Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЛАНТТЫ АҚЫН, ТАМАША АЗАМАТ

ТАЛАНТТЫ АҚЫН, ТАМАША АЗАМАТ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен балалар ақыны, қазақтың көрнекті жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Талантты ақын, тамаша азамат» атты әдеби-жыр кеші өткізілді. Оған №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектептің 3-4 сынып оқушылары қатысты.
Мәдени шараның мақсаты М.Әлімбаев туралы жас ұрпақтың білімін кеңейтіп, балаларға арналған шығармалары мен олардың жазылу тарихымен таныстыру. Ақынның өмірі мен еңбек жолы, шығармашылығынан мағлұмат беріп қана қоймай, оларға мәнерлеп оқу үлгілерін меңгерту. Өз пікірі, эстетикалық талғамы бар сауатты оқырман дайындау. Оқушыларды көркем, шешен сөйлеуге, өз бетімен ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту болды.
Шарада ақынның «Ана тілім ғажап деп айта аламын», «Ұқсастық», «Биіктер» «Өз бағаңды өзің біл» атты өлеңдерін оқушылар жатқа оқып, көрерменді бір серпілтті. Мұнан соң ақынның «Естай-Хорлан», «Менің Қазақстаным», «Ту тіккен» секілді эпикалық туындылары жыр сүйер жұрттың жүрегіне жол тауып, таңдаулы шығармалар қатарынан орын алып, ондаған жылдар бойы ауыздан түспей шырқалып келе жатқан «Ақмаңдайлым», «Өзің де жігіт, қызықсың», «Маралдым», балаларға арналған «Мұғалім – ол біздің», «Көшпелі фонтан», «Бесік жыры», «Қартаймайсың, жан ана» сынды көптеген әндері халықтың сүйікті туындысы болып кеткендігі кеңінен айтылды.
Халықтың ауыз әдебиеті – қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді зерттеп, жинастырған «Маржан сөз», «Мақал-мәтелдер» секілді кітаптары халықтың күнделікті қажетіне пайдаланар дүниесіне айналғаны баршаға мәлім. Ақын қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры жаңылтпаш жазуда да өзіндік із қалдырған. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз балбөбек «Балдырған» журналын 30 жыл басқарып, оның бас редакторы болған. Баламен баланың тілінде сөйлесе алатын ақындар қатарының көшін бастаған ақынның осы журналдың бір санында жарық көрген «Ұмытшақ Үмітхан», «Тәлім өлең» атты өлеңдері оқылып, оқушылар өзара ой бөлісті.
Шара қорытындысында балалар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы М.Әлімбаев Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы, «Алаш» сыйлығының, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, өлең-жырлары әлем елдерінің 38 тіліне аударылған. Оның артында қалған бай мұрасын оқырман қауым сүйсініп, іздеп жүріп оқиды, – деді кітапхана меңгерушісі. Оқушыларға «Бала деп соққан бауырмал жүрек» атты кең көлемді кітап көрмесі таныс­тырылып, әдебиеттерге шолу жасалды.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ
21 қараша 2018 ж. 1 118 0