Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын есімі ардақталды

Ақын есімі ардақталды

Шаған ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Балдәурен» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Байқау көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналып, оқушылар сыршыл ақынның есімін ардақтады. Іс-шараға ауыл жұртшылығы көрермен ретінде қатысты.

Алғашында балалар жазушысы ретінде танылған, кейіннен үлкен поэ­зияға оралған ақынның 64 кітабы жарық көрген екен. Олардың арасында «Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Алатау баурайында», «Менің Қазақ­станым», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Ақмаңдайлым», «Маржан сөз», «Балдәурен» кітаптары оқырманның жоғары бағасына ие болған. 1982 жылы ақынның «Аспандағы әпке» өлеңдер жинағы мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.

Сөздің мәйегін танитын, мән-мағынасына тереңнен бойлайтын қалам иесіне арналған байқауға облыстың барлық аудандарынан 9-14 жас аралығындағы 15 талапкер қатысты. Байқау шарты бойынша шығармашыл жас­тар алдымен Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығынан бір өлең және еркін тақырыпта бір өлеңді жатқа оқыды. Алдымен үлкен экраннан ақынның өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Сонан соң барлық талапкерлер сахнаға шақырылып, таныстырылды.

Байқау шартына сәйкес талап үде­сінен шығуға тыңғылықты дай­ындықпен келген қатысушылар ақ­ын­­ның әр жылдары жазылған «Күн бата ма?», «Ана», «Жолдас», «Сауысқандар сампылдаса», «Түлкі мен жолбарыс», «Ана тілі», «Көк өгіз көтерген келіншек», «Тауыс неге қызыл-жасыл, қарға неге қап-қара?», «Қандай қымбат», «Домбыра», «Телефонмен жұбатады», «Қожанасырдың мергендігі» өлеңдерін жатқа оқыды. Ал екінші кезеңде өнерпаздар Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Ма­қатаев, Фариза Оңғар­сынова, Төлеген Айбергенов, Несіпбек Айтұлы, Қалқаман Сарин секілді белгілі ақындардың шығармашылығынан өл­ең оқыды.

Байқауға Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының мәдени-демалыс жұмыстарын ұй­ым­­дастыру бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Жүнісова, Сырдария аудандық мә­дениет және спорт бөлімінің бас маманы Ақбота Асанова, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Бибісара Жанәлі қа­зылық етті.

Байқау қорытындысында Ғазиза Жақсылыққызы қатысушылардың көр­кемсөз оқу шеберліктері туралы пі­кірін білдіріп, әрбір өнерпаз өлең оқуда актерлік шеберлік пен мәнерлеп оқуға аса мән бергенін тілге тиек етті. Байқау көркемсөз оқу шеберлерінің арасында ұйымдастырылғандықтан оның негізгі талабы бойынша әр сөзді айқын, түсінікті жеткізу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуына мән берілді. Сондықтан қатысушылардың арасынан нағыз көркемсөз оқудың шеберлері суырылып алға шықты. Нәтижесінде бас жүлде Қызылорда қаласындағы М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінің атынан қатысқан Кәусар Бердібекке бұйырды. Бас жүлдегерге арнайы диплом мен 30 мың теңге тапсырылды. Бірінші орынға және 25 мың теңге сыйлықпен Қазалы ауданы Бозкөл ауылынан келген Кәусар Тасқали лайық деп танылды. Екінші орынмен және 20 мың теңгелік қаржылай сыйлықпен Шиелі ауданының Байсын ауылының оқушысы Жаннұр Нұрланова марапатталды. Үшінші орын және 15 теңге сыйлықпен Шағандық Бекет Нұрислам марапатталды. 10 жастағы Нұрислам байқауға қатысушылардың арасындағы жасы ең кіші қатысушы екен. Ол ақынның «Телефонмен жұбатады» және М.Мақатаевтың «Ана» өлеңін нақышына келтіріп жатқа оқыды. Басқа 11 қатысушыға ұйымдастырушылардың Алғыс хаты және 10 мың теңгелік қаржылай ынталандыру сыйлығы табысталды.

– Мұзафар Әлімбаев – Солтүстік Қазақ­стан өңірінде дүниеге келгенімен, күллі қазаққа ортақ тұлға. Небәрі 8 жасында әкесінен, 13 жасында анасынан айырылып, жетім қалған ақынның есейген шағы екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күніне тұспа-тұс келген. Қан майданда танк бөлімшесінің командирі болған. Соғыс жылдары өлеңдері республикалық, облыстық газеттерде басылған. Соғыс біткен соң Мұзафар Әлімбаев Шығыс Германия жерінде әскери қызметке қалып, елге 1948 жылы ғана оралған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген халық жазушысының өлеңдерін сүйсіне оқымайтын адам кемде кем. Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған әндер саны екі жүзге жуықтайды. Олардың бірсыпырасы әлі күнге дейін сахнадан түспей, белгілі эстрада жұлдыздары орындап жүр. Ел арасында кең тараған әннің бірі – «Маралдым». Өзінің туған жеріне арнаған әнді Роза Рымбаева, «Музарт» тобы, Зарина Омарова, Мөлдір Әуелбекова секілді талантты әншілер шырқап келеді. Сонымен қатар Мұзафар Айтмағамбетұлы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Әнұранының сөзін жазуға қатысқан ақындардың бірі. Қоғам қайраткері 95 жасында дүниеден өтті. Қазақ ұлтының сүйікті перзенті болған ақынға арналған облыстық байқау өткізудегі мақсатымыз – ардақты ақын рухына құрмет көрсету, жастардың өлең оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, жас таланттарды шыңдау. Алдағы уақытта да біз оқушылар арасында түрлі тақырыптық байқаулар ұйым­дастыратын боламыз. Облыс аудандарынан байқауға қатысу үшін ауылымызға келген талапкерлерге, олардың жетекшілеріне шынайы алғысымды білдіріп, шығармашылық сәттілік тілеймін, – деді Шаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Медет.

Облыстық байқау соңында ша­ғандық жас өнерпаз балалар Нұрәлі Серекеев, Кәусар Мейрамбекқызы, Әбунасыр Сәрсенбай, Айшат Орынбасар дайындаған өлеңдерін оқыды. Талапты балалардың болашағы өте зор екені және алдағы уақытта осындай байқауларға қатысуға дайындалып жүргендігі байқалады. Олардың ақын өлеңдерін жатқа оқуға деген ынтасы мен зеректіктері үшін Алғыс хат табыс­талды.

Жақында ғана өмірден өткен белгілі ақын Несіпбек Айтұлы Мұзафар Әлімбаев туралы: «Мұзағаңның қаламынан туған қыруар жырларын айтпаған күннің өзінде, туған елінің әдебиет қоржынына ол салған мол олжа қаншама! «Менің Қазақстаным!», «Естай-Қорлан», «Ту тіккен» поэмалары, «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Маралым» әндерінің мәтінін жазған Мұзафар Әлімбаев есімі қазақ барда ешқашан ұмытылмайды», деген болатын. Бұдан біз қазақ әдебиетінде М.Әлімбаевтың есімі құрметпен аталатынын аңғарамыз. Отыз жылға жуық балалардың сүйікті «Балдырған» журналының редакторы болып, ана тіліміздің дамуына және бүлдіршіндердің дұрыс тәлім-тәрбие алуына лайықты үлес қосқан халық жазушысының есімі мен еңбегін халқымыз әрдайым жадында сақтары анық. Ал Шаған ауылында өткен облыстық байқау жас ұрпақтың бойына шабыт пен патриоттық сезімді сіңіре білді. Байқаудан соң талапкерлер Шаған ауылының көрнекті орындарын аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Оларға аты да, халқының даңқы да еңбекпен шыққан іргелі елді мекеннің тарихы, жетістіктері таныстырылды.


Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
21 қазан 2023 ж. 149 0