Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық – ұлы құрмет

Ұстаздық – ұлы құрмет

Мұғалім – басқа сала мамандықтарына қарағанда, ең қиын, ең ізгілікті мамандықтың бірі. Себебі басты міндет – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беру. Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дейді. Ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының еншісінде. Осы маңызды міндетті өмірлік қағидасына айналдырған Бибігүл Мұратқызы. 1986 жылы еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ұлағатты ұстаз бүгінде Шаған ауылында орналасқан №37 мектеп-лицей қабырғасында қызмет етіп келеді. Отыз үш жылдық тәжіриебесі бар Бибігүл Ысқақова осы білім ошағының құрметті ұстазы.
Мектептің басты тұлғасы мен жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім мен тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде Бибігүл ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын, шәкірттерін терең біліммен қаруландыратын, үлкен өмірге дайындау тек білікті ұстазтардың қолынан келмек. Мен мектеп оқыған жылдары Бибігүл Мұратқызының тәрбиесін көрдім. Ол кісінің бойындағы мейірімділік пен кішіпейілділік, іскерлік секілді қасиеттерін өзіме дарытуға тырысқанмын. Міне соның арқасында бүгінде аудандық басылым редакциясында қызмет етіп келемін. Бұл ұстаз берген тәлім мен білімнің ұштасқандығының айғағы іспетті.
Ескендір Зұлқарнайын: «Данқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» десе, Абылай хан –Төле биді, Шәкәрім – Абайды ұстазым – деп шексіз құрметтеген. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де сол бір адамға қарыздар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.
Бүгінде Бибігүл ұстаздың шәкірттері республикалық, облыстық, қала берді аудандық түрлі конкурстар мен пән олимпиадасының жеңімпазы атанып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ернұр Баянбай есімді оқушы Халықаралық «Весна 2016» жобасында жүлделі І орынды қанжығасына байлап келген болатын. Дәл осы жылы орыс тілі пәнінің мұғалімдеріне арналған республикалық олимпидадан Бибігүл Ысқақова жеңімпаз атанып келді. Жастардың ақылшы ұстазы, жас мамандарға кеңес беруден шаршамайтын еңбекқор ұстаздың бұл мақтау громатоларының бір парасы ғана.
– «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасының сөзі мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеді. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылықпен табандылықтың үлгісін көрсетуші. Сондықтан мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрек қалауыммен таңдағанмын. Сапалы білім негізі әрине ол жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушы бойына сіңіру. Мен өз шәкірттерім мен мақтанамын. Себебі еткен еңбектің, біздер еккен білім нәрінің оқушыға жақсы қасиет болып даруы жасаған жұмыс нәтижесі», – деп ұстаз өз пікірін жеткізді.
Шынында да шәкірттің жетістігі, ұстаздың мерейі. Бибігүл Мұратқызы секілді ұлағатты ұстаздар қатары қалыңдаса, болашақ елдің жастары сауатты ұрпақ болары анық.

Майя ҚОЖАБАЙ
05 қазан 2019 ж. 1 531 0