Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
Мемлекеттік тілді жетік білу – бүгінгі күні әр мемлекеттік қызметшінің міндеті. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытуға әрбір мемлекеттік қызметші өз үлесін қосуы тиіс. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік орган тарапынан халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ең алдымен мемлекеттік тілде жүзеге асыру жөнінде тапсырма берілген. Бұл мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтетін бірден-бір маңызды қадам, өте тиімді бастама.
Атақты тұлғалардың барлығы тілдің тазалығын сақтауға ерекше мән берген. Саналы ғұмырын мемлекеттік тілдің мерей-мәртебесін көтеруге арнаған азаматтар да аз емес. «Ана тілің алпыс тілге татиды», «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін», «Тіл сүйексіз болса да, сүйектен өтеді» деген даналық сөздер осыдан қалса керек-ті. Сол себепті қазақ тілінің көсегесін көгерту өзін қазақпын деп санайтын әр азаматтың ғана емес, жалпы Қазақстан топырағында тұратын азамат атаулыға ортақ міндет.
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеюде. Ел Президенті: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деді.
Бұдан біз елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін анық аңғарамыз. Жергілікті жерде сол жұмыстарға атсалысуға ынталымыз. Сырдария аудандық сотында да іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне ерекше мән беріліп келеді. Сот төрағасынан бастап сот қызметкерлері түгелдей ана тілімізді ардақтау бағытындағы жұмыстарға ерекше жауапкершілкпен қарауда. Бұл біздің ортақ міндетіміз. Қорыта келе, тіл мәртебесі – ел мәртебесі екеніне назар аударып, ана тілімізді ардақтайық дегім келеді.
Тоғжан Маханбетова,
аудандық соттың іс-тіркеуші инспекторы
аудандық соттың іс-тіркеуші инспекторы