Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілді өркендету – баршаның ісі

Тілді өркендету – баршаның ісі


Тілді өркендету - баршаның ісі. Тіл - тек қарым – қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Елбасы жыл сайынғы халыққа жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан - жақты дамытуды басты назарда ұстап келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шыңдап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бейжай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»,- деген болатын. Сол арманға жету жолында мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. Сонымен қатар, қай тілді қолданатыны азаматтың өз құқығында. Дегенмен, заңмен бекітілген мемлекеттік тілді білу және сөйлеу әрбір азаматтың мәдениетін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 4,13-баптарына сәйкес, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарды жүргізу тілі.
Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі. Әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктеме мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығына ие.
Сонымен қатар, Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдындағы жауапкершілікті ұғындыру, тіл мәдениетін көтеру ортақ парыз. Алайда, бұл өзге тілдерге көлеңке түсірмеуі тиіс. Өйткені, басқа тілдерді де дамытуға мемлекет шектеу қоймайды. Мұның барлығы тиісті заңда көрініс тапқан.
Ал, тіл ұлттық мәселе болғандықтан, оның мерейін асыратында, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде отбасының рөлі ерекше, әр ата-ана балаға уыз шағынан қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл мәселеде өз шешімін табады.

Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық сотының
жетекші маман баспасөз хатшысы

28 ақпан 2019 ж. 1 372 0