Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім – мектептің жаны

Мұғалім – мектептің жаны

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді. Шынымен мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болады. Сондықтан ең әуелі мектепке керегі – жақсы оқыта білетін мұғалім. Білімді, тәрбиелі, алғыр шәкірт – ұстаздан.


Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. «Ұстаз – екінші анаң» деп бекер айтылмаған. Себебі баланы білім нәрімен сусындатып, бар білгенін үйрететін, үлкен өмірге қадам басуына көмектесетін ол – ұстаз. Ұстаз – ұлы есім. Сондықтан мұғалімді ата-анаңдай құрметтеуің керек. Себебі, ұстаз да бізді өз баласындай шыр-пыр болып уайымдайды, жетістікке жетсең, шын ниетпен қуанады. Ұстаз жайлы ой толғағанда:
Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең, – деп келетін керемет ән есіме түседі.

Ұстаз үшін ең бастысы – саналы ұрпақ, білімді шәкірт тәрбиелеу. Мамандықтың бәрі жақсы, алайда, төресі – мұғалім болу секілді. Себебі шәкіртіңнің жетістікке жеткенін көру, қуанышымен бөлісу, еңбек ақталып, алғыс естудің өзі адамға жылулық сыйлайды.

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады». Маған да алғаш әріп танытқан, өмір атты кемеде бізге «алғашқы капитан» болған Аида Дәрменова апайыма мың алғыс. Бастауыш сыныптан өтіп, жоғарғы сыныпқа келгенімізде бізді жылы шыраймен қарсы алған, біздің еркелігімізді көтеріп, жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүргені үшін Гүлзат Сатыбалдиева апайға рақмет. Сонымен қоса білімнің қара шаңырағы болған мектебіміздің барлық мұғалімінің алдында бас иіп, алғыс білдіргіміз келеді.


Нұрай Серікбаева,
№135 А.Тоқмағамбетов атындағы мектептің
11-сынып оқушысы
19 ақпан 2022 ж. 930 0