Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл тағдыры – ел тағдыры

Тіл тағдыры – ел тағдыры

Еліміз егемендігіне қол жеткізген соң мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып бекітілді. «ҚР Тіл туралы» Заң күшіне енді. Содан бері мемлекеттік тіл мәртебесі жоғарылап, оны дамыту күн тәртібінен түскен емес. Мұны Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» – деп атап көрсетті.
Халықты біріктірудың басты құралы – тіл екені сөзсіз. Қытай философы Конфуций «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді» деген екен. Сол айтқандай, ел бірлігінің, тұрақтылығының сақтаушысы – осы тіл. Оның маңызы, қолдану аясы кеңейіп келеді. Осы тұрғыда аудандық полиция бөлімі мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда бөлімде барлық іс-қағаздар, құжаттар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Халықпен ашық жұмыс үшін фронт офис ұйымдастырылып, тұрғындардың талап-арызы қазақ тілінде іске асырылуда. Сондай-ақ көші-қон қызмет тобы, қызметтік және азаматтық қару айналымын бақылау тобы қызметкерлері мемлекеттік тілде халықпен байланыс орнатады. Тіл тағдыры – ел тағдыры болған соң тәртіп сақшыларының осыған қатысты жауапкершілік әркез талап етіледі.
Мемлекеттік тіл – бірінші байлығымыз, ырысымыз, қазынамыз. Басқа тілді де білу керек. Бірақ ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Сондықтан да өз тілімізге жауапкершілікпен қарайық. Тіліміз – елді, қоғамды біріктіруші қуатты күш екенін еш ұмытпаған жөн.

Айдос АЛМАТОВ,
аудандық полиция бөлімінің кадр саясат
тобының инспекторы, полиция капитаны
28 қыркүйек 2019 ж. 3 522 0