Мұғалім – мектептің жүрегі
Жақында ғаламтор желісінен Жапония елі туралы ақпаратты көзім шалды. Біздің бір қазақстандық ағамыз сол елге барған сапарынан алған әсері жайлы жазыпты.
Жапон елінде арнайы ұстаздарға арналған күн жоқ, оларда күнде «Ұстаздар күні» екен. Себебі, ұстаз деген ұғымды олар өте жоғары санайды. Мұғалімді қадірлеуге арнайы күн бөлмейді, өмір бойы құрметтеумен өтеді екен. Әлгі ағамыздың жазуынша, арнайы мұғалімдерге арналған дүкендер бар екен, тіпті мұғалім қай көлікке немесе автобусқа мінсе де үлкеннің өзі орын береді. Міне, нағыз құрмет пен ілтипат. Қандай тамаша! Сол тамаша үрдіс жер бетіндегі кез келген елде бар, бірақ осындай дәрежеде ме екен деген сұрақ мазалайды мені.
Ұстаз деген сөздің ұғымы өте кең. Оның негізі мен мағынасы жақсылыққа, өзгелерді қуынышқа бөлейтін, өз баласы болса да, елдің баласына бар жақсылығын аямайтын жандар ғой. Мен енді бой жетіп, енді ғана балалықтан жасөспірім кезеңге аяқ басқалы тұрмын. Осы уақытқа дейін «мұғалімім тек қасымда болса, маған ғана көп мән берсе екен, көп уақыт бөлсе екен» деп ойлайтынмын. «Апайым тек менікі» деген менмендік бар еді. Ал қазір есейдім, апай-ағайларымның тек мені емес, бүкіл баланы жақсы көріп, барлық оқушыға мейірімі мен шуағын төгіп, бәріне бірдей көмек беретінін түсіндім.
Мен ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Ата-анам мен ағам – мұғалімдер. Мен сияқты балалардың ұстаздары. Отбасымызда тәртіп қатал. Неге дейсіздер ғой? Үйде болсын, мектепте немесе басқа жерде болсын ең бірінші – тәртіп пен оқу. «Сен қандай болсаң, біз де сондай боламыз. Жақсы оқушы болсаң, біздің де беделіміз биік болады, нашар оқысаң, бізді де «нашар ұстаз» деп атайды» деп күнделікті айтып отырады. Сондықтан ұстаздар отбасының мүшесі ретінде тек барлық адамгершілік қасиеттерді бойыма сіңіруге тырысудамын.
Кез келген жер бетіндегі адамзат ұстаздың алдынан білім алады, оқу мен жазуды үйренеді, жаман мен жақсылықты айыра біледі, бір сөзбен айтқанда, білім нәрімен сусындайды. Сол ұстаздың арқасында мамандық иесі болады. Мынау дүниеге көзін ашып, жақсылыққа үйреткен ұстазды шексіз сыйлайды, қастерлейді. Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген сөзінің өзі, бұрынғы ғұламаларымыздың да ұстаз деген есімді шексіз ардақтап, қастерлегені.
Мен де өз елімнің ұстаздарын Жапония халқы сияқты арнайы күнді белгілемей, күнде «Ұстаздар күні» етіп, ардақтағым келеді. Ардақтаймын да және оған бар күшімді саламын. Үйдегі ұстаз – ата-анам, мектептегі мұғалімдер – екінші ата-анам.
«Жақсы мұғалім жақсы шәкірт жасайды» деген сөз бар екен. Мұғалімнен жаман шәкірт шықпайды, жаман болғаны адамның өзінен. Кей кезде оқушылардың ата-аналары мұғалімдерді түсінбей, кінәлап жатады. Ал ондай жағдайлар мұғалімге қалай әсер ететінін ата-аналар ойласа екен. Менің отбасым ұстаздар отбасы деп айтып кеткендей анам, әкем және ағам мұғалім. Ата-ана кез келген мұғалімге рухани көмек беріп, тіл табысуы керек емес пе? Бірігіп жұмыс жасаса, үлкен нәтиже болмақ.
Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз ұғым. Кез келген адамның бойында жаман әдет болуы мүмкін. Сол әдеттерден арылтып отыратын осы ұстаз. Бізге білім береді, бізді жақсы көреді, шуағын шашады. Ал сондай адамдарды құрметтемесек, біз кім болғанымыз? Маған даналықты, адамгершілікті, оқу мен жазуды, тіпті өнер мен спортты үйреткен осы ұстаз деген ұлы есімді тұлғаға мың алғысымды айтып, басымды иемін.
Менің кішкентай кезімнен армандайтын мамандығым – атты күтіп баптайтын атбегі немесе мал дәрігері болу. Әкем маған «Қызым-ау, дәрігер немесе мұғалім болсаңшы, қыз балаға мұндай мамандық келіңкіремейді ғой» дегенімен, менің қалаған мамандығымның иесі болуымды тілейді. Мұғалім мамандығын игеру өте қиын. Ол – қиындық пен қызықты сәттерге толы жол. Бірақ менің өз арманым бар. Сол арманға жеткізетін осы ұстаздарым, сол кісілердің арқасында қол жеткіземін.
Құрметті менің ұстаздарым! Мен Сіздерді өте жақсы көремін. Жер бетіндегі барлық адам Сіздердей болсын. Ұстазсыз жер беті қараңғы. Сіздердің еңбектеріңіз ешқашан да еш кетпейді. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі».
Аяулым Іңкәрбекқызы,
№191 орта мектебінің
7-сынып оқушысы
№191 орта мектебінің
7-сынып оқушысы