы, 1970 жылы ауыл орталығынан жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін мектепті сол заманның тала­бымен жаңаша безен­дір­ді, аудандағы, об­лыс­тағы үлгілі мектептер қатарына қосты.

Үшіншіден, Түймебай ағай керемет бағбан еді, ескі Карл Маркстегі мектептен бастап жаңа мектептің айналасын көк желекке айналдырып, жайнатып жіберетін. Жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқанда иығына кетпенін салып, түн жамылып, суын көріп кететінін өз басым талай көрдім.

Төртіншіден, ол кісі мектеп директоры, ұла­ғатты ұстаз ғана емес, нағыз жанашыр адам еді.Әр оқушысының, әр мұғалімнің мінез-құлқын, отбасылық жағдайын, әдеттеріне дейін жетік біліп, жағдай жасап отыратын. Өз басыма азамат болып, қызмет атқарып жүргеннің өзінде ақыл-кеңесін беріп жол көрсетіп отыратын. Мен қазіргі Асқар Тоқмағамбетов атындағы №135 мектепке директор болып қызмет атқарып жүргенде жаңа жерге бау өсіріп жатқанымды естіп, арнайы келіп, көлеңкелі ағашты қалай өсіру керек, жеміс ағашын қалай егу керек екендігін көрсетіп берген болатын. Біздер, мұғалімдер, Түймебай ағайға екі қайтара шәкірт болдық, біріншісі мектеп жасында, екіншісі осы мектепке мұғалім болып, қайтып келгенімізде.

Бесіншіден, Түймебай Айтбаев ағай бір мектептің көп салалы қызметімен ғана айналысып қоймай, ауылдың, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып отырды. Елдің дамуына, моральдық-тұрмыстық ахуалына оң ықпал етіп отырды. Түймебай ағайдың қызметтік қабілеті мен адамгершілік қасиеттерін әрі қарай жалғастыра беруге болар еді, бірақ осы айтқандарымыздың өзі көп нәрсені аңғартады деп ойлаймын. 100 жасқа толуына байланыс­ты өткізілген еске алу, ұлықтау іс-шараларына біздің ұстазымыз әбден лайықты.

Сөздің қорытысында айтарым, адам баласы­ бірнеше құдыретті күшке қарыздар. Бірінші, өмір сыйлаған Аллаға, екінші, мәпелеп өсірген әке-шешеге, үшінші, білім, тәрбие берген ұстазға, жарық дүниедегі жақсы адамдарға. Біздер, шәкірттері, Түймебай ағай мен мек­тептегі басқа ұстаздарға да қарыздармыз, оны біз өтей де алмаймыз, бар қолымыздан келетіні ол кісілерді ұмытпай, еске алып отырамыз. Реті келгенде осылай сөзімізді айтамыз, бізге берген білімі мен тәрбиесіне сай болуға тырысамыз.


Алмагүл БОЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Т.Айтбаевтың шәкірті

14 қараша 2023 ж. 192 0