Абырой биігіндегі Атақаев
Қай заманда, қай қоғамда болса да саналы адамға жүктелер міндет жеңіл емес. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарған адамды халық азамат дейді. Өмірдің заңдылығы сол, бұл теңеу екінің біріне беріле бермейді. Сондықтан халық жүктеген міндетті абыроймен атқарып, елдің сеніміне селкеу түсірмеген азаматтарды ардақтау, еңбегін насихаттау ортақ парыз саналады. Сондай абыройлы азаматтардың бірі де бірегейі – ауданымыздың тумасы Абдолла Атақаев.
Сонау 1955 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген А.Атақаевтың есімі бүгінде аудан жұртшылығына етене таныс. Әкесі Нәби мен анасы Дүрданадан тараған ұл-қыздың ішінде ер баладан үлкені Абдолла жастайынан алғыр, белсенді болып өскен екен. Өмірдің ақ-қарасын ісімен де, сөзімен де айқындай білетін данагөй аталары жас баланы жанынан тастамай, ұлағатты әңгімелер мен тағылымды естеліктерді санасына сіңіргенінен болар, кейіпкеріміз қоғамдық қызметтерге ерте араласты. 1972 жылы Шағандағы орта мектепті бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға аттанды. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының сырттай оқу бөліміне құжат тапсырып, инженер-электрик мамандығын алып шықты. Еңбек жолы «Тереңөзек» совхозында механизатор-электрик болып басталды. Тапсырылған жұмысты тиянақты орындай білетін жас жігіт 1973-1975 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді.
А.Атақаевтың әскерден оралғаннан кейінгі еңбек жолы «Тереңөзек» совхозында жалғасып, ол көп өтпей совхоздың комсомол комитетінің хатшысы қызметіне кіріседі. Бұл қызметті екі жылға жуық уақыт абыроймен атқарады. Жалынды жастардың жетекшісі атанып, өмірдің үлкен мектебінде шыңдалады, тәжірибе жинақтайды. Бүгінде алпыстың асқарына шыққан азамат тұлға болып қалыптасу жолында және жастарды еңбекке баулуда комсомолдың сіңірген еңбегі зор екенін мақтанышпен айтады. Ал, ауыл жастарының көшін бастаған А.Атақаев 1979 жылдан бастап жастардың бел ортасындағы қызу да қызықты еңбегін аудан орталығында жалғастыруға мүмкіндік алады. Бұл қызметке оны парторг Кенжебек Аяповтың шақырғаны да тағылымды тарих. Атап өту керек, кейіпкеріміз Қазақстан ЛКСМ Тереңөзек аудандық комитетінің хатшысы ретінде 1979-1983 жылдары Алматы қаласында өткен республикалық семинарларға бірнеше рет қатысқан. Отыздың о жақ, бұ жағындағы сол кездегі жалынды әрі белсенді жастар Қожахмет Молдахметов, Бақытбек Ибрагимов, Төлеген Рахметов, Жұмакүл Айкупешовалармен бірге атқарған қажырлы еңбегі қазір тарих қойнауына енді. Жас күнгі ізденіске толы жемісті еңбегінің еленгені болар, А.Атақаев небәрі 28 жасында халықтық бақылау комитетінің инспекторы болып тағайындалады. Әділ басшы Төлеген Әбілдаевтан көп тәжірибе үйренеді, білімі де толыса түседі. Ол кезде халықтық бақылау комитеті мекемелердің қаржы-экономикалық есеп-қисабынан бастап атқарған жұмыстарын, жоспарлардың орындалу барысын қатаң тексеретін. Бұл қызметті екі жыл атқарып, білімі мен білігі ұштасқан тұста А.Атақаев «Тереңөзек» совхозының кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде жемісті еңбек жолының тағы бір белесін бағындырады. Шаруашылықта Қозтай Әбуов, Әділ Атақаев, Шамахан Құндызбаев, Аббас Камалатдин, Сейілбек Асқаров, Қожабек Дәдікбаев секілді ардақты азаматтармен бірге тығыз жұмыс жасайды.Бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылдың «Күріш фабрикасы» атануына зор еңбек сіңіреді.
Өзінің еңбегімен, ізденісімен жауапты қызметтерді дұрыс атқара білген, кеңестік кезеңнің тәртібін, тәрбиесін көрген А.Атақаев өмір жолында мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованы өзіне ұстаз санайды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаның атқарған жұмыстарын әркез айтып, насихаттап жүргенді жөн санайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ауданымызды басқарған А.Божанованың ұсынысымен 1995 жылы аудан әкімінің кеңесшісі қызметіне кіріскен Абдолла Нәбиұлы халықтың қолдауымен 1995 жылдың шілде айынан бастап Тереңөзек аудандық мәслихат депутаттары жиналысының хатшысы, оның ішінде төрт рет аудандық мәслихаттың хатшысы болғанын зор мақтан етеді. Әр төрт жыл сайын қайта жасақталатын мәслихат биыл жетінші рет шақырылса, соның төрт шақырылымында А.Атақаев өкілді органның жұмысын үйлестірген. Түсіне білгенге бұл үлкен еңбек және сол еңбектің уақытылы бағаланып, кейінгі буын жастарға үлгі етілгені маңызды. 1995 жылдан бастап 2012 жылға дейін 17 жыл бойы аудандық мәслихаттың жұмысын, депутаттардың қызметін үйлестіру, халық пен билік арасында дәнекер болып, мәселелердің шешілуіне атсалысу білім мен тәжірибені талап етеді. Бұл жылдар арасында елімізде қаншама заң қабылданды, облыста, ауданда көптеген шешімдер бекітілді, бірнеше әкім ауысты, жаңа заман талабына сай жұмыстар жүйесі де өзгерді. Мәслихаттың мерей-мәртебесін арттырған А.Атақаев мұның бәрін халықпен, сайлаушылармен бірге көрді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезімде аудандық мәслихаттың хатшысы А.Атақаевтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихат сессияларына қатыстым. 2, 3, 4 шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен өтетін сессия жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылатыны әлі көз алдымда. Абдолла Нәбиұлы күн тәртібіндегі барлық мәселелерге ерекше мән беріп, баяндамашыларды тыңдап, оларға сұрақ қойып, барлық саланың даму жоспарларын назарда ұстайтын. Тұрақты комиссия отырыстары мен сессиялар барысында бюджет, ауданның даму бағдарламасы, сайлау мәселелері, әлеуметтік сала мәселелері талқыланғанда өткір ұсыныстар айтатын. Оның ішінде мектептердің техникалық базасын жақсарту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, озат оқушылардың облыстық, республикалық білім бәсекелеріне қатысуына қолдау көрсететін. Тереңөзек кентінің шекарасын қайта анықтау мен кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, көгалдандыру, табиғатты қорғау, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жоспарларын қалыптастыру мәселелері талқыланғанда да тұрғындардың мүддесін бірінші кезекке қойды. «Мәслихат мектебін» қалыптастырып, депутаттық корпустың жұмысын төрт шақырылым бойы тиімді ұйымдастырды. Бір сөзбен айтқанда, Абдолла Нәбиұлының мәслихат хатшысы ретіндегі кәсіби біліктілігі, қарым-қабілеті менің санамда жатталып қалды.
Депутаттық қызметтен бөлек кейіпкеріміз әкімдік қызметті де атқарды. 2012-2014 жылдары Қоғалыкөл ауылын, 2014-2015 жылдары аудандағы ең үлкен ауыл Шаған елді мекенін басқарды. Қос ауылда А.Атақаевтың ұйымдастыруымен жүйелі жұмыстар жүргізілді. Кәсіпкерлік, ауылшаруашылық салаларында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Елді мекендердің тынысы кеңейіп, тұрғындардың мәселелері оңтайлы шешілді. Мұның бәрі азаматтың іскерлігінің, үлкен-кішімен тіл табыса білетінін, білімі мен білігін аңғартса керек-ті. Түптеп келгенде, жемісті жұмыстардың негізі тәртіпке, тәрбиеге, тектілікке байланысты.
Қызметте жоғары белестерді бағындырған азамат үлкен әулеттің тірегі, балалары мен немерелерінің арқасүйері атанды. Жолдасы Гүлнәр Бекмырзаевамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп отыр. Алпыстың асқарына шығып, ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған, төрт шақырылымда аудандық мәслихаттың хатшысы болған Абдолла ағамыздың атқарған қызметтері, жемісті еңбек жолы бүгінгі депутаттарға үлгі-өнеге. Мәслихаттың майталманы атанған ардақты ардагерді аға буын өкілі ретінде құрметтейміз.
Халқымызда «Азамат абыройы – еңбегімен өлшенеді» деген ұлағатты сөз бар. Біз бүгінгі мақаламызда А.Атақаевтың еңбегін лайықты бағалап, дәріптеуге тырыстық. Аға буын өкілінің еңбек жолына қалам тербеуіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де ұштасады. Әр елдің, әр жердің тұтқасы болған, арқасүйері атанған азаматтарға құрмет – адал еңбекке құрмет. Лайым, алпыстың асқарына абыроймен шыққан Абдолла Нәбиұлының дені сау болсын! Ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көре берсін!
Ержан ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық
мәслихатының хатшысы