АБЫРОЙ ТҰҒЫРЫНДАҒЫ АЗАМАТ
Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу арқылы абырой тұғырына көтерілген Елтай Тыныштықбаев – еліне еңбегі сіңген айтулы азамат.
Болмыс-бітімі бөлек, өнегелі өмір иесін туған жердің нағыз жанашыры десек әсте қателеспейміз. Біз ол кісінің жұмыс барысында атқарған нәтижелі қызметін, ел үшін еткен еңбегі мен төккен терін және жұмыс жасау тәжірибесін көзімізбен көрдік.
Мен Елтай Байназарұлын жас кезінен бастап танимын. Шаған ауылында туып өскен азаматтың есімі ерте шықты. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, қоғам мүшелерінен жоғары баға алды. Ұстаздарының үмітін ақтап, аудан көлеміндегі білім бәсекелерінде топ жарды. Білім алуға ұмтылған ерекше құштарлығымен қатар, спортқа деген қызығушылығы оны өзгелерден ерекшелеп тұратын. Жалынды жастың арман-мақсаты биік, жоспарлары нық болатын. Біз, көршілес Ақжарма ауылының жастары шағандық Елтай Байназарұлына қызыға қарайтынбыз.
Өсе келе біздің сырттай таныстығымыз достыққа ұласып, байланысымыз арта түсті. Жастардың үлкенді-кішілі басқосуларында кезігіп қалатынбыз. Оның үстіне Ақжарма мен Шаған іргелес жатқан ауыл болғандықтан бір-бірімізге жиі қатынайтынбыз. Алайда, үлкен өмірге қадам басып, жұмыс бағыттарымыз айқындалғанда ол кісі су шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттік.
Еңбек – әлемнің әміршісі екені анық. Халқымыздың бұл даналық сөзінің мәні мен маңызы зор. Еңбекпен есейген біз үшін маңдай термен тапқан нанның қадірі ерекше. Жас кезімізді егін даласына арнадық. Мен бригадирлік қызмет атқардым. Ақжарма ауылына келген мәртебелі меймандар біздің бригадаға ат басын тіреп, жұмысымызбен танысатын. Қателеспесем, 1967 жыл еді. Шаруашылық басшылығы тарапынан «облыстан меймандар келеді, атыз басында жиын өтеді» деген хабар түсті. Әдеттегідей, атыздарды аралап, Сыр салысының бабын жасауға кіріскенбіз. Көп кешікпей бір топ азамат та келіп жетті. Арасында Елтай Тыныштықбаев та бар екен. Ол кісі механизатор, күрішші, сушылармен бұрыннан таныс адамдай жылы амандасып, жиынның мақсатын түсіндірді. Сөйтсек, бұл кезде ардақты азамат облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүр екен.
Сол күнгі жиында көптеген келелі мәселелер сөз болды. Ауыл шаруашылық саласын дамыту бағытындағы жоспарлар таныстырылды. Білімді, білікті азамат біздің ұсыныс-пікірлерімізді тыңдап, жазып алды. Көп өтпей Ақжарма ауылында егіс көлемі артып, жаңа техникалар алына бастады. Бұл өз ісінің білгірі атанған Елтай Байназарұлының ауданға жасаған үлкен қамқорлығының арқасында мүмкін болған игіліктер екенін кейіннен білдік.
Жасыратын жоқ, менің өмірімнің көп жылдары егін даласында өтті. Ал, Елтай Тыныштықбаев облыстық деңгейде лауазымды қызметтер атқарды. Бірде су шаруашылығы саласының тізгінін ұстап, жұмыс сапасын арттырса, енді бірде партия комитеттерінде хатшылық қызметтер атқарып жатқанын еститінбіз. Қала орталығындағы жиындарда биік мінбеден сөз сөйлеп, пайымды пікірлерін ортаға салғанын, нақты ұсыныстар айтқанын да көрдік. Ол кісінің айтқан ұсыныстары қоғам үшін тиімді болатын. Сол себепті, партия комитеті тарапынан қолдау тауып, жұмыс барысына енгізілетін. Елтай Байназарұлының өңірге сіңірген ерен еңбегінің бірі – Қызылорда облысының күріш өсіруші аймаққа айналуына қосқан үлесі. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы ретінде күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтарға көп көмек берді. Соның негізінде Одақ күрішінің төрттен бір бөлігі Сырдарияның төменгі ағысында өсіріліп, өндірілді. Бұл ұғынған жанға үлкен еңбек.
Қай саланы басқарса да бедел биігінен түспеген Елтай Тыныштықбаев отбасында асыл жар, ардақты әке бола білді. Ұл-қыздарының білім алуына, өмірден өз орындарын табуына барлық жағдайды жасады. Өмірлік серігі Рахима кеңпейілді, ақжарқын, қарапайым да жайдары жан болатын. Ал, ұрпақтары ел дамуының әралуан саласында жемісті еңбек етіп, ардақты азаматтың абыройын асқақтатты. Бір сөзбен айтқанда, «Елдің Елтайы» атанған абзал жан саналы ғұмырында абырой тұғырынан түскен жоқ.
Ширек СҚАҚОВ,
ауылшаруашылық саласының ардагері, «Сырдария
ауданының Құрметті азаматы»