Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел қадірлеген ардақты азамат

Ел қадірлеген ардақты азамат

Құт қонып, бақ дарыған қасиетті Сыр елі – иісі қазаққа белгілі талай тұлғалар мен еңбек ерлерінің құтты мекені. Аудан экономикасының дамуына, жаңғыруына, тұрмысының жақсаруына, мәдениеті мен руханиятының байи түсуіне, ел қызығатындай өл­кеге айналуына адал еңбегімен үлес қосып, маңдай терін төккен азаматтар да жетерлік. Осындай нар тұлғалы азаматтың бірі де бірегейі – Әділ Атақаев еді.

«Адамның есімі – жарты ғұмыры» деп білетін дана халқымыз жаңа дүние есігін ашқан сәбиге ат қойып, айдар тағуда ерекше мән мен мағына бар деп білген. Кісінің есімі оның бүкіл ғұмырына әсер етіп, тағдырының салмағын саралайды деп түсініп, түйсінген. Біздің кейіпкеріміз Әділ Атақаевтың да есімі жайдан-жай қойылмаса керек-ті. Ата-анасы халыққа адал қызмет етсін, әділетті болсын деген мақсатпен 1933 жылы дүниеге келген ұлдарына Әділ деп ат қойған. Аудан экономикасын жандандырып, аудан атын республика көлемінде асқақтата білген ардақты азамат расында да әділдіктен бақыт тауып, саналы ғұмырын еңбекке арнаған.

Нақтырақ айтатын болсақ, Әділ Атақайұлы 1933 жылы Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылдық округінде туған. Ол кезде бұл елдіме­кен Далакөл деп аталған екен. Жастық шағы, балалық балдәурені осы мекенде өткен ауыл баласы жастайынан еңбекке, адалдыққа, тазалыққа жақын болып өскен. Арғы атасы Алашадан Алтыбас, одан Ырысқұл, Ырысқұлдан Тауасар, Жаужығар, Таңатар туса, Жаужығардан Қыстаубай, одан Лақ, Қошқарбай, Мықтыбай, Жұпар, Мықтыбайдан Мәмбет пен Егізбай туады. Мықтыбайұлы Мәмбеттен Сүйіндік, Жүсіп, Сағынтай, Ауықбас, Атақай, Рысымбет, Мәмбетұлы Атақайдан Жақыпбек, Әбдірей, Ибрагим, Әділ, Нәби, Әбендер тараған. Міне, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, атадан тараған ұрпақтың бір тармағы – осы біз сөз еткелі отырған Атақайбаласы Әділ. Атасы  Мәмбет әйгілі Петербор қаласында оқып, білім алған. Орынбор қаласында әскери қызмет атқарып, шен тағып, шекпен киген сауатты азамат болған. Орыс тіліне жетік болғаны сол, бұл тілді білмейтін қазақ қандастарына үлкен көмегі тиген, халқының намысын қорғаған азамат деседі. Ресей патшасының орденін тағып, патша қолынан марапатталған, кезінде Шоқан Уәлихановпен аралас-құралас болған деген деректер бар қолымызда. Ал кейіпкеріміздің өз әкесі Атақай да медреседе оқып, дәріс алған, көзі ашық, көкірегі ояу жан болыпты. Ол заманда білім алу, кәсіп қылу бүгінгідей емес, қиынның қиыны. Сондай қиындықтарға қарамастан, еңбекке бір табан жақын болған әке ұсталық, зергерлік кәсібімен елге танылып, ерте жастан еңбекке етене араласқан. Әкесінің есімі – Атақай болса, анасы Зибагүл Әлиқызы – есентемір руының қызы. Әділдің әкесі революция тұсында әкесінің әскери адам болғаны үшін жауапқа тартылған. Әкеден жастай жетім қалған қаракөз, қарадомалақтарды Зибагүл әже бағып, өсіріп, жетілдірген. Ұлдың үлкені Жақыпбек болса, кенжесі – Әділ. Ортада ұл балалармен бірге Болар есімді бір қыз бала бар. Зибагүл әже өте көрікті, зейінді кісі болған деседі. Анасы туралы Әділ Атақаев «Анамыз марқұм мешіттен сабақ алғандықтан да құран сүрелерін жатқа білетін, діни жөн-жоралғылардан хабары мол, ораза, бес уақыт намазын толық орындайтын. Өзінің білгендерін құлаққа құйып отыратын және оны еске сақтау керектігін міндеттейтін» деп жазады.

Көрегенді, көзі ашық, дана әке мен анадан тарап, тәлімін көріп өскен азаматтың жаман болуға хақы да жоқ. Біз әңгіме арқауы етіп отырған кейіпкеріміз Әділ Атақаев та еңбегімен елге сыйлы болған, Тереңөзекті бүкіл республикаға танытқан әділ, адал еңбегі халық аузында аңызға айналған азамат болған.

Кейіпкеріміз 1957 жылы Ташкент ауылшаруашылығы институтын оқып бітіріп, еңбек жолын өзі туған Сыр елінен бастаған. Жастайынан еңбекке араласқан оның алғашқы еңбек жолы аудандық ауылшаруашылығы басқармасында бас агрономдықтан бастау алды. Кейін адал еңбек пен үздіксіз алға жылжудың нәтижесінде Тереңөзек күріш кеңшарында бас агроном қызметіне дейін көтерілген. Әділеттен жаралып, адалдықтың ақ туы астында маңдай терін төге еңбек еткен Әділ ағамыздың кеңшар директоры қызметіне сайланған 1963 жылдары облыстағы күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Дәл сол жылдары Сыр өңірінде арнайы «Главриссавхозстрой» мекемесі ашылып, күріш өндірудің барлық мәселесі қайта қаралды. Кейін дала даңғайыры Ыбырай Жақаевтың «Жас ұрпаққа сәлем хаты» жолданды, облыста «Жақаевшылар қоз­ғалысы» етек алды.  Қажырлы еңбектің арқасында 100 центнерден жо­ғары өнім алатын диқандар көбейді. Нәти­жесінде 80-жылдары күріш көлемі 100 мың гектарға дейін өсті. Бұл – үлкен жетістік, мәртебе. Сыр өңірі республикада өндірілетін күріштің 80 пайызын, одақ бойынша 20-29 пайызды үлес етті. Міне, осындай жаңашылдықпен тұспа-тұс қызметке араласқан Әділ Атақаевтың күріштен тау тұрғызуда еткен еңбегі оразан зор деп айта аламыз. Ақ маржанның аудан абыройын асқақтатып, қамбаны толтыруында, ол атқарылған істің бүгінгі тарих болып қалуында Әділ ағаның еткен еңбегі зор болды.

Әділ Атақаев есімі бүгінде Сыр жұртшылығына етене таныс. Абзал азамат кеңшарға директорлық еткен он үш жылда ауыз толтырып айтарлықтай жаңашылдықтар орын алған. Оның бәріне еңбекпен есейген жанның оған дейін де қара жұмыстан қол үзбей, қарапайым еңбеккер бола жүріп, халықпен, елмен тығыз байланыста болуы, жер мен су жайына қанық болуы сеп болса керек. Тіпті қатал басшы, талапшыл аға буын ретінде сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаевтың өзі «Бізге мына Әділ Атақаев сияқты білікті, іскер маман керек» деп еңбеккерлігін жоғары бағалаған екен. Сондай-ақ сол тұстарда кеңшар жарыстардың жеңімпазы атанып республиканың «Алтын кітабына» жазылған екен. Екі мәрте республиканың ескерткіш Қызыл туына да ие болған. Республика компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев үш рет шаруашылықта болып, жүйелі жұмысымен танысып, 1967 жылғы республикалық ауыл­шаруашылығы кеңесінде Тереңөзек күріш кеңшарын «республика көле­міндегі ең үлгілі шаруашылық» деп атаған. Бұндай зор жетістік кеңшар төрағасы Әділ Атақаевтың жалынды еңбегінің жемісі екені анық. Ерен еңбек лайықты еленіп абзал азамат екі рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен, бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің бір­неше алтын, күміс медалімен, төрт дүркін мерекелік медальдармен, бірнеше үкімет наградаларымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан компартиясының ХІІІ съездіне делегат ретінде қатысқан Әділ Атақаевтың сол кездері кеудесінде жарқыраған медаль-ордендері мен жұмыс үстеліне толған мақтау қағаздарының бәрі өз иесін тапқан лайықты марапаттар екені анық.

Еңбекпен есейіп, бақытты еңбектен тапқан азамат Күлән Әбиқызымен шаңырақ көтеріп, екі ұл, төрт қызды өсіріп, тәрбиелеген. Балаларына адал еңбек пен азаматтықты үлгі еткен жандардың тәрбиелеп шыққан балалары  үлкен өмірге қадам басып, бәрі де елдің игілігі үшін еңбек етіп, ұрпақ жалғастырған жайы бар. Бүгінде әрқайссы ата жолын жалғап, ата-анасынан алған тәлім мен тәрбиені өз ұрпақтарына өнеге етіп келеді. Ұлдары Шарапат, Нұрақат, қыздары Фатима, Айша, Бекзат, Шолпан әке мен ана жолын жалғаған. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген, сірә, осы болса керек.

Осындай саналы, өнегелі өмір сүріп, артында мәңгі өшпейтін іс қалдырған Әділ Атақаев 1994 жылдың қыс мезгілінде дүниеден өткен. Табиғатқа қиянат жасамай, болашақ ұрпаққа Алланың сыйын саф күйінде қалдыруды мақсат еткен азамат егде тартқан кезінде де білім алып, ізденуден талмаған. Ол 1991-1993 жылдары Ислам медресесінде сырттай оқып, оны үздік аяқтап, аудан имамы болып, жұртшылықты имандылыққа үндеген. Халықты дінге насихаттау бір жағынан азаматтық парыз болса, екінші жағынан анасының өтініш-тілегі әрі өсиеті сеп болған. «Мен кенже бала болғандықтан ба, менімен бірге тұратынын білдіріп, маған үш шарт қойып, өсиет жасады. Оның біріншісі – ішімдік ішуге тыйым салды. Екіншісі – сырттан үйленбеуді талап етті. Екі өсиетінің орындалғанын көзі тірісінде көріп, ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді» деп жазады еңбекпен есейген азамат анасы туралы естелігінде. Ал әзиз ананың баласына айтқан үшінші өсиеті – дін жолын ұстану, өзінің артынан жиі құран бағыштап тұру болыпты. Ана өсиетін бұлжытпай орындап, ақ жүріп, адалдықтың туын тіккен азамат шеше сөзін әркез кейінгі ұрпаққа бағыттай жүрген екен.

Биыл Әділ Атақайұлының туғанына 90 жыл толып, Сыр елі үшін айтулы даталардың бірі болып отыр. Қолға қалам алып, еңбек даласында өзіндік орны мен айқын қолтаңбасы қалған азамат жайлы ой тербегенде қолымызға түскен деректің барлығы кейіпкеріміздің нағыз нар тұлғалы азамат екенін аңғартып тұрды.

А.Ибрагимұлы
07 қазан 2023 ж. 192 0