Адамның адамшылығы
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы хәкім Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, қашанда айқын бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында екені мәлім. Жарқын болашағы кемел, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім екені хақ. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Осы жылы қабылданатын «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қоғамда, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Бұл әрбір әріптестер көкейінде жүрген мәселе дегім келеді. Сондықтан да қабылданғалы тұрған заң, яки басты құжат мұғалім құқығын қамтамасыз етіп, айрықша мәртебесін көтереді деп сенемін. Осыған орай ұстаз ретінде өз ұсынысымды білдіруді парыз санаймын. Біріншіден, Педагог мамандығының «қолжетімді» мамандық болуына тосқауыл қоя отырып, тек лайықты жастардың мұғалімдік мамандыққа баруына басты назар аударылса, екіншіден, мұғалімнің жалақысын әлемдегі дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, жоғарғы деңгейге көтерсе, үшіншіден, мұғалімдік мамандықты білімді, білікті, шығармашыл ұстаздардың ғана атқаруына мемлекеттік бақылау орнатылса, төртіншіден, педагог қызметкерлердің шәкірттерге білім беруден басқа қосымша жұмыстармен айналысуы азайтылса, бесіншіден, бюджет қаржысы есебінен мектептердің материалдық-техникалық базасының жоғарғы деңгейде жабдықталуы басты назарға алынса, алтыншыдан, мұғалімдерді мемлекеттік қызметкерлер қатарына енгізіп, мемлекеттің ерекше статусы берілсе, жетіншіден, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы мен материалдық ынталандыру жүйесі қалыптастырылса, сегізіншіден, 30 жыл педагогикалық еңбек өтілімен мұғалімдердің зейнетке шығуына мүмкіндік берілсе. Мәселен, әйелдерді 55 жас, ер азаматты 60 жаста зейнетке шығуы бекітілсе, тоғызыншыдан, ұстаздарға тегін медициналық көмек көрсетілуі қамтамасыз етілсе айтарлықтай болатыны сөзсіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мұғалімдер қауымына шығармашылық табыс тілеймін.
Асылзат ТҰРСЫНБАЕВА,
№137 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
№137 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі